РҮСТЕМ АШЕТАЕВ: Идеологиялық кеңес құрылуы керек

2001
Adyrna.kz Telegram
Қазір біздің саясатымызда идеологтар жетпей тұрғаны қатты байқалады. Әсіресе жергілікті жерлерде.
Халықты біртұтас етіп ұстап тұратын жалғыз құдірет - Сенім. Ал, сенім әлсіреп жоғалған шақта, сенімнің орнын басатын соңғы құдірет - Үміт.
Үміт - тікелей болашақпен байланысты дүние.
Халықтың сенімінен айырылғанын түсінген үкіметің соңғы қадамы - Халыққа үміт сыйлау, болашағына үміттендіру.
Дүниедегі барлық елдерді төмендегідей үш санатқа бөлуге болады деп ойлаймын:
1-санат - Дамыған елдер.
Бұл елдердің халқы үкіметіне деген сеніммен өмір сүреді. Халық өзінің артында мықты үкіметі, әділ соты, белгілі бір мөлшерде тәуелсіз БАҚ құралдары тұрғанына сенеді.
2-санат - Орташа дамыған елдер.
Бұл елдердің халқы үкіметіне сенбейді. Өйткені, жемқорлық жайлаған үкіметі мен әділетсіз соттар, тәуелді БАҚ-тарына өз өмірін сеніп тапсыра алмайды.
Бірақ, белгілі бір мөлшерде Мемлекеттік, Қоғамдық институттар мен заңдар жұмыс істеп тұрғандықтан, халықы тек “Болашақта түзелерміз” деген үмітімен өмір сүреді. Халқын тек сол үміті ғана ұстап тұрады.
3-санаттағы елдер - Анархиялық елдер.
Бұл елдердің халқының үкіметіне деген сенім түгілі үміті де қалмаған. Сондықтан, төңкерістер орыналып, салдарынан ешқандай мемлекеттік институттар жұмыс істеуден қалған. Қоғамы тек бір күнімен өмір сүреді. Әдетте, мұндай анархия мен хаоста өмір сүргісі келмеген халықының көпшілігі босқынға айналады.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы 10 жылының бірінші жартысында біздің еліміз жартылай хаос, жартылай анархиялық қоғамда өмір сүрді. Ал, екінші жартысында мемлекеттік институттар жұмыс істей бастады.
Бірақ, халқымыз алғашқы 10 жылдықты қуанышпен “Тәуелсіздік эйфориясында” өмір сүргендіктен үкіметке деген сенімі де, үміті де басым болды.
Ал, Тәуелсіздігіміздің екінші 10 жылдығында мұнай-газ бен қазба байлықты сатудан түскен пайдадан халықтың жағдайы біршама түзеліп, нарықтық экономикаға бейімделе бастады. Үкіметке деген сенімі болды.
Бірақ, мемлекеттің бюджеті толысқан сайын оны тонаушылардың саны артып, сол тонаушылардың ең басында Назарбаевтың туыстары мен оның үкіметінің мүшелері тұрғанын көрген халықтың, Назарбаев пен оның үкіметіне деген сенімдері күн санап жоғала берді. Өйткені, халық өзін үкімет емес - клан басқарып бара жатқанын түсіне бастады. Яғни, жазылмаған “Императорлық жүйе” қалыптасты.
Өңірлерді “Әкім” атымен басқаратын “Княздықтар жүйесі” қалыптасты. (Мен сондықтан “Назарбаевтың кезінде тағайындалған, оның астауынан тамақ жеген кез келген әкімдер мен министрлердің басы алтын болса да ауыстыру керек” деп айтып жүрмін)
Тәуелсіздіктің үшінші 10 жылдығында “Назарбаев кланына” халықтың сенімін қайтару үшін екі жол тұрды:
1-жол - Назарбаев өзінің “Империялық жүйесінен” бас тартып, жемқорлықты жоюы керек.
2-жол - Халықтың сенімін қайтарумен емес, халықтың сенімнен кейінгі соңғы “тірегі” - Халықты болашаққа деген үмітпен өмір сүргізу.
Назарбаев 2-жолды таңдады.
“Халыққа үміт сыйлау” науқаны екі бағытта жүрді.
1-бағыт - Барлық мемлекет аппараты мен БАҚ-тар арқылы Назарбаевтың әрбір қадамын болашақпен байланыстырып дәріптеу.
Бұл бағыттың міндеті - “Жақын болашаққа” үміт сыйлау. Яғни, осы дүниедегі өміріне үміт сыйлау.
2-бағыт -Халқымыздың басым бөлігі мұсылман болғандықтан жер жерлерде мешіттерді көбейтіп, саясаттан тыс халықты сол жерде шыдамдылыққа, көнпістікке, патшаға қарсы шықпауға уағыздау.
Яғни, момын, көнпіс болғаның үшін болатын “Арғы дүниесіне үміт сыйлау”.
Сондықтан, дәл осы кезде мемлекеттің қарқынды қолдаумен сахнаға “сақалдылар” шықты. (Негізі, бұлардың бастауы - халықтың үкіметке деген сенімі өле бастаған тәуелсіздіктің екінші 10 жылдығының екінші жартысынан басталған)
Бұлардың діннен теологияны бөліп тастағаны сондықтан. Өйткені, діндегі теология - діннің осы дүниедегі негізгі мән-мақсатын түсіндірумен айналысатын ғылым. Діннің теологиясында дінді белгілі бір топтың мүддесіне пайдалану деген мүлдем жоқ. Діннің мәні одан да тереңде екенін түсіндірумен айналысады. Қысқаша айтқанда, теологтармен “қысқа ойлы, таяз түсінікті, О дүниесін ғана ойлайтын тобырды” жасап шыға алмайсың. Сондықтан, Назарбаев үкіметі “келте балақ, қауға сақалдарды” күшейтіп, “Жаны жоқ жалаңаш дінмен” қоғамды “Арғы дүниесіне үміт сыйлау” арқылы ұстап отырмақ болды.
Байқасаңыздар соңғы 15-20 жылдағы негізгі уағызшылардың айтатыны “Арғы дүниенің қызығы”.
Дәл осы жоғарыда келтіргенімдей “Теологиясыз дін - ескексіз қайық” болса, мемлекеттік саясат та Ұлттық идеологиясыз - Ескексіз қайық.
Қазіргі Үкімет мүшелеріне қарап отырсаңыз 90%-ы сол баяғы Назарбаевтың халық сенімінен айырылғаннан кейінгі - “Халыққа үміт сыйлау” кезеңінің кадрлары.
Кешегі Қаңтар қырғыны - Сенімі әлдеқашан өлген халықтың соңғы “тұяқ тірер” үмітінің де өлген кезеңі болды.
Бағымызға орай Назарбаев биліктен кетіп мемлекеттігіміз сақталып қалды. Президентіміздің бастамаларымен көптеген саяси реформалар басталып, “Назарбаев жүйесі” жойыла бастады.
Сондықтан, халықтың қайтадан үкіметке деген сенімі ояна бастады.
Бірақ, өкінішке орай төбеден басталған бастамалар жергілікті өңірлерге келгенде формальді ғана кейіпке енуде. Халық тікелей жергілікті өңірдің атқарушы билігімен жұмыс істейтін болғандықтан, жергілікті биліктің формальді ғана “өзгерісін” көріп үміттері екіұдайы күйге енуде.
Біздің халық пен үкіметтің арасын қазір нәзік қана үміттің жалғап тұрғанын үкімет пен жергілікті атқарушы билік толық түсініп отыр деп айта алмаймын.
Ұлттық, мемлекеттік идеологиядан жұрдайлар жергілікті жерде басшылықта отырғанда, ол өңірдің халқының үміті сөне түсері хақ.
Осының бәрін ескере отырып Президент Аппаратына төмендегідей ұсыныстарымды жолдаймын:
1. Кадр саясатында, әсіресе облыс пен қала әкімдерін ұсынарда олардың ең алдымен мықты идеолог болуына басымдық берілсе. Өйткені, Ұлттық идеологиядан жұрдай кадр - халықты “нанға тойдыруы” мүмкін болғанымен, қоғамды рухани аздырып жібереді. Жергілікті жердегі рухани аш қоғамға, алыстағы министр көмек бере алмайды.
2. Президен аппаратының жанынан философ, теолог, тарихшы, әлеумет танушы секілді идеологиялық бағытта ой қоса алатын “Идеологиялық кеңес” құруды ұсынамын.
Осылай бірте-бірте өзіміздің ұлттық идеологиямызды қалыптастырудың алғышарттары жасалса.
Тек, бұл кеңеске жергілікті әкімдер мен оларға “кіндігімен байланған” Ішкі саясат басқармаларының ұсынған адамдарын емес, Президент аппаратының өзі тікелей жасақтаса. Өйткені, жергілікті әкім-қаралардың тізімі - өздерінің деңгейінде болары анық.
Осындай “Идеологиялық кеңес” құрылса, оның құрамында “Ұлт болудың азабы” атты мақалалар жинағын жазып жүрген тарихшы ғалым Жамбыл Артыкбаев ағамыз, “Тұран даласының өмір сүру философиясы” бағытында еңбектеніп жүрген философ ғалым Әбдірашит Бәкірұлы, Қазақтың көнесі мен бүгінін жалғап жүрген Айт-Ман Нұржан ағамыз, Дінтану бағытында бірнеше ғылыми еңбектердің авторы теолог Досай Кенжетай Тұрсынбайұлы ағамыз, Қоғамға ұлттық тәрбие негіздерін түсіндіріп жүрген Бауыржан атамыздың келіні Зейнеп апамыз секілді тұлғалар отырса, біздің Ұлттық идеологиямызды қалыптастыруға бар потенциалдарын салары анық. Одан мемлекетіміз үшін тек пайдадан басқа зияны жоқ деп ойлаймын.
Рүстем АШЕТАЕВ
Пікірлер