Сөз шеберлері марапатталды

2361
Adyrna.kz Telegram

Шуағы мен шарапатын шашқан, көктемнің көрікті де көркем күнінде Абай атындағы білім ордасында кезекті мәрте сөз додасы өтті. Оған республикалық шешендік сайыстардың жүлдегерлері, "Жыл шешендері" қатысты. Тартысқа толы бәйгеде қатысушылардың деңгейі былтырғы жылға қарағанда өскенін көз көріп, құлақ естіді. Барлығы тапқыр, барлығы ел алдында мүдірмей сөйлеудің сырын ұққан.

Аталы сөздің абыройы асқан аламанда "Ділмар" үйірмесі жаңа сатыға көтерілгенін жаңашылдығымен байқатты. Тек шешендік сайыс қана емес, 8-сыныптардың арасында бабалар сөзін жаңғыртып, бүгінгі өмірде қолдану деңгейін анықтау мақсатында көрініс көрсетушілердің де жарысы болды. Тың идеямен тыңғылықты дайындалып, шын шеберлігін паш еткен 8 "Б" сыныбың оқушылары бас жүлдені қанжығалады. Олар көрерменнің жүзіне күлкі де сыйлады.

Қара шаңырағымыздың мұғалімдері мен шәкірттері, жоғары оқу орындарының студенттері мен Алматы облысындағы Абай желілік мектебінің оқушылары бала ділмарларымыздың көсіле сөйлегеніне тәнті болды... Жүйріктеріміз апталар бойы дайындалған бес тақырыпты таңдайы талғанша кемеліне жеткізіп қорғап шықты.

Сөз сайысында
Бас жүлдені — үйірме мүшесі Нұрай Серікжанқызы,
1-орынды — Жалғас Серікболұлы, Шәміл Тимурланұлы
2-орынды Аяулым Айдарқызы, Ақерке Ерболатқызы, Рамазан Нұрланұлы(колледж студенті),
3-орынды — Шыңғыс Ерболұлы, Бақзада Әбдіманапқызы, Болатбек Бағжан(Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ), Бағдар Роза(Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университеті) қанжығалады.

Ұлы даланың рухани мұрасын ұлықтаған, бабалар аманатын ұмытпаған ұлағатты ұрпақты сахна төрінен көру — үлке-ен сын әрі бақыт.. Сол бір бақыттың құсын басымыздан ұшырып алмағанымыз жөн. Айтпақшы, қазылар алқасы мен қатысушыларға және жалықпай, шын ынта-ықыласпен сүбелі сөздің парқына көңіл бөлген көрермендерге ақ жүрегімізбен алғыс айтамыз!

Шәміл Тимурланұлы, "Ділмар" үйірмесінің мүшесі, Абай атындағы РММИ-дің 10-сынып оқушысы.

Пікірлер