Ақтөбе облысы «Елбасы медаліне» 104 млн теңге қаржы бөлді

4446
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысының білім басқармасына қарасты "Ақтөбе-Дарын" өңірлік ғылыми тәжірибелік қосымша білім беру орталығы «Елбасы медалі» бағдарламасына 104 910 714 теңге қаржы бөлді, - деп хабарлайды «Адырна» ақпараттық порталы goszakup.gov.kz cайтына сілтеме жасап.

Биыл 15 ақпан күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» ҚР Конституциялық заңының күшін жою туралы» Заңға қол қойды. Содан бері, ресми түрде еліміздегі барлық саладан «Елбасы» деген атау да алынып тасталғандай естілмей кеткен еді.

Ақтөбе облысының Білім басқармасы сол ұмытыла бастаған атауды қайта жаңғыртып, «Елбасы медалі» бағдарламасына 104 910 714 теңге бөліпті.

Мемлекеттік сатып алу лотының ресми атауы: «Он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейінгі «Елбасы медалі» бағдарламасына қатысушыларды әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдауды қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер» деп аталады.

Лоттың техникалық сипаттамасында "Елбасы медалі" бағдарламасына 14-29 жас аралығындағы жастардың қатыса алатыны, жобаға 1000 қатысушы тартылатыны көрсетілген. Шара барысында ұйымдастырушылар  қиындықтарды жеңіп, әртүрлі салаларда өзін жүйелі түрде дамытып, басқаларға қамқорлық жасайтын, алға қойған мақсаттары мен жоғары нәтижелеріне қол жеткізетін тұлғаларды қалыптастыруды басты назарда ұстайтынын тілге тиек еткен.

Сонымен қатар, техникалық сипаттамада «Қызметтерді орындау үшін ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 14 мамырдағы № 296 Қаулысы, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының 2021 жылғы 3 наурыздағы № 01/011-т "Елбасы медалі" бағдарламасының серіктестерін бекіту туралы құжаты негіз болып табылатыны жазылыпты.

«Елбасы медалі» бағдарламасына қатысты аталған тендер ашық конкурс тәсілімен 14 тамыз күні жарияланған. Өтінімдерді қабылдау мерзімі 11 күннен кейін, яғни 29 тамыз күні аяқталады.

Ақтөбе облысының білім басқармасына қарасты "Ақтөбе-Дарын" өңірлік ғылыми тәжірибелік қосымша білім беру орталығы өткізіп жатқан «Елбасы медалі» бағдарламасына қатысты тендерді қандай компанияның ұтып алатынын 29 тамыз күні қосымша хабарлайтын боламыз.

Қанат Бірлікұлы

“Адырна” ұлттық порталы

 

Пікірлер