Ғылымның дамуы - өркениетті қоғамның өрлеуі

3045
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден

Мемлекеттің дамуы білім мен ғылым, жаңа технологиялардың даму көрсеткішіне байланысты. Бүгінде еліміз өркениеттің көшінен қалмай, білім мен ғылым саласын дамытуға ат салып келеді. Өйткені, “ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр” деп Әбу-Насыр әл-Фараби бабамыз айтқандай, ғылым мен білімнің кенде қалуы түрлі экономикалық, әлеуметтік мәселелерді туындатуда. Ал ғылымды дамыту үшін не істемек керек?

Белгілі ғалым, абайтанушы, жазушы, филология ғылымдарының доктары Омар Жәлелдің айтуынша, экономикаға пайда әкелу үшін ғылым мен өнерге көңіл бөлген абзал. Ол үшін мемлекеттің белді кәсіпкерлері білім мен өнерді қолдауы қажет.

“Ірі мемлекеттің сүйегін жасайтын, экономикаға пайдасын әкелетін кәсіп, ол - өнер мен ғылым арқылы болады. Бұрын Түркияда кәсіпкерлер ғылым мен білімге ақша бөлмейтін болған. Кейіннен ғалымдар шығып, кәсіпкерлерді көндірді. Түрік кәсікерлері жаппай ғылым мен білімге ақша бөле бастады. Содан кейін Түркияның экономикасы дами түсті. Міне, кәсіпті өркендету үшін ғылым мен білімге көңіл бөлген абзал.

Ғұмар Қараш:  “Ғылымсыз, өнерсіз кәсіп жоқ” дейді. Өйткені, бүкіл әлемнің экономикасын ұстап отырған мемлекеттердің кәсібінің негізінде  ғылым жатыр. Ал біздің экономикамыз шетелдік экономикаға тәуелді. Біздің ресурстарымыз дамыған өнерлі елдердің жеміне айналып отыр. Содан құтылу үшін бізге ғылым қажет. Ал ғылымға көп инвестиция бөлу керек”, - деді Омар Жәлел “Адырна” ұлттық порталына берген пікірінде.

Ал химия ғылымдары бойынша PhD доктарант, ұстаз Аятжан Ахметжанұлы ғылымды дамыту үшін Қазақстанда ғылыми зертханалар жетіспейтінін айтты. 

Қазақстанның ғылым саласының даму қарқыны нашар. Бізде ғылымның жағдайы мүшкіл деп айтуға болады. Ал отандық ғылымның жетістіктерін ілгерілету үшін ең алдымен, ғылыми зертханалар мен лабораториялар қажет. Өйткені, ғылымды дамыту үшін зертханалардың жабдықталуы көп пайдасын тигізеді. Ал олар біздің елде жетіспейді. Оқу орындарының лабораториялары бүгінгі заман талаптарына жауап бере алмайды. Соған қарамастан, жас ғалымдар мен зерттеушілерге мемлекет тарапынан соңғы жылдары жақсы жобалар жасалып жатыр. Алайда, бір қынжылтатыны ғылымды басты назарға алып, көңіл бөлмейтіндігіміз”, - деді Аятжан Ахметжанұлы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы ғылымды қаржыландыру көлемі жалпы ішкі өнімнің 1%-на жеткізу қажет екенін айтқан еді. Одан бөлек, ол үкімет ешкімге қызықсыз, маңызы жоқ зерттеулерге қаржы бөлмейтінін де ескертіп өтті. Бұл арқылы ғалымдардың саны емес, сапасы маңызды екенін аңғарта алды.

Соңғы жылдары ғылымда бірқатар өзгеріс орын алды. Мәселен, ғалымдардың жалақысы өссе, жас ғалымдарға қолдау шаралары арта түсті.  Одан бөлек, білім мен ғылымды дамудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекет бағдарламасы іске асуда. Онда ғылымның дамуына кедергі келтіретін бірнеше көкейкесті мәселелердің шешу жолы мен атқарылтын іс-әрекетер міндеттелген және бүгінде жүзеге асып жатыр.

Қазақстанда қазіргі кезде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын 396 ұйым бар. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, елде қазір 22 665 ғалым мен зерттеуші жұмыс істейді. Ал олардың 35%-ның ғылыми немесе академиялық дәрежесі бар. Осыдан-ақ, Қазақстанның ғылымының даму сатысына аяқ басқанын аңғаруға болады. «Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі», деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, өркениетті қоғам құрғымыз келсе, білім мен ғылымнан өзге елдерден озық болуға ұмтылуымыз керек. 

Пікірлер