Қызғыш құс

4599
Adyrna.kz Telegram

Жас әдебиет - жаңа жол

Қазақ әдебиетінің тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі, кешегі бұлғақ пен сырғақтың уақытында қазақ халқының өнерден өрісі бөлінбегенде, жалынсыз жылдар жалына қол салып ел үшін ерен еңбек еткен жылдар ішінде Т.Әбдікәкімов, А. Кәрібжанов, С.Қалиев, М.Райымбекұлы, Ә.Балқыбектер бар. Бірақ осылардың арасынан ерекше, Нар басы ноқтаға симас шешілсе шідерге, кесілсе кісенге көнбес Т.Кеңесбаев мінезі түсініксіз де, түсінікті де.

Түсініксіздігі мінберге шыққан даттауға дырау, мақтауға шығай ағалар өткенді аңсап, арманда жоқ арда таланттарға ода арнап, естің тісін шұқып жеп жүргенмен, арамызда жүрген аққұла талантты, дарынды ескеруге елеуге кемшін тартып, кежегеміз кейін тарта береріміз рас. Қызғаныштың иті иесіз кеткенде, өрт өнердің киесіз кетері даусыз. Қазақ әдебиетінің сөлін нарықтың белінен өткізе алмай жатқанымыз, әдебиетті жеткізе алмай жатқанымызда. Семейдей қара сөздің сары, жұртын сөзбен күңірентіп жүрген тылсым Тыныштықбек аға қасында, талант Талғат бар екені бәсіресіз, әсіресіз ақиқат. Тепсінді, дүмді тұғырлы Талғат мінезі кейде кесек, кейде кесел көрініп жатары түлекті жұртқа түсініксіз көрінгенмен,  жүректі жұрт жылы тартып, жымия қабылдайды да.

Талғат аға Кеңесбаевты алғаш көріп таныған кезімде буынымыз бос, тірсегіміз дірілдек еді. Бойлап білінісе, терең таныса алмадық. Алғаш оқып құрық салған,  бұғау бұзған кітабымыз «Француз әтірінің иісі» болды. Кейінгі көргеніміз «Қызғыш құс»,  бертін бой ұрғанымыз « Олар екеу еді» болды.

Басында білмек үшін оқыдық, кейін көрмек үшін,  қазір қызығып оқимыз.  Т. Кеңесбаев қазақ әдебиетін Мұхтар Әуезовтен кейін мұзарт шыңға апарып тастаған апайтөс, айбат айдынды жазушы.  Ат көпір, сабан сөздің ішінен асыл –табу өте қиын, ал сом алтын, тайтұяқ,  жамбы жырды табу қиынның қиыны. Садағаның садағасы, ақсарбастың ақталуы,  бозқасқаның босқа өлмеуі, тәбәріктің табылуы.  Талғат Кеңесбаевтың тобығы бөлек,  табаны тарғыл тұяғы тұмса шығармаларының бірі «Моцарт» романы.  Роман төрт-ақ беттен тұрады. Ия, ешқандай әдебиет теориясы, сөз заңына бағынбайды. Ал әдебиет заңға –тиіспе. Жалпы өнерді, шын сұлу туындыны табиғаттың өзгеше перзентін бір қалыпқа, бір пішінге кіргізу мүмкін бе. Өзгешелегімен, ұқсамайтындығымен ерекшеленсе керек. Роман мүлде басқаша басталады.

«Түнімен ұйықтай алмаған Адам түс кезінде сүйретіліп орнынан тұрған. «Көзімнің ілінгені сол еді ғой, ұлым-ау. Пианиноңды дарылдатып, оятып жібердің...»- деді ішінен. Әжетхнаға кіріп, шаруасын бітіре отырып, ұзақ ойланды. Анау-мынау емес бір мың доллар. Кеше жігіттер берген тапсырма. Сіріңке.  Шиді түртіп қалады-мың доллар. Мына ескі «Жигулиді» сатады,  жаңасын алады. Тағы...тағы...ойлар...

Адам жаман кісі емес, ақкөңіл.  Аңқау. Бір кісіге жетерлік жомарттығы да бар. Бірақ қорқақ. Өзі соған ыза болады.  Бала болып ойнағанымен, төбелесіп көрмепті.»

Ерекшелігі сонда кейіпкердің аты жоқ. Атсыз, жөнсіз, нәсілсіз. Бір қарағанда автор ештеңе айтып тұрмаған секілді. Ал екінші жағынан терең ойлап, тебірене түсінсеңіз білмейтін, беймәлім жайыттарды анық ұғынасыз. Адам бұл жалпы ұғым. Ішінде ол да, бұл да, қала берді сіз бен біз де бармыз. Біз қаншалық адам деген атқа лайықпыз. Адалдықтың ақ туын қаншалықты биік ұстап жүрміз. Бұл жағы жұмбақ. Бірақ адам екеніміз анық. Ортақ атау, бөлек іс. Бары осы.

Адам өз ісіне мығым. Не істерін, не қажетін біледі. Ал баласы мүлдем басқа. Бөтен әлем. Жаңа жұрт.

«-Кеттік, балам.

-қайда?

-Орманға.

-Ой,папа, қандай молодецсің. Шіркін, менің пианиномды алып барсақ қой!

-Оны қайтесің?-деді Адам баласына қарап.

-Папа, орманның өз әні бар ғой, сен білесің бе оны...

Моцартты тыңдасаң ғой, папа!

Адам баласына күдіктене қарады. «Есі дұрыс емес, әйтпесе жынды кісінің сөзін сөйлей ме?»

Адам –қылмыс, зор зомбылыққа бара жатыр. Ол -, әттегенсіз жүрек әткеншек көңіл баланы ұғар емес. Ұғу да мүмкін емес. Леймнің «Соғыс алдындағы» повесіндегі Фриц пен баланың, А.Канпетидің «ұл»туындысындағы «Соқырланудағы» ғалым мен баланың әңгімесі сияқты.

«-Жүр,папа, біз дайынбыз.

-Бізің кім?

-Шарик пен мен.

-Жетіскен екенсің итпен дос болсаң...»

Себебі адам да мейірім жоқ. Ақжүрек адалдық, дәуренсіз дархандық жоқ. «Малға адамның досы жоқ, малдан басқа». Ол жаңа заманның ескі кейіпкері. Немесе ешкім өлтіре алмас мәңгілік бейне.

«-Папа, орманның иісі қандай тамашы! Иіскеші, бұл да ғажап музыка ғой,- деді Ботай.

«Точно»-деді ішінен Адам. «Точно, жынды, мұны дәрігерге қарату керек».

-Папа, тыңдашы, бұл –Моцарт,-деді ұлы кассетаны қосып жатып. Жүріп кетті.»

Ән мен Адам бөлек. Жазушы осыны соншалық нәзіктікпен тек –тән сезім тілімен жеткізеді. Өнер мен өмір шындығы, бейкүнә балалық пен қатігез қарттық, базарға беттеген сәби мен құр қайтып келе жатқан әке, яғни ақ пен қара, жақсылық пен жамандық, «балалар мен әкелер» мәселесі, бәрі автордың «санап» шығарар сөздер ішінен жарқ етіп шыға келеді. Бос сөзге, артық шашылуға әуестігі жоқ қаламгер түпте жатқан, түрікпен таудың тасасындағы, арыстан артындағы асыл ойларын қаржы қадірін білер саудагерлердей шым-шымдап шығарып, сенімді сіңдіреді. Флоберше: «сөзге сараң, ойға жомарт».

Қалтасына қол салып еді, сіріңке емес, орамал шықты. Анасы қайтыс болғанда жыртысқа таратқан үш жүз орамалдың біреуі өзінде қалған. Т.Кеңесбаев әдебиет әлемінің бар тәсілін майталман майдангердей еркін меңгерген, алып та, шалып та жығады. Жалғыз жол, бір бояумен құлыптаулы, -сандықтың барын ақтарып береді. Бүгінгі көп мақтаулы, дүмді, шұбар төс, қоңыраулы, нөкерлі қаламгерлерден сөзге салақ, ойға олақ жазарманнан Т.Кеңесбаевтың ерекшелігі де осында. А.Дюмоның «Үш нояны», Стендальдің «Қызыл мен қарасы», А.Рюноскенңі «О, томидің ұяты», Ж.Аймауытовтың «Ақбілегіндегі» секілді детальді жазушы жанамай-жасқамай-ақ өзі соққан сөз сарайға бірге қалап жіберген. Адам елге берер орамалды өзіне алып қалған. Орамал емес өлімді, асықтың емес, ажалдың орамалын қалтасында қалдырған. Адамның ісі қорлықты, қауіпті екенін жүрекпен сезіп, іш тартасыз. Ары қарай ауыз бармас, ой жетпес сұмдық бой көрсетеді.

«Адамның талайдан бергі күлгені осы. Өзі-өзінен. Өмірі бойында жоқ қайсарлық келе қалды.  Бір минут батырлық бітті. Шап беріп ақ пудельді ұстап, үстіне шаша-маша бензин құйды. «Әй, сенің де әйелім  Түркиядан алып келген кілемнің үстіне істемегенің бар ма?» шыбықтай иретілген құйрығының ұшына орамалды байлап қойды. Жерге жіберіп, «кә-кә, күшігім» деп еді, ит емес пе, алдыңғы екі аяғын көтеріп, тілі салақтап, шыр көбелек айналды. Ботай үйреткен.

-Қазір сені билетемін, иттің баласы,-деді тұңғыш рет кіжініп. «Ит-иесі үшін»деген атам қазақ, мына орманды жалғыз өзім өртеп жүрем бе? Біреу көріп қалса қайтпекпін. Ботай оянып кетсе мамасына айтып қоймай ма?

Оп-оңай сіріңкені тұтатып тастай салды.

Отты шыр айналған.  Анасынан қалған орамалды алмақ болып қолын созғанда жалын шарпып түсті. «Орамал,орамал-апамнан қалған көз...»

Отқа оранған ақ пудель жан ұшырып барып, Ботай ұйықтап жатқан «Жигулидің» ішіне қашып кірді.

Сол-ақ екен...»

Финал. Сұмдық. Трагедия. Бұған дейінгі қандай шығарманы оқысақ та селт еткізбес су суреттер мүлдем басқа сипатта білінеді. Батыс әдебиетіндегі «Моменто Мори», «өлім сәті» тек кешегі 20-ғасыр басында жалау тастап,  жон тартқызбай кеткен экзистенциализм бағыты,  ұшқыны ұлы туындылар «Қорғансыздың күні», «Айт күндерінде» көрінер кереғарлық трагедиясы көз алдымызға көлденең тартылады. Танымды тұсаулап, сезімді сенделтеті.

«Өрт үш күнге созылған. Бүкіл қала болып жабылып, әрең өшіріп алды.

....Адам тіл-көзден айырылған.  Жүз жылға қартайған. Шашы түсіп қалған. Ол түк емес қой, Ботайдың жылын бергеннен кейін өмір бойы бірге оқыған, бірге тұрған әйелі куйеуге шыққан. Кімге дейсіз ғой?  Налоговыйдағы балдызының бастығына. Ел бір-екі ай сөз қылды. Сосын қойды. Ел сөз қылып жатқанда «Гербалайфпен» қоректенген әйел жалт-жұлт еткен қап-қара «Мерседеске» мініп, қаланың ішінде ағызып жүр.  Жол ережесін бұзбайды.

Адам орманға келді. Өз учаскісіне. Өртенген орман.

«КамАЗ»-ға ыңқитып тұрып ағаш тиеген бауыры жанынан өте шықты. Таныды. Тоқтаған жоқ. Ауру ағаның керегі не? Бірге тумақ болса да, бірге өлмек жоқ. «Заказды уақытында орындау керек, Адам аға!"

Бсисушалақ «Артық сөз жоқ, тек өмір, өмір...», артық айтар кім бар.  Міржақыпшаласақ «Көсемдер кеше қайда едің!»

Өкінішті Адам өртенген орманға келеді.

«... Адам қара күйеге оралған, жалғыз қалған қарағайды құшақтап жылады.  Ботайды-баласын сағынды. Айналасына қарады. Қылтиған түбірлер бір кезде Моцарттың әр нотасын басқан Ботайдың балғын саусақтарындай шошайып-шошайып тұр.»

Музыканы түсінбесе де, түсінген жүрек сөзі бұл.  Ұқпаса да, бұқпас сезім сөзі бұл. Өнерін өлтірген Біржанға арқаны батқан,  Ақанға сөзі, Абайға қамшысы, Әміреге әлегі, Мағжанға мазағы батқан жұрттың сөзі сол. «Ақын-бөбек»,  өнер-бөбек, ән-сәби, әуен әнтек. «Менше сүйер» жан бар ма.

Роман соңындағы сөздер жан шошытып, арқа шымырлатады. Ағаш тиеген камаздар, адамзаттың күнәсін, Адамның өртеген баласын Моцарттың әуенін артқан көліктер.

«Бір кезде, маған сеніңізші, ағаш тиеген жиырма «КамАЗ» келіп тоқтады.

Сол –ақ екен...

Қара орманнан шар ете түскен сәбидің даусы естілді.»

Өлік тиеген көліктер. Кемпірбай, Абай, Әсет, Әлихан, Мұхтар, Сұлтанмахмұт,  Жүсіпбек,  Шәкәрім,  Қаныш аралаған есіл ағаштарды тиеген машиналар. Қазақ даласының шашын жұлып, жүрегін үзген жандар. Романға адасып кіргендегі көрінер «гайшник» бейнесі талай сырдың ашады.

«...МАИ бекеті. Бір кездегі жүдеу «гайшниктің» мойны жуандап, шыр біткен. Бірақ, түтіннің иісі тамағына келіп, жұтына береді екен. Таныс дәрігерлердің бәріне қаралды. Сонда да болмапты. Ауырыда. Өзі сондай беделді. Ешкімді менсінбейтіндердің өзі, оған «Бәленбай, Бәленбаевич» деп, жалтақтап жатады...

-Көмектесіп жіберіңізші, өтінемін сізден.-Мына кісі жолдасын жерлеуге әкеліп тұр.Өзіңіз де білетін шығарсыз, бұл жас жігіт мына МАИ бекетінде тұратын еді ғой, тамағы ауырып, бір-ақ күнде қайтыс болды. Адам қолында бар кезінде керек екен ғой, «Бәленбаевич» деп, бәрі жалпақтап жүруші еді, жерлеуге де келмеді ғой, иттің ғана балалары...»

Ия, ия  бассыздыққа, шектен асқан шексіз айуандыққа жол берген кейіпкерлер сыйқы осындай. Романдағы образдарды жіліктеп, жіктеп бөлсек: 1.Өртеушілер, 2.Өртенушілер, 3.Соған жол берушілер. Егер сіз Ботай ғана өртенді десеңіз қателесесіз. Бала ғана өлді десеңіз, қателесесіз. «Тұрмыс атын-тылсым дейді». Моцарт өлді. Музыка өлді. Сыңсыған орман жан тапсырды. Ақ пудель өлді. Сіз бен біздің балалар ойнар орман отқа оранды.Алаштық арқадағы арқа сүйер ағаштары қара ... қол былғар күиеге айналды. Сіз бен біз өртендік.Отаннның орманына қол салынды. Жеті қазынамыз жанды. Ұлдарымыз шаһид болды. Тәуелсіздік дейтін тәуір сөздің ішіндегі шын трагедия қаузап жазған қаламнан кейін бет көрсетті. Басында төңкерісшіл, кейін басқа соқпақты таңдаған Гоя айтады: «Маған революция туралы айтпаңдар, баррикада басында өлген әйелді көрсетпеңдерші».

Ұлы ұстаз Қ.П.Жүсіп «Миллиондардың басындағы халді біреу арқылы да көрсетуге болады»-дейді. Сөзімізге «Моцарт уәж». Соңғы жиырма жыл ішінде сөз... ішіндегі озығы, мойны озған, қара үзіп шыққаны, жүректен ұрар жебесі, сауыт бұзар сүбелісі осы. Шар етіп шыққан сәби дауысы, есіл орманға жас қайыңға, балғын терекке қойылған ескерткіштегі алаш ағашының азамат жазушыға өкпесі жоқ. «Аласа ағаш» барын берді. Төгілтіп айтып, егіліп айтты. «Сөз өзінікі», бірақ өнер біздікі. Бар өнердің батагөйі әдебиет. Әдебиет елдікі. Табысты талант Талғат Кеңесбаев «Моцарты», француздың «Әшекейі», орыстың «Балдан соңы», жапонның «Мұғалім Мориі» сияқты шаң жұқпас шедевр, бұлт баспас шын туынды екені кәміл. Қор елде қолда бардың қадірі болмай жатары жан суытады.  Т.Кеңесбаевтың тағы бір туысы бөлек туындысы рок-новелла «Марафон».  Басты кейіпкер Дархан бірде ақылды, бірде ақылсыз, бірде комедиант, бірде философ. «Әр бала-данышпан, әр данышпан –бала»

«Айжан шыдай алмай кетті. Жігіттің жанына жетіп барды.

-Жүріңіз...мен сізді жеткізіп салайын.-Қыз байқамай қалды, зағип жігіт қолынан мықтап ұстап үлгеріпті.

-Апарып салыңызшы,-жігіт жылап жіберуге шақ қалды. Осы кезде автобус та көшенің бұрышынан шыға келді. Аялдамадағылар шулап кетті.

«Апарып сал, айналайын...»

«Көргенді бала екен».

«Шапағаты тиелі... шапағаты» деп тапал дауыстап қалды. Қаланың шетіне баратын сары автобус орнынан ыңыранып зорға қозғалды. Жоғарыда бас түйісіп, төменде тау аяқтар құйтақандай баспаларды езіп, автобус іші базардағы еттің өшіретінен кем емес, айғай-шу. Айжан жанарынан айрылған жігітке қарамауға тырысады. Қараса болды өзі жылап жіберетін сияқты.»

Екінші жолы жігіт-мылқау.

«Қыз бен бігіттің жанары түйісіп қалды. Қыз:

-«Сен қызықсың ғой...мұның не енді...»

(сол ма, сол емес пе)

Жігіт: «Сен сондай тамаша қызсың!»

(Айырылмау керек енді).

Қыз: «Неменеге қарайсың, керек едің сен маған?»

Жігіт: «Мен сенімен қалай да танысам, сүйкімді қыз!»

Автобус аялдамаға тоқтады. Айжан автобустан түсіп барады.

Мылқау жігітке тіл бітті.

-Қарындас, сәл кідіре тұрыңызшы.»

Дархан басында қала мен дала, кещелік пен көшелік, Қиясбай мінез бәрі біріге келіп жаңа кейіпкер пішінін жасаған. Дарханды құр нәпсәнің жолында жүрген, тек жүрек лүпіліне ғана мән берер таяз десеңіз қателесесіз. Оның бойында табиғаттың бар бояуы бар. Бұл Кеңестік дәуірдегі «жағымды» немесе «жағымсыз»деген пішінге сыймас бәрі аралас, синтез, кесіп айтуға келмес жаңа образ.

«Айжан оған үрке қарады. Көзі шарасынан шығып барады.

-Сені жалықтырмау үшін,аймалап, жылы-жылы сөздер айтуым ...

-Не смейте!

-Шынында, солай ғой, жылы-жылы сөйлеп жандарыңды өтірік болсада аялап тұрғанды қалайсыңдар. Жасанды аялаумен жандарыңды ауыртқандарыңды кеш,өте кеш түсінесіңдер

-Доғар енді! Тыңдағым келмейді.

-Мен гениймін.

-Жоқ, сен Қожанасыр мен Дон Кихоттың қалдығысың

-Ха...ха...ха... ол да мүмкін.

-Мен кетем...

-Бара бер

-А, солай де фраэр!

Қыз сыртқа ұмтылды. Асығыс киініп жатыр «Дурак ХХ века. Қазір-ақ, алдыма кеп кешірім сұрап жалынарсын». Дархан құтырынған музыканы күшейтіп қойды да, билей жөнелді. Музыка ойнап тұр. Жарқ-жұрқ еткен қызылды-жасылды жарық. Айжан үйден шығып бара жатып күлді. Неге күлгенін өзі де білмейді.»

Біз бұған дейін әрі-сәрі образдарды қайық шеті, жол басына итеріп, қатарға қоспаған едік. Шолоховтағы, Булгаковтағы адасуы көп, алысуы жоқ көрінер кейіпкерлер, І.Есенберлиндегі «Алашордашылар»бейнесі тіпті сұр сұлба емес, қаралар қатарында еді. Дархан жығылып жатқан қызға, сүйген қызына қол созып тұрғызбайды.

«Айжан келе жатып, аяғы тайып кетті де, құлап түсті. (Бұнысы қисынбайтын еді)

«Неткен жасанды едің Айжан».

«Көтерші мені, Дархан».

Жігіт құлап жатқан қызға бұрылып қарады да, басын шайқап алдыға қарай жүре берді.

«Неткен жасанды қылық».

Айжанды серуендеп жүрген кемпір мен шал көтеріп алды.

Шал «Қызым-ау, байқасаң етті».

Кемпір: «осы сендердің түптеріне осы биік өкше етік жетеді, қайдағыны қайдан шығаорады...осылар мода еместі мода ғып... Жазым бола жаздадың ғой... еш жерің ауырған жоқ па?

Алқынып дос қызы жетті.

«Не болды саған?»

-Соқыр, нағыз, соқыр!-деді Айжан.

Кемпір мен шал ештеңе түсінген жоқ. Бастарын шайқап жөндеріне кетті.

«Соқыр, нағыз соқыр».

Дос қызы түсінген жоқ.

Адамдар асығыс басып өтіп жатыр.»

Дарханның қызға сөз айтуы сіз бен біз білер бірегей сценарий жолымен жүрмейді. Ол Алпамыс емес, Қобыланды емес, Ер Тарғын емес, Төлеген емес ешкім емес,  қызға сөз айтуы қазақи ұғымнан алшақ, адами ұғымнан алыс. Тұрмысқа шық деген сөзі тұсаусыз, сүйем деген сөзі шідерсіз.

«Тоқыма тоқып отырған қыздар да бастарын көтерді. «Айжан...айналайын» ... «Дархан...өңім бе, түсім бе?»

-Қыздар, Айжанды оңаша қалдыра тұрыңдаршы. Қыздар аң-таң.

-Қыздар, мен сендерге айтып тұрмын ғой...

Қыздардың көздері бағжиып аң-таң күйлері бөлмеден шығып кетті.

«Мынау жынды ма өзі?»

-Немене айтуға келдің бұл күйіңде?..

-Менің сыртым лас болса да, жаным алмас.

-Тақпақтауын... не айтасың... айт та кет, мен сені көргім келмейді.

-Сен маған күйеуге шығасын ба?

-Не?»

- Күйеуге шығасын ба, жоқ па?

- Мәссаған, сен не?

«..........»

-Сен не...не...

Қыз абдырап не істерін білмеді. Жігіт сұрағын қайталады.

-Бірден қалай айтам?!

-Соңғы рет сұраймын. Күйеуге шығасын ба, жоқ па?

Қыз: «жоқ».

Жігіт: «Сау бол, онда!

Керзі етігін құрп-құрп басып шығып кетті. Еденде етіктің батпиған қап-қара іздері қалды. Айжанның көздерінен мөп-мөлдір моншақтар мөлт-мөлтетіп, омырауына шашылып түсіп.

Жазушы Т.Кеңесбаевтың кейіпкерлері айтумен додаға, айдаумен қораға симайды. Кейіпкер қыз Айжан алғаш жолыққанда Дарханна именбейді, шегінбейді, тайсалмайды, бой тартпайды.

«-Шедевр...шедевр,-деп күбірлеген күйі креслоға барып отырды. Дархан (ол рюмкамен емес, бокалмен ішіп отырған) коньяктан ішіп тағы ішіп салды да, магнитофонның кассетасын ауыстырды. Музыка құтырынып ала жөнелді.Дархан жұмсақ креслода отырған қызға тұңғыш рет сұқтанып қарады. Еріні уылжи ашылып қалған, кірпіктерін жиі қағады. Велюр көйлегінің өңірін тырсылдата теуіп отырған қос анары дем алған сайын дір- дір етіп,ес кетіреді.Толқып отырған қыз жүрегі өзіне қарай еңкейіп келе жатқан жігітті көргенде алқымына тығылды. «Сүйші, Дархан. Мені аймалашы. Сен сондай жақсы жігітсің» ( Қыз жүрегі мен еріні алғашқы сүйісті тағатсыздана күтті. Ұзақ күтіп отырды да, көзін ашып жіберді... ғажайып. Дархан сол қолын бүйіріне таянып коньяк іші тұр. Қыз орнынан ұшып тұрды... ыза боп кетті.»

Шығарма соңында қосылған екі жас бәрі бір жанжалдасып, толасып, ерегесіп бара жатады. «Қыз сықылықтап күлді де, қаша жөнелді. Жаңбыр тағы жауып өтті. Жарқ етіп найзағай ойнағанда екеуі анық көрініп қалды. Қыз қашып, жігіт оны қуып барады...

Қыз: «Сен мені шын сүймейсің... сүйсең аялар едің»... Тағы тағы-жанжалды дауыс.

Автор күбірледі: « Солар ғой...солар...»

Өзі асыға басып келеді.»

Бұлардан бөлек автор. Біз бұған дейін махаббат келісімнен, үйленуден, гормониядан тұрады десек, Т.Кеңесбаев басқаша айқындама береді. Махаббат-күрес. Махаббат-майдан. Махаббат-дәлелдеу. Махаббат екі жүрек арасындағы жүрек жарасы. Махаббат-кейісу мен керісу. Махаббат-достасу мен қастасу. Маххаббат-күнде, күнде сүйетініңді немесе сүймейтініңді, артынан сүймейтініңді, сосын сүйетініңді дәлелдеу. Ух! Ух! Жазушының ұлылығы сонда сананың сілікпесін, ойдың тортасын, қиялдың қиуасын шығарады. Оқырманды бей-жай қалдырмайды. «Ойлы жан қызықсыз» қалады. Жазарманның жете алмас, қас таланттың қиналмай шығар бәсіре биігін, таластау ды талантты жазушы оңай алады, қиналмай жетеді. Шығарма шарты оқушыны өзімен өзін қалдырмау. Кешегі Кеңес дәуіріндегі көсемдер Алашқа ақша бермесе де, Арманға толы Корчагин, Болатбек, Хамит секілді кейіпкерлерді құшақтатып жіберген. Бүгін нарық алға кеткенде, парық артта қалды. Таным тілі тістеліп, сом сөздер солды. Ойлы оқырман, қойлы оқырманға айналды. Таныт тұтылғанда, бағың құтылмас...

Шығарма ішіндегі құрылым бөлек. Табиғаты басқа. ...-новелланың ұлы сүйегін басқаша өрген. Мысалы

«-Онда, -деді Айжан көзін төңкеріп,- мен саған сұрақ қояйын:

А) –Қайда оқисың?

В) –Қандай мамандық иеі болмақсыз және қысқаша өмірбаяныңыз туралы мағлұмат бере кетсеңіз

«а» -Бәлендей мамандығым жоқ, бар болғыны орталық моншада от жағушы болып істеймін.

«б»-Сурет салуға құштармын. Швейцарияда тумағаныма өкінемін..., Немесе;

«ПАНОРАМА: Асау толқынды теңіз жағасы. Гүлді жағалауда мың сан көбелектер ұшып жүр,. Теңіз бетінде жалғыз шағала біресе төмен құлдилап... біресе жоғары шарықтап шарқ ұрып жүр... Жағалауда сан мың көбелектер... Бейне бір алуан гүлдер үзіліп, желмен ұшып жатқандай... Сан –мың көбелектер. Жалғыз шағала»... Немесе;

«Титр: Магазиннің қабырғасына қойылған Электроника 407 телевизорында.

Қасқыр қоянды қуып барады. Қоян қашып бара жатып, құрып қойған қақпанның екі ортасына зу етіп өте шықты. Ал, қасқыр аяғын алғанша қақпанын шаппасы шарт етіп жабылды. Қоян мазақ қылып, күледі. «Ну, погоди,заяц!»

Автор жаңалықтан қорықпайды. Сөзді де, ойды да оңай ойнатады. Секемшіл жұрт бара бермес тәжірибиелерді тізеге салып, үмітті үзбей, күдікті бұзбай оңай жасай салады. Билеп сөндіреді, илеп көндіреді.

Коэло жолда, Спилберг солда қалады. Жарасымды. Сәнді. Сұлу. Өйткені бұл шын шебер. Майталман мастер. Зеңгір зергер. Талғат Кеңесбаев.

Жазушының тосындау жазылған дүниесі «Қанден». Бір қарағанда жеңіл көрінер әңгіме, айналдыра орап, шығар шара қалдырмай, баппен басып арыға әкетеді.

«-Інім,-деді ұзынтұраға жаутаңдап. –Шарикті сендер не істемексіңдер?

-Бізге сенің қанденнің көк тиынға керегі жоқ. Ана шетелдік әйел ертең өзімен бірге еліне ала кетпек.

-Оны не істейді?-деді дауысы дірілдеп.

-Не істеуші еді, мүмкін еліне барған соң қарнын жарып, мүшелеп сататын шығар. Шалдың үстіне біреу мұздай су құйып жібергендей қалтырап кетті.

-Қалай, қалай?

-Әй, әрі тұр,-деді жуан қарын машинаның есігін жауып жатып. –Шетелге ит түгіл баланы да әкетіп жатыр.»

-Не істеуші еді? Иә шетелге бәрін алуда. Жер де. Бел де. Ел де. Тескентау асуда. Соның ішінде жүрексіз қоғамда, тірексіз қалған Қарияның жалғыз қандені де бар. Ит емес, балалар ертеңгі ел бастар, қол бастар Абылайлар, Бауыржандар жат босаға, жылусыз жағалауларға кетіп жатқаны «сөз ішінде»айтылады. «Қарындағы баланың хан боларын кім білер, бесіктегі баланың би боларын кім білер». Әңгіменің соңы біз біттемеген соқпаққа соғады.

«-Мен мас емеспін, шындықты айтам.-деді күжілдеп. –Осы сұмырай кемпір мені құртқан! Шешесінен аумай қалған, оңбаған қатын! Оның шешесі сенің шешең сияқты көрінген төбетпен ылығып, қанығып жүретін, нағыз сука... жәлеп. Сенің шешең сияқты көрінген төбетпен...

Шалдың көзі жарқ етті. Қанден аяғынан жұлып-жұлып алды. Шалбары жыртылып, балтырынан қан шықты.

-Не істедің, иттің ғана баласы!

Шалға жауап орнына қанден тісін ақситты.

Ай қашып жүр...»

Ит иттігін істейді. Көксерек адамның емес, көктің бөрісі екенін танытса, қанден кім екенін тістей, азу батыра көрсетті. Т.Кеңесбаевтың «Қандені» Г.Гессенің «Дала бөрісінен», Д.Лондонның «Ақ азуынан», Н.Булгаковтың «Ит жүрегінен» А.Чеховтың «Каштанкасынан»  сом, шоқтығы биік. Себебі бұл елдің, еңкейген елдің, «үрерге иті қалмаған» жұрттың зары. Марқасын араққа, Арқасын шіріген дараққа сатқан жұрттың көз жасы осында. Бұғып қалғандармен, шығып қалғандардың айта алмағанын Т.Кеңесбаев Толстой жүрекпен, Короленко көңілмен, Шәкәрім шындықпен айтты. Ел «айтты» деген жоқ, Талғат «қайтты» деген жоқ.

Сірі соқпақтағы-соны ойлар.

Т.Кеңесбаевты айдала адасқан, адасып шыққан, шығандаған, шырыны басқа, бұрымы бөтен қаламгер десек ақиқаттан аулақ қонғанымыз. Ол-ескінің соңы. Ол-жаңаның басы. Мұхтар жүрген мұңды жолдың «талант тұяғы», Талғат тұяғы. Кеңес әдебиетімен тәуелсіз әдебиеттің арасын қосар алтын көпір. Шошынбасы да, қосылмас деген екі дауылдың арасын қосқан, ағайындаспас деген ағымдарды қосар асы адал ақ дастархан.

Пікірлер