Студенттік шағын қимай жүрген білімгерлерге арналған өлеңдер топтамасы

10354
Adyrna.kz Telegram

Оқуға түсіп, қолдарына диплом алу — әрбір жастың алаулаған арманы, үкілеген үміті. Қазіргі таңда  бітіруші түлектер дәл осындай шаттыққа кенелуде. Ендеше жүректері дүрсүлдеп, студенттік шағын қимай жүрген білімгерлерге арнап студенттер туралы өлеңдер топтамасын назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

***

Ауылдан Алматыға кеше келген,

Ізетті қыз екенсің шеше көрген.

...Еркіндіктің есігін ерте ашыпсың,

Сүрінеді екенсің неше жерден?

Аңқылдаған көңіліңнен айналайын,

Бүлінеді екенсің неше жерден?

 

Кешір, қалқам, мен емес сұр мергенің.

Ашуланба, бұлданба, сыр бермегін.

Өрмек тоқып отырған мыстан-қала

Баяғыда-ақ сап қойған сүрлеулерін,

Дайындап суық қолды сұр мергенін.

Сонда да жұмақ болсын жүрген жерің.

 

Әп-әдемі, аяулы, арлы көзің

Жасырмай тұрады екен бар мінезін.

Бұл қаланың толқыны кейде, тіпті,

Жарға итере салады нардың өзін...

 

Алматыға ауылдан кеше келген,

Ізетті қыз екенсің шеше көрген.

Сүрінбеймін десең де неше жерден,

Бүлінбеймін десең де неше жерден,

Қала деген сондай ғой, жетегіне ап,

Жолмен емес, жүргізер көшелермен.

 

Мен бір жүрген ағаңмын ақ жол тілер

Ал, қалғанын көрерсің пешенеңнен!..

Бақыт Беделхан

***

Басталмаған қаланың дастаны әлі

Бірінші жыл дала деп жас тамады.

Бірінші жыл ауылы естен кетпей,

Бесінші жыл қимайды астананы.

 

О жастық-ай, алмайтын өлмей тыным,

Ойын-тойсыз, өмірге көнбейтұғын.

Биге барса баратын бір топ болып,

Жалғыз жүру дегенді білмейтұғын.

 

Ғашық болсаң түн пана, терек пана,

Сұлу демі – дем емес – шарапхана.

Қызға барсаң кигенің – өзгенікі,

Өзіңдікі – жалғыз-ақ жүрек қана!

 

Өмір! Өмір! – Деп жастық ұрандай ма,

Кекіректі кернейді бір ән майда.

Бір жігітке он қонақ мейрам күні,

Он жігітке бір билет трамвайда.

 

Алматымыз жастықтың бағы іспеттес,

Қаншама гүл сол баққа қоныс тепті.

Бір жігіттің ойында он арманнан,

Он жігітке жалғыз-ақ конспекті.

 

Тауысса да ақыры нандық пұлды,

Тартпай қойған серілік, сәндік кімді!

Түніменен дуылдап, Келесі күн

Отырғаны сабақта қалғып-мүлгіп.

 

Керемет қой, Қызық қой сезім деген,

Көктемде кім үйден безінбеген!

Он ай бойы масайрап ойнағандар

Емтиханда отыз күн көз ілмеген.

 

Содан кейін әлгіні ащысынбай,

Жұтып-жұтып жіберіп тұщы судай,

Туған жерге ұзатып тұрғандары

Бірін-бірі Бір елдің басшысындай!

Қадыр Мырза Әли

***

Кіріспе

Талапкерміз-абитуриент,

Алғаш келген ауылдан.

Түріміз де,киген киім,

Оқшау еді қауымнан.

 

Оқшау еді жүрісіміз,

Ерекше еді сөзіміз.

Тесілеміз кітапқа біз,

Үрей толы көзіміз.

 

Ертең сынақ деген күні,

Өтпей қойды түніміз.

Тест болатын сол бір сәтке,

Жеттік әрең, біліңіз.

 

Періштенің құлағына,

Ілініпті үніміз.

Бүгін біздің ең бақытты –

Студент болған күніміз.

 

І курс 

Корпус іші қандай ғажап,

Таңырқаймыз,қараймыз.

Жылы сөйлеп біреу келсе,

Жақсыға оны балаймыз.

 

Әрқайсымыз әр ауылдан,

Келген қазақ баласы.

Жүзден жүйрік,мыңнан тұлпар,

Даралардың дарасы.

 

Бәрі құштар үйренуге,

Сабақтан бір қалмайды.

Лекцияны жазудан да,

Қолымыз еш талмайды.

 

Ешқайсымыз ерінбейміз,

Д/ш-ға да барамыз.

Сабақтан соң оқу залда,

Кеш батқанша боламыз.

 

ІІ курс 

Қыркүйекте келе салып,

“Перваштарды” сынадық.

Жеке-жеке шақырып ап,

Мекен-жайын сұрадық.

 

Былтырғыға қарағанда,

Біраз бізде “стаж” бар.

Бұрынғыдай емес-бәрі

–  Дос сияқты ұстаздар.

 

Ұстаздармен араласып,

Елден сарқыт әкелдік.

Жақсы оқып, көзге түстік,

Абырой да жетерлік.

 

ІІІ курс 

Ойхой, шіркін, студент шақ,

Неткен, қызық, тамаша!

Бір күнімнен бір күн қымбат,

Салыстырып қараса.

 

Күнде қызық, күнде думан,

Сауық қуған бойдақпыз.

Туған күндер неткен көп ед,

Құр жібермей тойлаппыз.

 

Қала шықсаң, дара шықсаң,

Қыз-жігіттер мекені.

Студент шақ, қандай әсем,

Әр күн қызық өтеді.

 

IV курс 

Қадірлейміз бұл мекеннің,

Әрбір шөбін, тасын да.

Ақыл айтар “қариямыз”,

Кішкентайлар қасында.

 

Тіпті, мүлдем қартайып та,

Қалғанбыз-ау шамасы.

Бірге оқыған кейбіреудің,

Жетегінде баласы.

 

Думан қуып біз жүргенде,

Бас құраған біреулер.

Иә, енді бар қызықтың,

Шегі жетті тірелер.

 

Өмір деген қызық екен,

Өткен күндер ардақты-ақ.

“Төрт жыл біздің әр күніміз,

Босқа өткен бе салпақтап?”

 

-  Деп біреулер жар іздейді,

Сабақ бітер кезінде.

Аласұра от жағады,

Жүрек деген сезімге.

 

Сынақ бітер, аяқталар,

Диплом да қолыңда.

Сыңарларын таппағандар,

Қызмет іздеу жолында!

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер