Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ: Мұғалімге деген сый-құрмет, адамға деген сый-құрметтен төмен

3867
Adyrna.kz Telegram

Әкім саған айтам, қазақ (ата-ана) сен тыңда...

Қазақстанда жыл сайын қазан айының бірінші жексенбісінде Мұғалімдер күні атап өтіледі..

Қыркүйек айының соңына таман барлық деңгейдегі әкім-қаралар Мағжан айтқан «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген сөзді бірінің аузынан бірі жұлып алып айта бастайды..
Сосын болды...
Келесі жылға дейін тыныштық...
(Тыныштық болғанда мұғалімге тыныштық жоқ қой. "Мұғалім мәртебесі" туралы заң жобасында мұғалімнен ант алу қарастырылған. Сірә, мұғалімдердің белсенділігін сөндіру әрекеті болса керек).

Заң мейлі..
Ал өмірде мұғалімге деген сый-құрмет қаншалықты деңгейде?
Балаға білім нәрін сіңіретін мұғалімге деген сый-құрмет, адамға деген сый-құрметтен төмен десем артық айтпайтын шығармын.

Арғы аптада таңғаларлық жағдайға куә болдым. Ашығын айтсам, сол әсерден әлі айыға алмай жүрмін..

Даулы істерді қараған жиналыстарда сөйлегеніміз болмаса, президиумға қонжиып, трибунаға ұмтылу табиғатымызда жоқ..

Оңтүстіктен Солтүстікке атты көші-қон бағдарламасын насихаттау мақсатында Жетісай қаласына бардық.
Жиналыс төрағасы Ә.Асауов Павлодар облысы, Ертіс ауданы әкімінің орынбасары Жаңбырбай Сағынаев деп таныстырған азамат сөз алып, бағдарламаны егжей-тегжейлі түсіндірді.

Артынан біз де солтүстік облыстарды аралағанда көзбен көргенімізді айтып бердік..
Жиналыс біткен соң Жаңбырбай мырзамен жақынырақ таныстық, әңгімелестік, бағдарлама туралы пікір алмастық дегендей.. Менен 4-5 жас үлкендігі бар екен..
Жаңбырбаймен бір апта облысты араладық.
Әрбір жиналыста Жаңбырбай төрден қасынан орын беріп, қонақ ретінде өзіне ұсынылған сөзді алмай жасым кіші болса да алғашқы сөзді маған беріп жүрді..
Мен мұны әдепті адамның жалпы мұғалімге көрсеткен құрметі деп түсіндім.
Өзіміздің жергілікті шенеуніктерді жамандағанда ешкім жақсы әкімін бермейді, әрине. Бірақ өзіміздегі ешбір әкім-қарадан мұндай құрмет көрген емеспін.

PS Көп адам ескере бермейтін жағдай бар.
Үйінде мектеп, мұғалім туралы жақсы әңгіме айтылмайтын отбасылардың балаларының сабаққа деген қызығушылығын ояту мұғалім үшін әлдеқайда ауыр..
Себебі, ол сәби үшін мектеп жазалайтын орын, мұғалім тек ұрса беретін біреу. Сәбидің қабылдау органдары мұғалім беретін барлық ақпарат үшін жабық болады.

Керекулік шенеуніктен үлгі алыңыздар, күнгейлік мем.қызметкерлер..
Сай болсаңыз да, сай болмасаңыз да сіздерді ел "Элита" дейді..
"Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз" дегендей бекзаттыққа ұмытылыңыздар.. Одан ең алдымен өзіңіздің абыройыңыз көтеріледі.

Жақындап қалған Мұғалім мерекесі құтты болсын, қазақтар!

Негіздердің негізі - білім саласы оңалмай экономика да, саясат та оңалмайтынын естен шығармаңыздар.

 

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер