БҚО-да полиция қызметкері әйнектегі жарықшақ үшін Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісіне айыппұл салмақ болған. Алайда жол сақшысының өзі әкімшілік хаттама алып қалды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «Мой город» басылымына сілтеме жасап.
Оқиға Кирсанов-Орал тас жолында болған. Полиция көлікті тоқтатып, жүргізушіге бірнеше хаттама толтырып жатқан кезде Toyota Land Cruiser иесі қызметтік машинаның алдыңғы әйнегіндегі сызатты байқап, тәртіп сақшыларының өздерін жауапқа тартқан.
«Патрульдік полиция маған хаттама толтырды. Ал оған басқа патрульдік полиция келіп хаттама толтырып жатыр»– деді ер адам желіге жүктеген бейнежазбасында.
Кейін эвакуатор полицияның автокөлігін тиеп, алып кетті. Жергілікті полиция департаменті болған жағдайды растады.
«Патрульдік автокөлікте техникалық ақаулар болғандықтан полиция қызметкеріне айыппұл салынды. Ақауды жою үшін көлік базаға жіберілді»,—делінген хабарламада.