Қарағандыда тағы балалар уланды. 1 бала қайтыс болды, алтауы жансақтау бөлімінде жатыр

1897
Adyrna.kz Telegram

Қарағанды облысында қайтадан балалар уланды.  Облыстағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалардың жаппай улану дерегі тіркелді. Улану кесірінен бір бала көз жұмды, 6 бала жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Балалар 30 шілде күні өзін нашар сезінген. алдымен орталықтағы екі бала әлсіреп, денсаулығына шағым айтқан. Құсып, іші өткен. 31 шілде күні осы мекемедегі тағы 10 баладан ұқсас белгілері бар дерт анықталып, ауруханаға жатқызылды.

«Дәрігерлер жедел шаралар қолданғанына қарамастан балалардың бірі қайтыс болды. Бүгінгі таңда алты бала реанимацияда. Қалғандары дәрігерлердің бақылауында», - деп мәлімдеді Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ауруханаға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барған. Оның облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен және емдеуші дәрігерлермен жедел кеңес өткізгені айтылады.

Оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.

Қылмыстық іс қозғалып, жағдай Қарағанды облысының арнайы прокурорлар басқармасына берілді.

Ермағанбет Бөлекпаев тергеу нәтижесінде жауапты тұлғалар анықталып, қатаң жазаланатынын атап өтті. Мекеме директорының міндетін атқарушы маман қызметінен шеттетілді.

Қарағанды облысы бала улану дерегі бойынша соңғы кездері жиі БАҚ бетінен түспейтін болды. Естеріңізде болса, Қарағандыдағы балабақшада балалар шәйнектің қағын тазалайтын судан уланып қалғаны хабарлаған едік.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер