Қырғызстандағы апат. Жапаров жағдайды зерттеу үшін комиссия құруды тапсырды

571
Adyrna.kz Telegram

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Жалал-Абад облысының Созақ ауданында болған жүк көлігі мен оқушылар арасындағы апатқа қатысты мән-жайды зерттеу үшін арнайы комиссия құруды тапсырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Қырғызстан мемлекеті басшысының баспасөз қызметіне сілтеп

«Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров 2 мамырда Жалал-Абад облысы Созақ ауданы Жерге-Тал ауылында «Портер» жүк көлігімен болған оқиғаға қатысты барлық мән-жайды анықтау үшін комиссия құруды тапсырды. Комиссия құрамына тиісті министрліктер мен президент әкімшілігінің өкілдері кірді», - делінген хабарламада.

Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша «тиісті шешімдер» қабылданады, деп атап өтті баспасөз қызметі. «Мемлекет басшысының атынан зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсетілді, балалардың денсаулығының жай-күйі туралы Президент Садыр Жапаровқа ұдайы мәлімет беріліп отырады», - деп жазды.

Естеріңізге сала кетейік, 2 мамыр күні  Қырғызстанның Созақ ауданында "балмұздақ тиелген фургон" деп хабарланған жүк көлігі ашық аспан астында «Манас» эпосын орындаған 29 оқушыны қағып кеткенін хабарлаған болатынбыз. Оқиғадан кейін елдің Білім министрлігі мұндай шараларды өткізуге тыйым салды. Төтенше жағдайдан кейін медициналық көмекке 35 бала мен жасөспірім жүгініп, оның 20-сы ауруханаға жатқызылды. Бесеуі жансақтау бөлімінде екені айтылды.

Пікірлер