“Шегірткені жейтін ем…” ҚМДБ өкілі шегірткенің халал екенін айтты

1399
Adyrna.kz Telegram

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мәжіліс кулуарында шегірткенің шындығында халал өнім екенін айтты, деп хабарлайды  ”Адырна” ұлттық порталы.

Журналистер премьер-министрдің орынбасарынан зиянкестермен күрес қалай жүріп жатырғанын сұрады:

“Шегіртке әрқашан бізбен бірге болды. Динозаврлар мен мамонттардың құрдасы. Біз онымен әрдайым күресіп келеміз, күресе береміз. Кейбір елдер оларды өндіруді және олардан керемет ақуыз тағамдарын дайындауды үйренді. Әрине, бұл бізге келмейтін шығар. Бірақ, шын мәнінде, бұл халал өнім,”- деп жауап берді Серік Жұманғарин.

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы, Шариғат және пәтуә бөлімнің маманы Елбек Тасболатұлы шариғат бойынша шегірткенің халал екенін айтады.

“ҚМДБ ұстанатын ханафи масхабында пайғамбардың хадисі бойынша екі өлексе адал етілді, соның бірі — шегіртке. Оны жеуге болады. Алайда, адал деген сөз жей беруге болады деген сөзді шығармайды. Яғни оны жеу міндеттелмейді, әр өңірдің табиғаты мен мәдениетіне байланысты жеп/жемеу әркімнің өз еркінде,”- дейді дін қызметкері.

Жоғарыда айтылған хадисті пайғамбардың сахабаларының бірі Абдуллах ибн Омар жеткізген. Аталған хадисті ҚМДБ-ның ресми сайтынан және ҚМДБ-ға тиесілі “Халал даму” стандарттау және сертификаттау орталығының сайтынан табуға болады.

Пікірлер