Дәліз-сұхбат. «Жеке адамды қаралаудан гөрі діни ағымды тоқтату керек»

1519
Adyrna.kz Telegram

Кеше «Аманат» пен «Ақ жол» партиясынан Аманжол Әлтаев пен Қазыбек Иса және мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша Алматы қаласынан Мәжіліс депутаты болған Ермұрат Бапи әсіредіншілдердің мәселесін көтерді. Үш бірдей азаматтың теріс діни ағымға қатысты депутаттық сауал жолдауы тегін емес. Демек алдағы уақытта елде алауыздық тудырған салафизмге қарсы заң қабылдануы мүмкін.

Бірақ билік көзбояушылық жасамай, теріс ағым өкілдерінің аяғына тұсау салатын нақты заң қабылдай ала ма? Осы және өзге де сұрақтарды Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаевқа қойдық.

Бүгін үш бірдей депутат теріс діни ағымға байланысты мәселе көтерді. Мәжілісмендердің бір күнде діни мәселеге назар аударуына не себеп болды?

Бұл осыған дейін ширығып келген мәселе ғой. Осыған дейін іште жиналып келген нәрсе. Бүгін елдің ертеңі үшін, мемлекеттің болашағы үшін, ұлттың тұтастығы үшін аса өзекті мәселені көтеруді жөн деп таптық.

Заңды қабылдауға қанша уақыт керек?

Заң жобасы дайындалып, жұмыс топтары оның әр бір пункіне зерделі көзбен қарап, жан-жақты талқылап, содан соң нәтижелі, маңызды заңды дүниеге әкелу керек деп есептеймін.

Қоғам тарапынан бұл заңға байланысты қандай көзқарас болуы мүмкін?

Әрине, қоғам 100 пайыз барлығы бір көзқараста болмауы мүмкін. Өйткені бізде жат ағымдағы Қазақстан азаматтарының саны өте көп. Олардың тарапынан қарсылық өте күшті болуы мүмкін. Бірақ қарсылық күшті болады екен деп бүгін артқа шегінуге болмайды.

Қазыбек Иса депутаттық сауалында жат ағымға ергендердің ішінде өнер де, спортта тіпті айтыста да адамдар бар деді. Яғни, сырттан іздемей жат ағымға ергендер іште де жетеді ғой. Мысалы айтыскерлердің ішінде кімдердің атын атар едіңіз?

Оны бәленбай, бәленбай деп атын атап, түсін түстеу менің міндетіме жатпайды. Қазір біздің бір-біріміздің атымызды атап, қаралайтын уақыт емес. Қазір нақты заңның нормаларын дұрыстап, жаңа заңды мейлінше жылдамдатып қабылдап, кешенді түрде идеологиялық жұмыстарды жүргізетін уақыт.

Қоғамда салафизмге экстремистік ұйым ретінде тыйым салу туралы жиі айтылып жүр. Аталған заңда салафизмге тыйым салына ма?

Әбден мүмкін. Уахабизм секілді қоғамға теріс әсерін тигізіп жатқан ағымдарға тыйым салатын уақыт болды деп ойлаймын.

– Депутат Ермұрат Бапи Қайрат Сатыбалдының атап атап қалды. Қайрат Сатыбалдының жанында жүрген азаматтардың бірі экс-депутат Бекболат Тілеухан, Мұхамеджан Тазабеков болатын. Қазір аталған тұлғалар Түркияда тұрады. Жаңа сіз «көп нәрсені айта алмаймын» деп отырсыз, бірақ сіз олардың қандай ұстанымда екенін білуіңіз мүмкін ғой. «Ауруын жасырған өледі» дейді ғой, неге біз атын атамай қашқақтаймыз?

Жалпы, сіздер мынаны түсініңіздерші, бізге қазір әр «анау уахабист, мынау салафит» деп жеке адамдарды қаралаудан гөрі бізге жалпы ағымды тоқтату керек. Яғни сіз атын атап отырған уахабизм, салафизм біздің қоғамға зияды ма, зиянды болса, оған тыйым салу керек. Осымен күресу керек деп ойлаймын.

Көптеген жастар салафиттік жолға үлкен тұлғалардың уағызы арқылы келді. Мысалы, айтыс ақындарының ішінде «Балғынбек Имашев, Жандарбек Бұлғақов, Мұхтар Ниязов сияқты азаматтарды салафиттік жолға түсіп кетті» деген әңгімелер айтылады. Себебі олар айтыста уағыз айтатын болды. Осы аты аталған әріптестеріңіз теріс жолға түсті ме?

Енді оны өйтіп қаралауға болмайтын шығар деп ойлаймын. Жалпы белгілі адамдар, есімін ел білетін адамдар діни көзқарасы тұрғысынан келген кезде өте зерделі, өте жауапкершілікпен қарауға тиісті. Өйткені есімі белгілі тұлға адасатын болса, оның соңынан ерген мыңдаған жастар адасады. Сондықтан қатардағы адамнан гөрі, есімін ел білетін танымал адамдардың мойнындағы жауапкершілік жүз есе, мың есе артық деп ойлаймын.

Егер заң қабылданған жағдайда танымал адамдар жауапкершілікке тартыла ма? Мысалы айыппұл арқалап, қамалуы мүмкін бе?

Біздің мақсатымыз оның бәрін жазалау емес қой. Қоғамды сауықтырып түзетуіміз керек. Егер жаңа заң қабылданып, бахабизм секілді ағымдарға тыйым салынатын болса, сол заң қабылдаған күннен бастап теріс ағымға қатысты әрекет жасамайтын болса, кез келген Қазақстан азаматын қаралауға қақымыз жоқ. Сондықтан да заң қабылданғаннан кейін сол заң аясында жүрген әрбір Қазақстан азаматына біз құрметпен қарауымыз керек.


Серік Жолдасбай,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер