Тыныш мұхит. Жұпар жетпіс

6483
Adyrna.kz Telegram

Сонау студент шағымыз еді. Бір күні Семей жақтан жанартау атқылады. Бұрын да әлденеше рет сыртқа лықсып, тыным таппай жүрген болуы мүмкін. Бірақ бұл жолғы атқылауы жойқын-ды. Жас жанартау. Жырдың жанартауы. Тынши бермейтін жанартау. Әдетте жанартау түгілі жырдың жаңбыры сіркіресе, елең ететін кезіміз. Алты қырдан алпыс құлан қайырып, Алматыны шулатып жүретін арқалы ақындардың арасында жоқ еді ол. Өзінің өсіп-өнген өлкесінде өлең өріп өмір кешіп жатқан көрінеді. Содан Алатаудың етегін жайлаған елу бақсы, сексен шайырдың бір құлағы Семейге қарай үнемі түрулі болды.

Сондағы Тыныштықбек ақынның сөзбен салған суреті мынау еді:

Не деп саған жазайын,.. қой қоздаған,
Тау мөңіреп, аспанда Ай боздаған.
Жұлдыздар да түрткілеп түйсігімді,..
түсініксіз діріл бар бойда аздаған.

Не деп саған жазайын,.. төбет үрген…
Сандырақтап Түз жатыр көне тілде.
Аш байғыздар пәлекет шақырады,
осы түнде қырылып өлетіндей.

Не деп саған жазайын,.. көк өспеген.
Өмір сүріп жатырмыз елеспенен.
Тірі тышқан көрмеген тарғыл мысық
даңғырлатып ойнайды тегешпенен.

Сұқ саусағы әр қойын санап бағар
Қойшы қойды қораға қаматпаған.
Түн қылауын қидалап құлағымен,
осқырынып қояды торы ат маған...

Ол сол арқылы поэзия пейзажының жаңа тұрпатын жадымызға жаттатты. Санамызға сіңірді. Ойымызға орнықтырды. Миымызға мінгізді. Сол мінгеннен мол мінді...
Оның аты Тыныш болғанымен, заты тыныш емес-ті. Семейінде жай жатпады, жырғап жатты. Қазақ өлеңін ішінен де, сыртынан да түрлендірді. Адам айтқысыз эксперименттер жасады. Жыр ағыны мен ой ағынының қос бұйдасын қатар ұстады. Жырдың шалқымасынан ойдың аңқымасына дейінгі жанкешті жолдан өтті. Атамекенін тастап Алатауды қоныс қылуға қызыққан да жоқ. Тұрпаты бөлек, тынысы ерек Тыныштықбек Әбдікәкімұлы Қарт Семейді саялап, Қарт Мерейді аялап, қара өлеңді маялап, мағыналы ғұмыр кешіп келеді. Бір кездегі Тыныш бұлақ, Тыныш қайнар қазір кемерінен асып төгілген Тыныш мұхитқа айналды. Қазақ поэзиясының Тыныш та Тынық мұхиты!

Бүгін бір мұхитты тербеттік. Төрт мұхитты түгелдемей-ақ қояйық... Жер-әлемді де, жыр-әлемді де жалт қаратқан жайдары жұпар жетпісіңіз құтты болсын, аға! Толғана беріңіз, толғай беріңіз, тереңдей беріңіз!

Бауыржан Омарұлы

Пікірлер