Он үшінші министрдің оқулықтары

2897
Adyrna.kz Telegram

Түркия мен Қытай баспаханаларын асырап жатырмыз

Өткенде оқулықтағы қателерді терген министр Асхат Аймағамбетов авторлар мен сарапшыларды арнайы курстан өткізіп, қолдарына сертификат ұстататынын айтқан еді. «Жүйенің өзі дұрыс емес. Өйткені сарапшы маман болуы тиіс. Оқулықпен айналысатын мұғалімдерді оқытып, сертификат беріп, сарапшылар тобын жасақтауымыз қажет. Оқулықтанудың не екенін білетін дайындықтан өткен сарапшылар болса, оқулық пен сараптама сапасы да жоғары болады. Қазір сараптама бар, бірақ тиімділігі төмен». Оқулық дайындау жүйесінің дұрыс жолға қойылмағандығын министрдің өзі мойындапты. Министр білер-білмес, расында да, оқулық дайындау жүйесінде оқулық сапасынан өзге де мәселелер жеткілікті.

Оқулық қайдан және қаншаға шығады?

Жүйе демекші, оқулық шығарудың айналасында қазір 30-ға тарта баспа бар. Әр баспа авторларды өзі жасақтап, қаламақыны өзі төлейді. Мәселен, авторға әр баспа табағына 30-40 мың теңге көлемінде қаламақы беріледі. Біздің есебімізше, егер бір оқулық 15 баспа табақ болған жағдайда 30 мың теңгемен есептесек, авторға 420 мың теңге қаламақы беріледі екен. Оқулықтарды көбіне авторлар тобы жазады. Демек, әр автордың оқулықтағы еңбегіне қарай қаламақысы да әртүрлі болады деген сөз. Бұл автордың еңбегінің өтеуіне тати ма, жоқ па?

Өмір Шыныбекұлы, ұстаз, «Өлкетану» оқулығы авторларының бірі:

– Біз жазған оқулық бойынша келісімшартта тираждың 5 пайызын авторларға беру қарастырылған. Сөздің ашығы, еңбегіңнің өтеуіне татымайды, көңілім толмайды. Білім саласы, соның ішінде оқулық – стратегиялық жағынан аса маңызды сала. Бұл сала мемлекеттің қатаң бақылауында болуы керек. Қазір тендер деген шықты да, оқулық саласына да енді. Мәселен, сарапшылар комиссиясының құрамына кірген адал азамат өткір сын-ескертпелер айтса, оны келесі жолы шақырмайды. Бұл да мәселенің бір ұшы. Мұнда идеология ұмытылған, бастысы – ақша табу. Мүдделі топтар тұра ма, кім білсін?!

Оқулықтардағы қателіктердің жойылмай, керісінше, жыл сайын қайталанып келе жатқаны бұл саланы мемлекет бақылауында ұстай алмай отырғанын көрсетеді. Қатаң бақылау – қатесіз оқулық болар еді. Ал үкімет болса стратегиялық маңыздылығына қарамастан, оқулық дайындауды баспаларға сеніп тапсырды. Қазір баспалардың бәрі жекеменшік. Яғни бәсекелесті орта. Нарық заңына салсаң, бәрі дұрыс. Мұндай тәжірибе өзге елдерде де бар.

Бүбіхан Шәкиева, «Алматыкітап» баспасының өкілі:

– Оқулық саласында қазір 30-40 баспа жұмыс істейді. Сөйтіп, баспалар арасындағы бәсеке күшейді. Министрдің авторлар мен сарапшыларды оқыту, даярлықтан өткізу бастамасы дұрыс. Бәлкім, сонда оқулықта қателік болмайтын шығар. Баспалардың авторларды тұрақты жұмыста ұстауға шамасы жетпейді. Оның үстіне оқулық жазатын авторлардың бәрі ғылыми дәрежесі бар, оқу орындарында сабақ беретін кісілер. Олар өздерінің қызметін тастап, баспаға келіп, тұрақты жұмыс істеуі екіталай нәрсе. Мәселен, біздің баспада әдіскер маман тұрақты жұмыс істейді. Жалпы, оқулық жазуда министрліктің бекіткен ережесі бар. Соған сәйкес, оқулық жазатын адам міндетті түрде ғалым болуы керек, ол оқулықтың ғылыми негізін салады. Екінші – оқулықтың әдістемелік жағын жақсы меңгерген әдіскер болады. Үшінші адам – мықты практик мұғалім болуы шарт. Осындай үштағаннан авторлық ұжым құрылады. Баспа оқулық дайындауды бизнес деп емес, мемлекеттік тапсырыс, идеология деп қарастырады.

Әр баспаның оқулық дайындауға қалай қарайтыны жекеменшік иесінің көзқарас, ұстанымына да байланысты болар. Дегенмен бәсекелесті орта, әлемдік тәжірибе деп, оқулықты баспаларға үлестіріп берудің көлеңкелі жағы да бар. Қалай айтсаңыз да, жекеменшіктің аты – жекеменшік, бизнес.

Ахметжан Аятжанұлы, мұғалім:

– Оқулықтарды баспаға беру – біздегі ең үлкен қателік. Баспа оқулықтарды тек қана басып шығару процесімен айналысуы керек. Оқулықты әдістеме дайындайтын Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы бастан-аяқ дайындап, басуға бергені дұрыс. Ал академия авторларды тұрақты жұмысқа алып, тек оқулық жазуға ғана бағыттаса, оқулық түзеледі. Әйтпесе оқулықта сапа болмайды.

Оқулық дайындауды бір орталыққа беру министр айтып отырған дұрыс емес жүйені дұрыстауға және процесті жүйелеуге сеп болуы мүмкін. Екінші жағынан, авторлар мен әдіскерлер тұрақты жұмысқа алынады. Ең бастысы, оқулықтағы қателікке нақты жауап беретін мекеме болады. Жауапкершілік бөлініске түспейді. Оқулыққа ұжымдық қатынас болмайды.

Руда Зайкенова, филология ғылымының докторы, автор:

– Бұл көңілге қонымды ойланатын жағдай. Бірақ шиін шығарам деп, қиын шығарып алмаймыз ба деп қорқамын. Бірден түбегейлі өзгеріс жасамай, эксперимент ретінде әрекет жасау қажет шығар.

Егер үкімет оқулықтың қатесіз әрі сапалы болғанын шынымен қаласа, онда тәжірибе ретінде оқулық дайындауды бір орталыққа беруді ойластырғаны абзал. Алайда баспалар бұған қалай қарайды?

Анар Елемесова, «Көкжиек-Горизонт» баспа үйінің директоры:

– Оқулық дайындау ісіндегі қандай өзгеріске де байыппен, асқан жауапкершілікпен қараймыз. Оқулықтың сапалы болуы – болашақтың жарқын болуының бірден-бір кепілі. Түрлі баспадан шыққан оқулықтардағы ұстаным, материалдың берілуі әрқилы болып шығуына байланысты мектеп түлектерінің ҰБТ барысында қиналатыны жайында жиі сөз болып келеді. Бұл әсіресе «Тарих» оқулықтарына қатысты. Себебі онда әр дерек, әр дәйек өте маңызды. Бір ғана деректің ғалымдар арасында да талас тудырып жүрген жайттар бар. Сондықтан оларды біріздендіру, жүйелеу қажеттігі сөзсіз.

Оқулық дайындауды жүйелеу қажеттігін баспалардың өзі де теріс көрмейді. Құптайды.

Бүбіхан Шәкиева, «Алматыкітап» баспасының өкілі:

– Жекеменшік баспалардың оқулық шығаруы, авторларды ұйымдастыруы алыс-жақын шетелде бар нәрсе. Оқулық шығару – қыруар жұмыс. Мысалы, біздің баспада 200 адам штатта жұмыс істейді. Академияның негізгі міндеті – бағдарлама жасау және оны ғылыми негіздеу, өндіріске енгізу, сараптамадан өткізу. Ал енді академияның жанынан баспа ашып, оқулықтың бәрін алып кету дегеніңіз оңай шаруа емес.

Әділхан Дүйсебек, «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары:

– Оқулық дайындауды баспалардан алып, бір орталыққа беру дұрыс емес. Себебі қалай десек те, бәсекелестік болуы керек. Қанша жерден қате кетіп жатыр десек те, қазіргі оқулықтар анағұрлым жақсы: әдемі, ішкі мазмұны мол, жаңалықтары көп. Егер теріс көзқараспен ғана емес, оңды көзбен қарасақ, қазіргі оқулықтарда концептуалды өзгерістер бар. Мұның бәрі баспалар арасындағы бәсекеден шығып отыр. Ал егер бәрін жинап алып бір орталыққа берсек, ол өз білгенін істейді де, даму болмайды. Және баспалар қазіргі кезде өздерінің үлкен интеллектуалды қорын жасады, оқулықтар қоры бар. Интеллектуалды – авторлық құқықты баспалар ешкімге бермейді. Сондықтан бәсекелесті орта әр уақытта сапаны дамытады деп ойлаймыз.

Оқулықтарды бір орталыққа берудің қиындығы мен заңнамалық жағына қарамастан, пікір екіге жарылады. Бірі – оқулықтағы қателіктерді азайту үшін дайындау процесін біріздендіріп, жүйелеу қажеттігі бар десе, енді бір пікір қарсы болды.

Осы жерде оқулық дайындаудың баспаларға пайдасы бар ма, әлде зияны көбірек пе дейтін сауал көлденең шығады.

Анар Елемесова, «Көкжиек-Горизонт» баспа үйінің директоры:

– Нарық заңдылықтарына сәйкес, баспалар кейде көп тиражбен жарық көрген оқулықты түзетіп, қайта шығару барысында зардабын да тартып жатады. Бәсекелестік күшті болғандықтан, арқаны кеңге салып, саябырсуға да болмайды. Әрдайым жаңалықтан хабардар болып, заман талабына сай оқулықтарды да жетілдіріп отыру қажет. Оқулық сапалы болу үшін авторлардың да біліктілігін арттыруды мақсат етіп, талаптар қою керек. Ғылым мен әдістеме саласындағы инновациялардан тыс қалмай, құлағдар болу керек.

Демек, пайдасы мен зияны қатар жүреді. Біздің білгеніміздей, оқулықта кеткен қателіктердің өзі баспалар үшін өте үлкен шығын. Мысалы, қателіктерді теріп көрсетіп, дұрыс нұсқасын беру үшін оқулыққа қосымша шығарылады. Міне, сол қосымшаның өзі баспалардың қаржысына ауыр салмақ. Әлбетте, оқулық шығару пайдасыз емес. Пайдасы шаш етектен десе де болады. Оқулық шығарудың есебін де жасап көрдік. Қазіргі оқулықтар түрлі түсті, мұқабасы да әдемі безендіріледі. Бір кітаптың баспаханадан шығатын құны орта есеппен – 471 теңге. Ал оқулықтардың орташа таралымы – 150 мың. Көбейтіп кеп жіберсек, 70 миллион 650 мың теңге шығады. Бұл – бір ғана оқулықтың баспахана құны. Енді осы жүйемен республиканың әр мектебіне мыңдаған данамен тарайтын сандаған оқулықты есептей беріңіз. Осыншама қыруар қаржыдан тиісті саланың шенді-шекпенділері сыйақы алмауы мүмкін бе? Бәлкім, оқулықтардан үнемі қате кетіп, қайта-қайта басылуының бар сыры да осында шығар.

Ал оқулықтардың қайдан шығатыны, қайда басылатыны туралы айтқан кезде Қазақстанның қаншалықты дамығаны алдымыздан шығады. Баспалар оқулықтарды шетелде бастырады. Сенесіз бе, осыған?! Дамыған 30 елдің қатарына ұмтылған елде оқулық басып шығаратын баспахана жоқ. Баспалар оқулықтарды, негізінен, Түркия мен Қытайда бастырады. Қазақстанда «Атамұра» баспасының ғана өз баспаханасы бар. Өзге баспаханалардың оқулық басуға шамасы жетпейді. Бірлі-жарым баспахана оқулық басуға қауқары жеткенімен, ол өте қымбатқа түседі. Себебі кітап басуға керекті қағаз бен бояу түгелдей шетелден әкелінеді. Сөйтеді де, кітап құны шарықтап кетеді. Әрі ол баспаханалардың техникалық мүмкіндіктері де шамалы. Сөйтіп, баспалар ақша үнемдеу үшін әрі сапалы оқулық шығару мақсатында кітаптарды Түркия мен Қытайда бастырып әкеледі. Солайша баспалар әр данадан ақша үнемдейді. Мұны қалай айналдырсақ та, бизнес екені белгілі.

Шетел баспаханаларына кетіп жатқан миллиондаған қаржыны тоқтатудың бір ғана амалы – арнайы жер бөліп, соңғы технологиямен жабдықталған үлкен баспахана салу. Бірақ біздің биліктің ашқан зауыттары мен өнеркәсіптері жабылып тынатынын ескерсек, оқулық басатын баспахана салу туралы ойдан дереу айнып қаласыз. Ең бастысы, оқулық саласында үлкен қаржы айналып жатқандықтан, онда түрлі мүдделі топтардың барын жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, баспалардың оқулықтарын министрлік өткізген соң, әр қала, ауданның білім басқармалары оқушы санына қарай баспаларға «бізге пәлен мың дана керек» деп тапсырыс жасайды, ақшасын аударады. Республика аумағымен есептегенде қаншама мың дана кітапқа тапсырыс беріліп, миллиардтаған ақша жұмсалатыны айтпай-ақ түсінікті.

Бізбен әңгімесінде ұстаз Аятжан Ахметжан: «Оқулық – мемлекеттік маңызы бар іс. Сондықтан ол біреудің тендері, бизнесі болмауы тиіс. Оқулықтың айналасында мүдделі топтар көп», – деді. Ендігі мәселе – Асхат Аймағамбетов оқулық айналасындағы ірі мүдделі топтармен күресе ме, әлде авторлар мен сарапшыларды оқыту, әліппені қайтару сынды жеңіл-желпі дүниелермен айналыса ма? Оған қоса, төрт жыл бұрын қабылданса да, шикіліктің салдарынан үнемі өзгеріс енгізілетін бағдарлама тағы бар. Он үшінші министрдің сыналатын тұстары да – осы.

Өміржан Әбдіхалық

Дереккөз: Жас Алаш

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер