Қарағанды облысында "Жасыл ел" жауынгерлерінің жалақысы артты

1758
Adyrna.kz Telegram

Қарағанды облысында "Жасыл ел" жастар еңбек жасақтары жауынгерлерінің жалақысы артты. Олар 70-тен 105 мың теңгеге дейін алады, деп хабарлайды Қарағанды облысының әкімдігі.

Өңірде "Жасыл ел" жастар еңбек жасақтарының 19-маусымына қатысу үшін құжаттарды қабылдау аяқталды. 15 наурыздан 15 сәуірге дейін үш мыңнан астам өтініш түсті.

– Бұл жоба – 14 жастан бастап барлық әлеуметтік аударымдармен жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін жалғыз құрал, - деп атап өтті жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Рауан Таран. – Биылғы жылы біз жұмыспен қамтылғандар санын өткен жылмен салыстырғанда шамамен 70%-ға арттырдық. Ең көп жауынгерлерді Қарағанды, Теміртау, Балқаш және Бұқар Жырау аудандарында қамтамасыз ету жоспарлануда. Аталмыш жоба жастарға қаржы табу көзі ғана емес, сонымен қатар өзара қарым-қатынас құру, әлеуметтену, байланыс орнатуды үйретеді.

"Жасыл ел" қатарына қабылдау басымдығы халықтың әлеуметтік осал топтарының балаларына берілді. Жаңа маусымда қатысушылардың 40 %-ға жуығы – көп балалы, толық емес, аз қамтылған отбасылар мен "қандастар" санатындағы жасөспірімдер және жетім балалар, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.


Бағдарламаға қатысушылардың жалақысы да жыл сайын артып келеді. Биыл 14 жастан 16 жасқа дейінгі жауынгерлер 70 мың теңге алады (күніне 4 сағат жұмыс істейді), 16 жастан бастап – 105 мың теңге (күніне 6 сағат). Олар аймақты көгалдандыруға, арамшөптерді жұлуға, гүлдерді суаруға, саябақтар мен гүлзарларды қоқыстардан тазартуға қатысады.

Биыл "Жасыл ел" жауынгерлерінің барлығы жаңа бірыңғай арнайы киіммен қамтамасыз етіледі.
– Бағдарлама танымал, – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. – Біз өтініш бергендердің барлығын жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек. Бұл жастар үшін жақсы тәжірибе. Барлық ұйымдастырушылық мәселелерді ойластырып, оларды бақылауда ұстау қажет.

Сондай-ақ, осы жылдан бастап өңірде пилоттық режимде Jasyl el Qaragandy автоматтандырылған цифрлық ақпараттық жүйесі енгізіледі. Бұл жастардың "Жасыл ел" ЖЕЖ-ға қатысу үдерістерін едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Пікірлер