Депутат Үшқоңырға сұрау салды

2152
Adyrna.kz Telegram
коллаж: adyrna.kz
коллаж: adyrna.kz

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай кезекті отырыста жер мәселесін көтерді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. Депутаттық сауал Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғаринға және Қазақстан Республикасының Бас прокурор Берік Асыловқа жолданды. 

Бұл жолы жер дауы Үшқоңыр тауына қатысты болды.

"Үшқоңыр деген таудың барын бәріңіз білесіздер. Талайлардың кіндік қаны тамып, тірлігіне арқау болған сол тау бүгінде сай-сала, қырат-жоталарымен түгел бір азаматтардың ғана меншігінде. Алматы облысындағы Үшқоңыр үстіртіне барар жолды басынан-аяғына дейін мұздай қаруаланған топ күзетеді. Жол жоқ емес бар. Бірақ жабық. Көзіммен көріп, сол таудың етегіндегі елмен тілдескен соң, депутаттық сауалға арқау болып отыр" деп бастады сөзін Мақсат Толықбай.

Ол Үшқоңыр "Іле Алатауы  паркіне қарайтындықтан", ол аумақты Ұлттық парктің күзетшілері күзету керектігін және тауды айналдыра қоршап тастау - барып тұрған бассыздық деп атады ол.

"Біз AMANAT партиясы жайылым тапшылығын шешу үшін арнайы «Жер аманаты» комиссиясының тікелей араласуымен республика бойынша 9 миллион гектардан астам жер қайтарсақ, ал оның осы аймақтан 1400 гектары ел игіліне берілді. Сөйтсек, онымыз бекер екен, «аманаттық» ағайын! Жұртқа қажет жайылым жердің бәрі жаңағы қоршауда қалып қойған. Осылайша жұрттың өз жеріне кірмек түгілі жаңағы қарулы бекеттен өтуге дәті жетпей жүр. Анығы, «ДүниеАгро» ЖШС-не 2004 жылы «Үшқоңыр» үстіртінде орналасқан жүздеген гектар жерге меншік құқығы заңсыз берілген.  Өйткені, заң талаптары бойынша,  (23-бап, 50-бап, 8 және 43-бап) арнайы мақсаттағы жерлерді заңды тұлғалардың жекешелеп алуына құқығы жоқ. Тіпті оны бөлуге де келмейді. Бұл нормаларды жергілікті прокуратура жақсы біледі. Бірақ, жердің заңсыз берілу фактісі бойынша прокуратураның талаптарын сот қанағаттандырмай тастаған. Сорақысы да сол болып тұр. «Сонда Қазақстан Республикасының заңына шекесінен қарайтын бұл не қылған шектен шығу?», – деген халықтың базынасына қалай жауап береміз?!" деді ол.

Сөз соңын ол Үшқоңыр тауын басқа мақсатта пайдаланып отырған компаниялардан алып, мемлекетке қайтару қажеттігін айтты:

"Бұдан басқа, “Үшқоңыр” үстіртінде «Steppe AgroMeat»,  «Breeding Company» сияқты  екі-үш компания 13 597 га жерді  әлі күнге дейін мақсатсыз пайдаланып отырғаны анықталды.  Шұғыл қайтару керек! Алайда, алпауыттармен алысуға әкімдік пен аудан прокурорларының пәрмені жетпей, тағы да дәрмені құри ма деген күдік те жоқ емес. Сондықтан, Алматы облысының Қарасай ауданында болып жатқан заңсыздықтарға Бас прокуратура мен Үкімет шұғыл назар аударып, Арнайы комиссия құрып, жоғарыда мен келтірген мәселелерге тиісті құқықтық баға беруі тиіс деп есептеймін" деді ол.

Бұған дейін, Алатау баурайындағы Үшқоңыр жайлауы әлі жабық екені айтылған болатын. Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай қоршалған жерге кіре алмай қайтқан еді.

Пікірлер