Назарбаев олигархтарының халық алдындағы қарызы неге өндірілмейді?

1752
Adyrna.kz Telegram
Сурет: smartnews.kz
Сурет: smartnews.kz

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Назарбаевтың олигархтары халықтың қарызын жауып беруі керек деген мәлімдеме жасады. Ол бұл мәселені халықты несиелендіруге арналған парламенттік тыңдау барысында көтерді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Халықтың қарызын іздеу мәселесінен мына дүниені қозғағым келеді. Прокуратура, сіздер ескі Қазақстанның халық алдындағы қарызын неге іздемейсіздер? Сауықтырамыз деп Ұлттық қордан банктерге берілген триллиондаған теңге қарызды қайтаруды неге талап етпейсіздер? Сіздер халықтың қарызын емес, бірнеше банкті біріктіріп, қыруар сауықтыру қаржысын бір банкке жинастырып, оның барлығын сыпырып алып кеткен Назарбаевтың олигархтарына тиесілі банктердің халыққа берешек қарызын неге өндіріп алмайсыздар?» - деді депутат.

Ермұрат Бәпи егер осы триллиондар қайтарылса, халықтың қарызын екі-үш, тіпті ондаған есе өтеуге болатынын атап өтті.

Сондай-ақ депутат заңсыз шығарылған активтерді өндіріп алу туралы заңның қалай орындалып жатқаны туралы сауал тастады.

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Бүгінде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Елге 900 миллиард теңгеге жуық актив қайтарылды. Бұл ретте ақша ғана емес, мүлік, жер учаскелері де қайтарылды. Регламентті ескере отырып, сізбен қосымша кездесуге және қажетті ақпаратты беруге дайынмын»,—деді ол.

Пікірлер