Өткен жылы өрттен 375 адам қаза тапты – депутат

1067
Adyrna.kz Telegram

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ  елдегі өрт қауіпсіздігіне қатысты мәселені көтеріп Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Президент Қ.К. Тоқаев 2021 жылғы 11 маусымда Үкіметке «елде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің іс-шаралары кешенін қабылдауды»  тапсырған.

Жоғарыда аталған іс-шаралар Кешенін іске асыру 2024 жылы аяқталуы тиіс. Бірақ шешілмеген мәселе шаш етектен.

Ауылдық жердегі халықтың бірінші талабы: ауылда өрт бола қалған жағдайда, оны сөндіретін ешқандай арнайы техника жоқ. Ал аудан орталығынан көмек келіп, жеткенше өртенген нысанның күлі де қалмайды. Яғни, ауылдық окургтерде өрттен қорғанатын ешқандай мүмкіндік жоқ. Керісінше бұл мәселе үлкен қалалар мен қала типтес орталықтарда жақсы шешімін тапқан. Яғни, қала тұрғындары өрт қауіпсіздігінен қорғалып, ал ауыл адамдары өртене берсін деген ниет емес шығар бұл. Бәріміз бір елдің азаматы, бір мемлекеттің тұрғындарымыз, заң ортақ, сөйте тұра ауыл тұрғындарының қауіпсіздік құқығын шектеуге ешқандай негіз жоқ.

Өкінішке қарай, еліміздің тарихында бұрын-соңды болмаған алапат өрт оқиғалары «тілсіз жау» траурдың жариялануына әкеп соқтырғанын білесіздер.

Статистикаға жүгінсек, өткен жылы республика көлемінде 11 805 өрт оқиғасы, оның ішінде 5991 өрт қалалық елді мекендерде, 5814 өрт ауылдық жерлерде орын алған. Салдарынан 375 адам (қалада 219, ауылдық жерде 156 адам) қаза тауып, материалдық шығын көлемі 16 млрд-тан асты.

Өртке ұрынған адам 5-6 минутта өмірімен қоштасып үлгерсе, нысандар  20-30 минуттың ішінде күлге айналады екен», – дейді депутат.

Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда еліміз көлемінде 29 шағын қала-кент, 6 293 ауыл бар.

«Ал осылардың өрт қауіпсізідігінен сақтандыру шараларына қатысты техникалық мүмкіндіктеріне тоқталсақ, ауылдық елді мекендерді өрттен қорғауды 231 өрт сөндіру депосы, 705 өрт сөндіру бекеті және 209 ерікті өртке қарсы құрылымдар қамтамасыз етеді.

Бір өрт сөндіру депосына және бекетіне бір-бірінен алшақ орналасқан бірнеше елді мекендер қарайды. Өрт сөндірушілер жоспарланған 20 минут ішінде бақылаудағы елді мекендерге қалайда жете алмайды. Мысалы, 2023 жылы орын алған 719 жағдайда өрт сөндірушілер тиісті нысанға жету үшін кемі бір сағат уақытын жолға жұмсаған. Нәтижесі қайғылы оқиға!

ҚР «Азаматтық қорғау туралы Заңның» талаптарында жергілікті атқарушы органдары елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін ұйымдастыру құзыреті бекітілген. Бұл құқықтық құжатқа жергілікті атқарушы органдар немқұрайлы қарайды», – деді депутат.

Мәжіліс депутаты Роман Васильевичке үш ұсыныс айтты.

«Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып бірінші кезекте, Республика шеңберінде аяқталмай жатқан өрт сөндіру деполарының құрылысын жедел аяқтау.

Екіншіден, өрт сөндіру бекеттерін толыққанды зерделеп материалдық-техникалық нығайту шеңберінде заманауи техникалық құрылғылармен қамтамасыз ету.

Үшіншіден, барлық ауылдық елді мекендердегі өрт сөндіру бекеттерін және ерікті өрт сөндіру құрылымдарын пысықтап, тексеріп тұрғындары бар бүкіл ауылдарды жергілікті атқарушы органдар арқылы бір жылы бокспен және көмекші техникамен жабдықтауды міндеттеу керек», – дейді ол.

 

Пікірлер