Ұлы іс - Ұлыс, Наурыз келе жатыр

1906
Adyrna.kz Telegram

«Қыс кетіп, күн шырайы түзелген кезде тәңірідей құдай ел тіршілігіне кеңшілік әкелді деп есептеледі. ...Ескі ауыртпалықтың барлығы қыспен бірге кетіп, енді жаңа үміт, жаңа тіршілік есігі ашылған күн». Қыс қатты болған биылғы жыл туралы айтылғандай бұл сөздерді көп жылдар бұрын Мұхтар Әуезұлы «Сыршылдық салт өлеңдері» атты мақаласында жазған. Ұлы жазушы мақаласын былай деп бастапты: «Наурыз күншығыс халқының көбінің мейрамы болған. Солардың ішінде, әсіресе, көшпелі түркілер арасында арасында ең қадірлі, ең ұлы мейрам болып саналған».

Осы сөздерден көктемді қазақтың жаңа жылдың басы деп неге таңдағанын түсінуге болады. Қазақтар әлемнің табиғи жүйелілігін ежелден түйсінген ел. Ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы Наурыз мерекесі туралы былай деп жазған: «Жаңа жылымыз – ...шын мағынасында Жаңа жыл деп айтуға лайық. Күн жылынып, қар еріп, жан-жануар жаздың жақындағанын сезіп, көңілденген кез. Шаруа адамдарының бейнеттен қолы шешіліп, алты ай қыс баққан арықтарын үмітті күнге жеткізіп, демалып отырған кез. Ағаш шөптер қар астынан сілкініп шығып, гүлденіп жасаруға даярланып, күн де қыстай бір бүйірлеп жүруін қойып жоғары көтеріліп, бүтін ғаламға нұрын шашып, үйсізді үйлімен теңгеріп, бай мен жарлыға бірдей сәуле беруге тұрған кез».

Ұлы ақын Абайдың: «...Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрам болып, наурыздама қыламыз деп той-тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен» деген сөздері де бүгінге жетіп отыр.

Абайдың інісі Шәкәрім Құдайбердіұлы  «Қазақта Жаңа жыл күнінің аты – Ұлыс. ...Жыл басының аты Ұлыс екенінің дәлелі мынау:

Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар,

Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы болар – деген тіпті ескі

мақал» деп жазған.

Ұлыс сөзі шыныда да көне сөз, оның байырғы мағынасы «Ұлы іс» болса керек. Халықты әбден қысқан суық маусымнан соң жеңілдік әкелген табиғаттың жаңаруын, Тәңірінің ұлы ісі деп түсінгендіктен жаңа жылды Ұлы істің бастамасы деп «Ұл іс» атап, кейін бұл «Ұлыс» деген бір сөзге айналған.

Қазақтар көктемді жылдың басы деп қабылдаудан әлі де айнымай келеді. Себебі көктем әлемнің шын мәнісіндегі жаңаруы. Басқа елдер де бұрын көктемді жыл басы деп түсінген. Мысалы: ағылшындар он сегізінші ғасырға дейін жаңа жылды 26 наурыз күні тойлаған. Көрші ел Ресей де христиан дінін қабылдағанға дейін Жаңа жылды наурыз айының 1 күні қарсы алған.

Ал қазақтар ежелден Жаңа жыл көктемнен бастау алады деп білген. Жаңа жылды көктемде мерекелеуінен ешқашан жаңылмаған.

«Наурыз дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы. Наурыз қазақтың ұлы мейрамы болып кеткен. Құрбан айт, ораза айттардан гөрі дені де сау, қадірі де артық». Сұлтанбек Қожанұлы 1925 жылы «Еңбекші қазақ» газеті бетінде «Наурыз туралы» мақаласында осылай деп жазыпты.

«Қазақ жаңа жылы дін әсерінен таза. Бұл күні ешбір құлшылық, дін әдеттері жасалмайды. Бар болғаны – бір-бірімен көрісіп: «Жасың құтты болсын» – дейді». Бұл ақиық ақын Мағжан Жұмабайұлының 1927 жылы «Наурыз» мақаласында жазғаны.

Қазақтың байырғы ата-бабалары ұлыс күні сақал-мұртын түзеп, шаштарын алып, жаңа киімдерін киіп көршілерін құттықтайтын болған. Ұлыстың ұлы күні барлық адамдар өздеріне тілегенін басқаларға да тілейді.

Сол күні құшақтасып көрісіп:

Амансыз ба, ұлыс оң болсын!

Ақ мол болсын, қайда барса жол болсын!

Ұлыс бақты болсын,

Төрт түлігі ақты болсын!

Ұлыс береке берсін,

Бәле-жала жерге енсін! – деп жақсы тілектер тілеген.

Алты күн садақ тартып дайындалып, жетінші күні жамбы атысып жарысатын болған. Кімде-кім бірінші болып, алтын жамбыны атып түсірсе, сол адам бір күн елге патша болуға ерікті болып, оған бүкіл ел бағынған.

Бұл көже ішу – келе жатқан жазбен ұшырасып, қарсы алып, ас ішу ретінен аққа көшу. Көжеге тек бас салып асып жеу – қарлы қыспен, қыс тамағы етпен қоштасу».

Наурыз көжеге басқа да дән-дақылдар қосып пісірген. Оразақын Асқар ағамыз «Бұл көжеде бәрі бар» атты өлеңінде:

Ашық болсын қос қабақ,

Таспен атқанды аспен ат.

Бейтаныс та, таныс та,

Бүгін төрде бас қонақ.

Арпа, бидай, тары бар,

Қатық, малта – ағы бар.

Ішілетін, жейтіннің

Бұл көжеде бәрі бар.

Әрине, қазақтар жаңа жылды қарсы алуда жақсы тілек тілеп, дастархан жаюмен шектелмеген. Жаңа жыл үйге енгенде, «жалғыз шала сәуле болмас» деп үй төріне қос шырақ жағып қоятын болған. «Жаңа жыл таза үйге кірсе, ол үйді ауру-сырқау, пәле-жала айналып өтеді» деп сеніп Наурыз мейрамына дейін үй-ішін тазартқан. «Жыл аққа, дәнге, жауынға көп болсын» деп ыдыстарды сүт, айран, шұбат, шалап, уыз және бұлақтың таза суымен толтырған. Жаңа жыл келер түні бойжеткендер ұнатқан жігіттеріне соғымның етін уызға салып «ұйқыашар» атты тағам пісірген. Бозбалалар өз кезегінде «селт еткізер», «дір еткізер» деп аталатын айна-тарақ, сақина-сырғаларын сүйгендеріне сыйлап өз сезімдерін жеткізген.

Күн мен түннің теңесетін мезгілі, Наурыз мейрамын жаңару деп түсінген қазақ халқы бұл күндері қоғамды жаңартуға әрекет жасаған. Ел басшылары ат құйрығын кесісіп араздасқандарды бір дастархан басына шақырып татуластырған. Жалғыз-жетімдерді ел болып үйлендіріп, жеке отау еткен. «Сүйекке дақ, етке таңба болмасын» деп кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына міндеттеп тапсырып отырған. Жаман жолға түскендерді ел талқысына салып, дұрыс жол көрсеткен.

Қазақ халқының өз елінде ешкімді алаламай, бауырына тартып, тәуелсіз мемлекет құрып жатқанында да, көптеген ғасырлар бойы тойланып келе жатқан Наурыз мейрамының орны ерекше.

Тәңіріміз осыдан жазбағай!

Бердалы ОСПАН.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер