ҚАЙНАР ОЛЖАЙ: Біз сонда кімбіз?

4890
Adyrna.kz Telegram
Пойызда бір купеде келдік. Бірінші сұрағы “оралмансың ғой?” болды. Жауап беріп үлгермедік, “Монғолиядан келгенсің-ау?” деп үстемелетті. Амал жоқ, “Баянөлгейдің Ұлан-құс сұмыны” дей салдық. Содан әлгі көке өзінің үстемдігін танытты.
Үстемдік таныту себебі бар еді. Купеде үшеуміз: екі еркек, бір әйел. Бізден үш жас үлкен, өзі оралман емес үстем ағай әңгімені періп келеді. Үш бірдей жоғары оқу орнында оқыған. Анда аудан басқарған, мұнда застава командирі болған. Пәлен курстасы облыс әкімі болған, түген жолдасы генерал-полковник. Өзі сан алуан құқық қорғау органдарында лекция оқиды.
“Ресей Пәкстанды айдап салып еді, аяғы міне не болды, еврейлер Газа секторын қанға бояды” деп бір кетті. “Аға, Пәкстан емес, Палестина ғой” дегенді іштей айттық. Анау әйелге бәрібір.
Және бірде “АҚШ-та Премьер-министрдің не құпиясы барын бүкіл сайлаушы біледі” деп соғып отырды. “Көкесі АҚШ-та қайдағы Премьер-министр?” дейміз біз іштей.
Мына кісі құқық қорғау органдарына дәріс беріп жүрсе, сонда біз кімбіз?
Тағы бір қызығы болған. Пойыздағы әлгі “үстем” ағаның.
Әңгімені аңыратып жатып, бір кезде “анау Абылай ханның кеңесшісі бар еді ғой” деді. Кідіріп барып “кім еді?” деді бізге бұрылып.
Иығымызды қиқаң еткіздік. Бұқарды білмесе, бұл кісі қалай солдаттарға дәріс оқиды, ә?
Ақыры Абылай ханның қасында болған жыраудың атын еске түсірмекке талпынғандағысы: “әлгінің “найманнан әйел алма” дейтін сөзі бар емес пе еді...”

 

 

 

Пікірлер