65 жыл бұрын шыққан «Көктем»

2689
Adyrna.kz Telegram
Сурет: qazaqstan.tv
Сурет: qazaqstan.tv

Бүгін - халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Қадыр Мырза Әлінің туған күні.

Көрнекті тұлға 1935 жылы 5 қаңтарда Батыс Қазақстан облысының Жымпиты кентінде дүниеге келген.

1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын сол кезде жаңадан ашылған балалар журналы «Балдырғаннан» бастаған. «Жұлдыз» журналы редакциясында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1968-1973 жылдары «Жазушы» баспасында қазақ поэзиясы бөлімінің меңгерушісі, «Балауса» баспасының редакторы, кейін Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясының кеңесшісі болған. 1966 жылы «Ой орманы» жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығы берілді. 1980 жылы «Жерұйық» жыр кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 2001 жылы Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын алды.

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп жырлаған белгілі ақынның тұңғыш жинағы «Көктем» 1959 жылы жарық көрді. Оның кейбір өлеңдері орыс, неміс, эстон, қырғыз, татар және басқа тілдерге аударылған. Орыс тілінде 13 өлеңдер жинағы жарық көрді. Ақынның мектепке дейінгі және бастауыш мектеп жасындағы балаларға, орта және жоғары сынып оқушыларына арналған өлеңдерден тұратын кітаптары бар.

Қадыр Мырза Әлінің өлеңдері қазақ ақындарының «Қазақ Совет поэзиясының антологиясы», «Республикалардың комсомолы 1969-1970 жылдардағы комсомол сыйлығының лауреаттарын ұсынады», «Қазақ балалар поэзиясының антологиясы» секілді ұжымдық жинақтарына енгізілді.

Қазақстанның халық жазушысы, белгілі ақын Қадыр Мырза Әлі өмірінің соңғы жылдары екі рет инфаркт алып, 2011 жылы 23-нен 24-ші қаңтарға қараған түні жүрегі тоқтап қайтыс болды.

Пікірлер