Хостелдегі өрттен әкімдік сабақ алуы керек – Ермұрат Бапи

1671
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Алматы қаласында хостелде болған өрттен 13 адам қаза тапты. Қаза тапқандардың тоғызы – Қазақстан азаматы болса, қалғаны шетелдіктер. Ай аман, жұрт тынышта, 13 адамнан айрылудың себебі неде болуы мүмкін? Осы және өзге де сұрақтарды Алматы қаласынан Мәжіліске сайланған депутат Ермұрат Бапиге қойдық.

– Енді бұл, турасын айту керек, қастық немесе зұлымдықтан туған дүние емес. Өмірде неше түрлі оқыс жағдайлар болады. Бұл енді орашолақтық, кемшілік болар, оқыс оқиғаның салдары деп қабылдау керек. Залалдан туған дүние емес деп ойлаймын. Бірақ осының қорытындысын зерттей, бақылай келе, қалалық әкімдік пен төтенше жағдайлар туралы ведомоствалар сабақ алу керек деп ойлаймын.

Бірақ бұл жерде жемқорлық мәселесі жоқ па?

– Ол жекеменшік қонақ үй ғой. Жекеменшік жерде қандай жемқорлық болуы мүмкін. Білмеймін мен де.

Мысалы хостелдің бөлмелері жертөледе болмау керек екен. Оған рұқсат берудің өзі қаншалықты заңды?

– Енді, енді ондай жағдайлардың болуы мүмкін. Жертөледе адамдар тұратын мүмкіндік жоқ қой. Бақылаушы орган мен жекеменшік хостелдің қожайыны арқылы тергеліп, зерттеледі деп ойлаймын.

Аталған хостел экс-президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаев басқаратын Халық банктің меншігінде деп жатыр. Бұл кездейсоқ жағдай ма?

Менің ойымша, хостелді әлдебір компания Халық банктен несие алып, қарызын қайтармаған соң банктің меншігіне өткен болу керек. Әйтпесе монстр банкке хостел ашып, пайда табудың аса қажеті жоқ. Шамасы кепілдікке қойылған ғимарат Халық банкке өткен болуы керек.

Үндістан пен Пәкістан және Қазақстанның азаматтары қаза тапты. Студенттердің хостелде жатуы нені білдіреді?

Жалпы хостел деген дүние әлемдік таным деңгейінде жаман емес. Яғни, әлеуметтік қонақ үй болып саналады. Шет елге барғанда өзім де хостелде жатқан кезім болған. Оның ешқандай да әбестігі жоқ. Оның хостел деген аты сұмырай секілді болып естіледі. Түптеп келгенде оған қолы жеткен адам барып, қонады.

Үкімет жатахана мәселесін шешсе, мұндай қайғылы жағдай болмас па еді?

– Әрине, қазір жатахана мәселесі көтеріліп жатыр. Жатахана тұрмақ халықтың баспана мәселесі шешілмей жатқан кезде, мұны тізеге салып, сұрақ қоятын мәселе емес. Біздің елде әлеуметтік мәселе көп. Оның бірі – жатахана мәселесі. Студенттер күзде оқуға келген уақытта пәтер таппай, вокзалға қонып жүретінін жақсы білеміз. Еліміздегі 100 мың студентті жатаханамен қамтамасыз ету – қазіргі экономикалық жағдайда мүмкін емес.

Қаза тапқан азаматтардың ішінде шетелдік азаматтар бар екен. Бұл еліміздің имиджіне қалай әсер етеді?

Өрт шыққан оқыс дүниеден елдің имиджі құлап кетеді деп ойламаймын. Оны мемлекеттік орган немесе мемлекеттік қызметкер өртеген жоқ қой. Аяқ астынан болған дүние. Сондықтан мұндай жағдай тұрмыста, өмірде болып тұратын жағдай. Әрине, мемлекеттік билік тарапынан көңіл айтып, Пәкістан халқына бір жауабын беру керек. Бірақ осыған бола біздің елдің имиджі етекке түсіп кетеді деп ойламаймын.

 

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер