«Қарашада өмір тұр». Ақындар Ақтөбеге айтысуға емес, ас ішуге жинала ма?

1664
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

30 қазан күні Ақтөбе облысының Халық шығармашылығы орталығы «Айтыс - 2023» шарасына қатысушыларды қонақ үй және тамақпен қамтамассыз ету  мақсатында тендер жариялады, деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы goszakup.gov.kz сайтына сілтеме.

«Айтыс - 2023 шарасы Ақтөбе қаласында 17-19 қараша  аралығында өтпек. Тендер құжаттарына қарағанда шараға еліміздің әр өңірінен қазылар алқасының 6 мүшесі, 8 айтыскер ақын келмек. Яғни, бар болғаны 14 адамның үш күндік қонақ үйі мен тамағы үшін облыс бюджетінен 2 млн 122 мың теңге бөлінген.

ӘДІЛЕТТІҢ АҚ ДАСТАРХАНЫ МА?

Қазылар алқасының 6 мүшесі әр күні 23 мың теңге тұратын "люкс" бөлмелерді, ал 8 айтыскер әр күні 17 мың теңге тұратын "стандарт" бөлмелерді жалға алады. Бөлмелерде екі кісілік төсек болуы міндетті. Сондай-ақ қонақ үй қаланың ішінде болуы, айтыскерлердің таңғы асын беруі тиіс.

Айтысты ұйымдастырушылар қазылар алқасының 6 мүшесінің 3 күндік түскі асы үшін адам басына – 10 мың, кешкі асына 15 мың теңгеден қаржы жұмсамақ. Демек, қазылар алқасы, бар болғаны 6 адам әр күн сайын түсте 60 мың, кешке 90 мың теңгеге тамақ ішеді деген сөз. Ақтөбелік шенділер 6 қазыны екі уақыт тамақтандыру үшін халықтың салығынан жиналған қаржыдан – 150 мың, үш күнде 450 000 теңге жұмсайды.

Ал, сегіз айтыскердің түскі және кешкі асына деп күніне – 120 мың, яғни үш күнге 360 мың теңге бөлген.

ӨЗЕКЖАРДЫ СҰРАҚТАР

Мұның сыртында 18 қараша күнге  арналған фуршет – 30 адамға, адам басына 5 мың теңгеден (150 мың) және салтанатты кештің асына – 30 адамға, адам басына 20 мың теңгеден (600 мың) жұмсалмақ.

Тендердің техникалық сипаттамасына қарасаңыз, Ақтөбеге қазылар алқасы мен айтыскерлер айтыс өткізуге емес, тамақ ішуге жиналатындай әсер қалдырады екен. Салтанатты шарада 30 адам әрқайсысы 20 мыңның тамағын ішіп алған соң, қазылар үш күнге деп бөлінген – 15 мың, айтыскерлер 10 мың теңгенің тамағына және жүгіре ме?

Жоқ, әлде салтанатты шараның ас мәзірі қазылар алқасы мен айтыскер ақындарға арналмаған ба?

Бұл сұрақты Ақтөбе облыстық Мәдениет басқармасына жолдадық. Алдағы уақытта ол жақтан жауабын да жариялайтын боламыз.

Қанат Бірлікұлы

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер