Алмас Кішкенбаевтың ісі бойынша сот шешімі шықты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, Кішкенбаев мас күйінде қоғамдық тәртіпті бұзып, өзге адамдарға тиісу әрекетін жасаған. Сотта ол өз іс-әрекеттерінің мән-жайын есіне түсіре алмайтынын айтқан.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігіне сәйкес, бұл құқықбұзушылық үшін 20 АЕК көлемінде айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған. Сот жағдайды жеңілдететін факторларды анықтамаған. Керісінше ауырлататын жағдай ретінде құқықбұзушылықтың мас күйінде жасалғаны көрсетілген.
Нәтижесінде, Алмас Кішкенбаев кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Соттың қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Kozachkov телеграм арнасында өнер иесінің 17 жастағы курьерге тиіскені туралы ақпарат шыққан еді. Баланың әкесі полицияға арыз жазған. 31 қаңтарда Алматы қаласының Арнайы ауданаралық әкімшілік соты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөліміне («Қоғамдық орындарда тәртіп бұзу») сәйкес іс қозғағаны анықталған еді.