Мемлекет басшысы Салтанат Нүкенованың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды

1778
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Салтанат Нүкенованың ісі бойынша құқық қорғау органдарының басшыларымен кеңес өткізді, - деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовпен, Бас прокурор Берік Асыловпен, Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевпен, сондай-ақ басқа да тиісті ведомстволардың басшыларымен кездесу өткізді.

Жақында елордалық мейрамханалардың бірінде орын алған атышулы кісі өліміне қатысты Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігі басшылығына бұл істі ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

«Заң бәріне бірдей болуы керек. Қоғамдағы әділеттілік – бұл заң үстемдігін нығайту жолындағы азаматтардың ынтымағы. Әділ Қазақстан – Құқықтық тәртіп орнаған ел», - деп есептейді Президент.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Республика күні қарсаңында сөйлеген сөзінде құқықтық мәдениетті арттыруды Әділ Қазақстан құрудың ең маңызды шарты деп атаған болатын.

"Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік елді құрдымға апарады. Мұндай келеңсіз құбылыстарға бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Осыны терең түсіну керек. Тәртіп бар қоғам өркениетті болады, бұл аксиома. Әрбір азамат еліміздің заңын құрметтесе, бірлік, береке болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесулер мен кеңесу барысында Мемлекет басшысы қоғамда әділеттілік пен тәртіп орнатуда құқық қорғау органдары мен сот жүйесіне үлкен жауапкершілік жүктелетінін ерекше атап өтті.

Пікірлер