Назарбаеваның орны төмендегенімен, Назарбаев кезінде байығандар дәулеті еселенді

2105
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандағы "ұртынан май аққан" байлардың жаңа тізімі жарияланды.  2023 жылы қазақстандық кәсіпкерлердің жалпы байлығы 23,9 миллиард доллар болған. Бұл туралы "Адырна" ұлттық порталы Forbes.kz-ке сілтеме көрсете отырып хабарлады.

Дегенмен деректер қазақстандық дәулетті кәсіпкерлердің жалпы активтерінің төмендегенін көрсетеді. Мәселен, 2022 жылы ауқаттылардың тізіміне енгендердің дәулеті 25,3 миллиард доллар болған.

Forbes Kaspi.kz акционері Михаил Ломтадзені осы жылы Грузияның дәулеттілер тізіміне енгізген. Ал былтыр қазақстандық паспортқа ие болған Тимур Турлов байлығын 900 млн долларға еселеген. Ол байлардың тізімінде 5-орында тұр.

Forbes есебінше, қазақстандық ауқаттылардың тізіміндегі жаңа есім – Orbis Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы Фаррух Махмудов. Ол рейтингтің 22-орнына жайғасты. Компания портфолиосына елдің 12 қаласында 33 АВТО орталығы бар Orbis Auto дилерлік желісі кіреді. Сондай-ақ кәсіпкер «АқсайГазСервис» АҚ-қа иелік етеді.

Құлыбаевтар жұбы бір жылда дәулеттерін 800 млн долларға арттырған. Олар 2 және 3-орындарын сақтап қалды.

Байлығы 590 млн долларға бағаланған Дариға Назарбаева 14-орынға түсті. Ол өз иелігіндегі «DLS Group холдингтік компаниясы» ЖШС арқылы «Аймақ-Медиа» ЖШС, «A-Service Management» ЖШС (Астанадағы 4 жұлдызды «Думан» қонақ үйі) үлестерін иемденіп отыр. Сондай-ақ ұлы Нұрали Әлиевпен (рейтингтегі №29) бірге «Еуропа плюс Қазақстан» ЖШС-ға иелік етеді.

Ал қазақстандық байлардың көшбасында Владимир Ким тұр. Оның дәулеті – 4 млрд 600 млн доллар. Ол KAZ Minerals Ltd-ның 63,5%-ына, Kazakhmys Copper АҚ-ның 70%-ына («Қазақмыс корпорациясы» ЖШС кіреді), «Банк RBK»АҚ-ның 89,71%-ына иелік етеді.

Еске сала кетсек, бүгін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев тілшілердің «Назарбаевтың туыстарының қалай байығаны тексерілуі керек пе?» деген сұрағына жауап берген еді.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер