Қазақ тілін міндеттеген заң. Елде блогерлердің қызметін реттейтін құжат күшіне енді

2096
Adyrna.kz Telegram
Мемлекет басшысы  10 шілдеде қол қойған  "Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы" ҚР Заңы бүгін күшіне енді. Заң блогерлер мен әлеуметтік желілерде белсенділердің қызметін жүйелеп, қоғамдық әрекетін құқықтық тұрғыдан реттеуді көздейді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Сонымен қатар, қабылданған заңға сәйкес, ел аумағындағы онлайн-платформаларда құқыққа қайшы контентті орналастыруға және таратуға тыйым салынады. Заңның басты ерекшелігі - мемлекеттік тілді міндеттеуінде:

Құқықтық құжаттағы ең басты жаңалық әлеуметтік желілердегі онлайн платформалар интерфейстеріне мемлекеттік тілді енгізуге міндетті. Блогерлер контентті қазақ тіліне автоматты түрде аудару мүмкіндігін жасауы тиіс.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына жол бермеу мақсатында қазақ тіліндегі контентті модерациялау керек.

Мұнымен қоса алғанда, ел аумағының тұтастығына шек келтіріп, мемлекеттік қауіпсіздігіне күмән келтіретіндер, адамды этникалық ерекшеліктеріне қарай бөліп-жаратындар қатаң жазаланады. Сонымен қатар:

"Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды, суицидті, порнографияны, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді және прекурсорларды, сепаратизм идеяларын, алаяқтықты, ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын ақпаратты үндеу, насихаттау немесе үгіттеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттілігіне және аумақтық тұтастығына күмән келтіретін мәлімдемелер, мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны ашатын ақпарат және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған өзге де ақпарат құқыққа қайшы контент саналады" делінген заң мәтінінде.

Заңмен бірге әкімшілік кодекске де жаңа бап енгізілді. Құжатта жалған ақпарат тарату мәселесі қарастырылған:

"Ол онлайн-платформалар арқылы жалған ақпаратты тарату үшін жауапкершілікті көздейді. Мәселен, 20 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылады (69 000 теңге). Егер бір жыл ішінде адам жалған ақпарат тарату фактісіне қайта жол берсе, онда ол 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынынады немесе 40 АЕК (138 000 теңге) айыппұл төлеуі тиіс", делінген құжатта.

"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер