БЕЙБІТ САРЫБАЙ: Сауатсыздығымыз соншалық, молданың аузына қараған заман болды. Олар да әбден еліріп алған...

1562
Adyrna.kz Telegram
Шешеңнің амандығын тілеймін мен…
Біз қазір топастықтың шыңына шықтық. Әлі де шығандай түсер ме едік, бірақ, надандықтың бұдан биік нүктесі жоқ екен, өкінішке қарай. Әй, XIX ғасыр қазағының да кеудесі дәл мына біздікіндей көр болмаған шығар-ау. Жарықтықтар (XIX ғасыр қазағы), тілім тигені үшін кешірім сұраймын, ол кезде кітап, кітапхана деген жоқтың қасы еді дегенім ғой. Қазір кітап та көп, кітапхана да баршылық. Бірақ біз оқымаймыз. Не керегі бар оның?..
Сауатсыздығымыз соншалық, молданың аузына қараған заман болды. Ұстаз деп әспеттейтініміз тағы бар. Тек дейтін бір адам болмағасын олар да әбден еліріп алған, аузына келгенді оттай береді. Ойпырмай, молданың уағызын ұйып тыңдап отырған сонша адамның ішінде «әй, не тантып тұрсың» дейтін бір адамның жоқтығы шынымен түңілдіреді екен. Бұрын не тантыса да сол айтқан жерінде қалатын еді, қазір әлеуметтік желі арқылы әлемді аралап кететін болды. Елдің санасын улап бітті. Сауаттылар елдің алдына шықпайды, айтпайды, сөйлемейді. Соны пайдаланған дүмшелер дүрліктіріп бітті. Ұлттық құндылығыңды мансұқтай береді. Домбыраң харам, шешең арам.
Әуезді үні, қоңыр даусымен бипаздағанда майдан қыл суырғандай қылатын мына молда «шеше» деген сөзді арзандатып отыр. Ешқандай ғылыми негізі жоқ әңгіме. Филология деген ғылым бар, сондағы ғылыми негізіне сүйенсейші. Осыдан білініп қалды, мына молда дегендеріңіз «хиттоно матти ихсано маққи» деген сынды екі ауыз арабшаны қосып қойып, өздерінң қаңғыған қиялымен примерно ұра береді екен.
Осылар Құрманғазының «Қайран, шешем» деген күйін тыңдап көрді ме екен? Әй, «Айдауда» деген күйді «Жайлауда» деп тартып берсең, а деп тыңдап отыра беретін бейшаралар оны қайдан ұқсын.
Біздей мұңлықтар үшін қасиетті де қасіретті бір сөз бар. «Қайран, шешем» деген. Қайран шешем дегенде өзегім өртеніп, жаным шырылдап, көңілім алай-дүлей болып, өзімді қоярға жер таппай кетемін. Он жылдан бері жазғым келіп, жазбақ болып, жаза алмай жүрген дүниемнің тақырыбы да «Қайран, шешем».
Әй, Молдеке, шеше деген қасиетті сөз! Сен елдің бәрін бір кітаптың соңына жетпеген сауатсыз екен деп қалма. Сенің сөзің бұл күнде шартарапқа кетіп жатыр, бізге де жатіп жатыр.
«Тілім тисе кешір енді, оған өзің мәжбүр еттің».
Жалпы, мына молдаларды бетімен жібермей, бірауыз «әй, қой, бұның не» деп отырайықшы. Әйтпесе, бетімен кетті. Үнсіз отыра берсең, аяулы халқыңды жарға жығады бір күні. Компютерімнің рабочи столында фатиха мен ықылас тұр. Қайран шешеме бағыштап тұрамын. Ондай қатты имансыз емеспін дегенім ғой.

 

 

 

Пікірлер