Оқушы қыздарға арналған. 9 млрд теңгеге вакцина сатып алынады

1181
Adyrna.kz Telegram

Биыл қыздарға адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы екпе салу үшін 9 млрд теңгеге вакцина сатып алынады. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі – бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлады “Адырна” ұлттық порталы. 

Вице-министрдің айтуынша, әлемде адам папиллома вирусына қарсы вакцинаны шығаратын 4 өндіруші кәсіпорын бар.

«Мұнда 2 өндіруші 2 валентті вакцинаны өндіреді. Бұл адам папиллома вирусының 2 түрінен қорғайды. Екпені өндіретін елдің бірі – АҚШ. Олар вакцинаның 2 түрін шығарады: 4 валентті және 9 валентті. Сондықтан бүгін біз қандай вакцина сатып алатынымызды анықтаймыз. Ол 4 валентті және 9 валентті болуы мүмкін. Жалпы 9 валентті екпе өте тапшы және оны сатып алу өте қиын», - деді Айжан Есмағамбетова Сенат кулуарында.

Одан бөлек, биыл балаларды вирустан қорғау үшін бюджеттен қомақты қаржы қарастырылған.

«2024 жылға адам папиллома вирусына қарсы вакцина сатып алу үшін шамамен 9 млрд теңге қарастырылған. 175 мың (тек 11 жастағы, – автор) қызға 2 вакцина салынады. Демек біз екпенің 350 мың дозасын сатып аламыз. Алайда бұл вакцина тек осы бағаға (9 млрд теңгеге) сатып алынады деп айтуға болмайды. Себебі вакцинаның бағасы біздің ережемізге сәйкес анықталады. Бұл бағаға тендер жарияланады. Сұранысқа байланысты баға не төмендеуі не керісінше (көтерілуі) мүмкін», - деді вице-министр.

Айта кетейік, АПВ – әлемдегі ең көп таралған вирус. Оның көптеген түрі бар. Бүгінде зерттелген штамдарының өзі 200-ден асады. Ең қауіпті түрі – 16 және 18-типтегі вирус. Мұндай онкогенді вирустар жатыр мойны мен вульвада, ер адамның жыныс мүшесі мен шырышты қабаты бар басқа да органдарында обыр ауруын туғызады.

АПВ-дан қорғанудың жалғыз жолы – вакцина салғызу. Ол ғылыми тұрғыда дәлелденген.

Пікірлер