Атбасардағы азаптау. Дәнебаевты аяусыз ұрған түрме қызметкерлері жұмыстан қуылды

2494
Adyrna.kz Telegram

Атбасар түрмесіндегі азаптау видеосы таратылғаннан кейін колонияның сегіз қызметкері мен бастығы жұмыстан босатылып, қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. Бұл туралы құқық қорғаушы Елена Семенова мәлімдеді.

«Бүгін біз Бауыржан Мусинмен бірге күні бойы қазіргі белгілі Атбасар колониясында болдық. Сотталғандармен, соның ішінде әлеуметтік желіде бейнетаспаға түсірілгендермен сөйлестік. (...) Бүгін мекеме басшысын қоса алғанда, тоғыз қызметкерді жұмыстан босату туралы бұйрық шығарылды, екі қызметкер әлі де еңбек демалысында, сонымен қатар қызметкерлерге қатысты қылмыстық істер қозғалды», - деді Семенова сәрсенбі күні.

3 қыркүйекте Ақмола облысындағы Атбасарда колония қызметкерлері әжетхана жуудан бас тартқан белсенді Тимур Дәнебаевты ұрып-соғып, қинаған видеосы тарады. Видеода колония қызметкері күш қолдануға арнайы құрал қолдануға бұйрық береді. Онда Дәнебаевты жерге жатқызып, қол-аяғын ұстап, дубинкамен ұрғаны көрінеді.

Бұл видеоны "БАСЕ" телеграм-арнасы жариялады. Видеодағы ақпаратқа қарағанда, видео 24 тамызда Ақмола облысы Атбасар қаласындағы колонияда түсірілген. Оларды арнаға мекеме әкімшілігінің қызметкері жіберген.

Билік "қызмет өкілетін асыра пайдалану" фактісі бойынша тексеру бастағанын мәлімдеді. Бірақ тұтқынның хал-жағдайы қалай екенін айтпады.

38 жастағы Тимур Дәнебаев 2022 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Қаңтар оқиғасы кезінде "елімізге 20 мың террорист шабуыл жасады" деген сөзі үшін жауапқа тартуға талпынған азаматтық белсенді ретінде танылған.

Биыл 15 маусымда Астана соты Тимур Дәнебаевты "Ұлтаралық араздық қоздырды" (174-баптың 1-бөлігі) деп айыптап, үш жылға бостандығынан айырған. 1 тамызда апелляция соты үкімді күшінде қалдырды. Белсендінің адвокаты Ләззат Теміржанова процесті жүргізу тәртібі бұзылғаны туралы келтірген уәждерін сот қабылдамай тастағанын айтқан еді.

Пікірлер