«Жемқорлыққа тап болған адам не істеу керек екенін білмейді»

449
Adyrna.kz Telegram

Елімізде сыбайлас жемқорлық мәселесі толастамай тұр. Ал мамандар сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы дамыту маңызды екенін айтады.

 

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының жетекшісі Назима Жұбандықова құқықтық жемқорлық пен сыбайлас жемқорлыққа төзімді мәдениетті қалыптастыру керек екенін айтады.

«Қазір қоғамда профилактика жұмыстарын жүргізу трендте. Жемқорлық болғаннан кейін қимылдаудың орнына оның алдын алу керек. Қазір елімізде жемқорлыққа қарсы көптеген іс-шаралар өткізілуде. Дегенмен, оның нәтижесіне халық баға бере жатыр. Шын мәнінде, бізде ұйымдар өте көп. Мысалы, үкіметтің «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және алдын алу» № 4 үлгілік базалық бағытының жобасы деген арнайы жобасы бар. Сол жерде чиповой базовой направление деп жобаға ат қойған. Антикор мен билік арасында меморандум аясында жүзеге асырылып жатыр. Сол жұмысқа арнайы мамандар бекітіліп қойылып жатыр. Антикордың өзінде арнайы офицерлер бар. Әр ұйымды оқытып, қалай профилактикалық жұмыс жүргізу, қалай талдау жүргізу керек екенін үйрету жөнінде бекітіліп отырады.

Мысалы, 4 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жұмыстың кезең-кезеңімен келе жатқан бағыты бар. Сол төртінші бағыты жобасы арнайы  сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәдениетін қалыптастыру бағыты. Ол жоба ішкі саясат басқармаларына бекітіледі. Осылайша барлық әкімдік басқармалары өткізілетін іс-шаралардың есебін жүргізіп отырады. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Өйткені, мемлекеттік қызметкерлердің өзі жемқорлыққа барады. Олар өз-өздерімен қалай күреседі? Профилактикалық жұмыстар мемлекеттік қызметте тек фотоесеп, хаттамамен өткізеді. Бір-екі шара ұйымдастырып, мектеп оқушыларына сурет салғызады. Кейде, әлеуметтік желілерді қарап отырып көзім шалып қалады. Мектеп оқушылары арасында жемқорлыққа қарсы сурет байқауы өтеді. Біз қалай мектеп баласына жемқорлық деген сөзді айтуымыз керек деп таң қаламын», – дейді ол.

Назима Жұбандықова жемқорлық туралы оқушылар мен студенттерге барып лекция оқу дұрыс емес екенін ескертті.

«Менің ойымша, профилактикалық күресте тактиканы өзгерту керек. Өйткені, жылдар бойы өткізіліп келе жатқан дөңгелек үстелдер, баннерлер, лекциялар сананы өзгертпейді. Керісінше уақыт жоғалтамыз. Кім жемқорлыққа тап болады? Мысалы, тұрмыстық жемқорлықты алайық. Қарапайым ауылдағы азаматтар қайда шағымдану керектігін, әлеуметтік желіні білмейді, ешқандай транспорт жоқ. Ауруханаға барған кезде ертерек шешу жолын ойлайды. Кедергілерге тап болса оны тез шешу жолын ойлайды. Осылай, бізде сыбайлас жемқорлық басталады. Осындай кезде кім оған көмектеседі. Ал, профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ, ол мемлекеттік мекемелерде, университтерде,  мектептерде ғана жүргізіледі.

Шынымен сол тұрмыстық жемқорлыққа тап болған адам не істеу керек екенін білмейді. Басына түскен кезде қайда хабарласу керек екенін білмейді. Жалпы, тұрмыстық жемқорлыққа құқықтық сауаттылығы төмен, ақпараттан бейхабар, білмейтін азаматтар тап болады», – дейді ол.

Назима Жұбандықова «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейтінін айтады.

«Қоғамдық бірлестік дөңгелек үстел ұйымдастыру, профилактикалық жұмыстар жүргізу, акциялар өткізу, сурет байқауы сияқты жұмыстармен айналыспайды. Біздің бірлестік мемлекеттік сатып алу порталында мониторинг жұмыстарын жүргізумен айналысады. Әлеуметтік желі де мемлекеттік сатып алушылар қалай ұрлау керектігін фирмаларына дейін жазып шығарып жіберді. Техтізімде қалай жұмыс істеу керектігі жазылып таратылды. Біз жалпы осындай техникалық ерекшеліктерін, сатып алу заңына қарама-қайшы біркөзден сатып алу, бағаны қымбат қою сияқты мәселелерді мониторинг жасап, қарап отырамыз. Ол ашық портал, сол себепті кез-келген азаматтың оған мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар, Жамбыл облысы бойынша кез-келген қызығушылық танытқан азаматтарды тегін оқытып үйретеміз. Азаматтарға қоғамдық мониторинг жасауды үйретеміз және соның ішінде мемлекеттік сатып алу порталында үйретеміз. Екінші мәселе, бізде жылдың басынан бері «заң үстемдігі» акциясы басталды. «Заң үстемдігі» деген кез-келген Жамбыл облысындағы азаматтар тегін құқықтық консультация ала алады. Мәселен, adildik.kz  сайты мен 1460 Call-центр, офиске келіп, маған әлеуметтік желіге жазу  арқылы әділетсіздікке тап болған азаматтарға құқықтық көмек көрсетеміз. Ол мәселенің шешу жолын, қайда бару керектігін айтып, ол азаматтың уақыт жоғалтпауы үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Керек жағдайда өзіміз жетектеп жүреміз. Мысалы, Шу ауданынан мектеп директорына қарапайым ұстаздан шағым түскен болатын. Біз ол шағымды WhatsApp арқылы қабылдап, бір күн зерделеу жұмысымен барып, басқармадан арнайы комиссия құрылды. Сол ұстаздың айтқан барлық шағымы расталып шықты», – дейді ол.

Пікірлер