Енді «ауғандардың» қолымен от көсемек пе?

2071
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе, Түркістан облыстарының әкімдіктері биылғы жылғы 9 мамыр күнгі мерекелік шаралар тізіміне «Бессмертный полк» шеруін енгізбеді, сөйтіп, өте өнегелі бастама көтеріп, батыл шешім қабылдады! Әйтсе де, өкінішке қарай, өзге облыстар аталмыш акцияны өткізуге дайындық шараларын әлдеқашан бастап кетті.
Қасиетті ораза кезінде ислам дініне жат іс-әрекет: о дүниелік адамдардың фотосуреттерін көшелерде көтеріп жүруге жұмылдыру мұсылмандардың діни сенімін қорлау болып табылады. Оның үстіне ұлттық ділімізбен де сәйкеспейді.
Моральдық-этикалық тұрғыдан қарастырғанда, музейлер мен отбасылық альбомдарда құрметпен сақталуға тиісті құнды жәдігерлер: майдангерлердің фотосуреттерін бір мезгілдік акцияларда қолданылатын саяси плакаттарға айналдыру өнегелі іс емес. Сондай-ақ «Бессмертный полк» шеруінің ардагерлерге еш пайдасы жоқ. Одан гөрі соғыс баһадүрлерінің көзі тірілеріне және қаза тапқандарының жесірлеріне материалдық-қаржылай қолдау көрсету, о дүниелік болғандарын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы еске алу, арнайы ас беріп, рухына құран бағыштау әлдеқайда абзал іс.
Сол ардагерлер халқымыздың еркін бақытты өмір сүруі үшін, кейінгі буынның зорлық-зомбылық тауқыметін бастан өткермеуі үшін жан аямай жаумен соғысты ғой. Олар бүгінгі ұрпақтары өздерінің конституциялық құқықтарын талап етіп плакат ұстап көпшілік орындарда бой көрсетсе қолма-қол полиция бөлімшелеріне күшпен жеткізіліп, іле соттың үкімімен жазалау шараларына ұшырайтынын болжады дейсіздер ме?
Есте ұстарлық жайт, нар тәуекелге бел байлайтын жүрекжұтқан азаматтар жұмыс күндері де, І мамыр мерекесінде де өз ойларын жұртшылыққа жария етуден танбады. Күні ертең, 9 мамыр мерекесінде де конституциялық құқықтарын талап ететушілердің шығатыны күмансыз. Ондайларды билік «ауғандардың» күшімен басып-жаныштауды көздеген сияқты. Ауған соғысына қатысушылардың мәлімдемесінен https://www.zakon.kz/4968588-gotovy-reagirovat-zhestko-afga… осындай ой туындайды.
Кезінде Кеңес үкіметінің шетелдегі басқыншылық саясатын еріксіз жүзеге асыруға атсалысқан «ауғандардың» қазіргі тәуелсіз, егемен елімізде, құқықтық демократиялық қоғамда бейбіт жолмен конституциялық құқықтарын талап етуші азаматтарға күш қолдануы қазақстандық, халықаралық заңдардың ешбірінің шеңберіне сыймайды! Дегенмен «ауғандар» өздерінің балаларындай жас қыздар мен жігіттерге қарсы қандай да бір әрекеттерге бара қоймас деген үміттемін. Керісінше жағдайда жаппай халықтық наразылық туындап, Қазақстан тарихының тағы бір қаралы беті жазылуы ықтимал.
Айтпақшы, балабақшалардың бүлдіршіндеріне парадта кию үшін әскери киім тіккізуді ата-аналарды міндеттепті деген ақпаратты да құлағымыз шалды. Мұның бәрі Кеңес империясы дәуірін көксеп дәріптеуші, милитаризмді насихаттаушы Ресей саясаткерлерінің ықпалы екені сезіледі. Жеңістің 75 жылдығы аталып өтілетін келесі жылы бұдан да пәрменді ықпал етуге тырысады! Әлгілердің айтқанына көніп, айдағандарына жүретіндер егемен елдігімізді тәрк етіп, отаршылдық қамытына қайтадан мойын ұсынуға бейім тұрады.
Сөз соңында айтарым, ең дұрысы, Ақтөбе, Түркістан облыстарының басшылары сияқты 9 мамыр күнгі мерекелік шаралар тізіміне «Бессмертный полк» шеруін қоспау. Ақ ордадағы ақ жағалы ұлықтарымыз аймақтардағы шенеуніктерді нағыз мемлекетшіл әкімдерден өнеге алуға шақырса екен.

Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы.

Пікірлер