Зеленский және Ресей

2011
Adyrna.kz Telegram

" Менің портреттерімді кабинеттеріңде ілмеңдер, президенттің портреті икона емес. Шоқынатын Иса пайғамбардың бейнесі емес.  Одан да отбасыларыңның, балаларыңның  суреттерін іліңдер. Қызметтеріңді атқарғанда солардың көздеріне ұялмай қарайтын болыңдар".  Әрине бұл- популизм, бірақ қандай әдемі айтылған сөздер. Майдан революциясы клоундардан қайраткерлер жасады. Президент боларының алдында ол шоумен болған. Ал басқа елдерде, әсіресе Орталық Азияда  заңды президенттерден саясат клоун жасады.

Түркіменстанның  соңғы президенті гитара тартып, немерелерімен ән салады, атқа шабады, бірақ Түркменстан халқы нан мен ұнға жарымай отыр. Тәжікстанда өзара билікке таласып, азамат  соғысынан кейін халқы есін жия алмай отыр. Тәжіктер -еңбекқор халық. Ресеймен Қазақстанда ауыр жұмыс істеп, жүрек жалғап жүр. Өзбекстанның президенті Қазақстанға ақыл айтқыш еді- марқұм Каримов бес миллион өзбекке жұмыс тауып бере алмай, халқын Ресейге кіріптар қылды.  Демократияшыл Қырғызстанда экономика кенжелеп қалды.  Алматы қаласының Ішкі жиынтық өнімі бүкіл Қырғызстанның ішкі жиынтық өніміне тең.

Зеленский, Украинаның  мүдделерін батыл қорғайтын болады. Ол Ресейден Қырымды қайтаруды талап етеді, Шығыс Украинадан - Донбасс пен Луганск өлкесінен Ресейдің әскерін шығаруды талап етіп отыр. Айтайын дегенім, Украина басшылығы АҚШ пен Еуропалық Одаққа Ресейдің империялық саясатын әшкерелеп  отыратын болады. Сонда Украинаның жаңа президенті Ресеймен соғыс ашамын демейді.  Бейбіт жолмен өз жерін қайтарып алмақ. Бұл өте дұрыс саясат.

Зеленский Ресейдің абыройын Батыс елдері алдында төгіп, Ресейге Батыс елдерінің экономикалық, қаржылық, персоналдық санкциялар арқылы қысым жасайды. Олай болса бұл Ресейге үлкен тауқымет болмақ. Украинаның жаңа президентін АҚШ пен Еуропалық Одақ толық қолдайтын болады. Себебі, Украинаның бұрыңғы президенті Порошенконың Ресейде өз бизнесі болды. Сондықтан ол Ресеймен пәрменді түрде күресе алмады.Порошенконың коррупциясы да болды.

Бұдан шығатын қорытынды: Ресей Украины бағындыра алмайды. Олай болса бізге ауыз салмайды.Ел аман жұрт тыныш болады.

Әзімбай Ғали

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер