Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы жаңа мәліметтер жарияланды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
23 сәуір күні өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек әріптесіне жасалған шабуылға қатысты нақты деректерді айтты. Ол шабуылдан кейін күдіктіні ұстауға Берденовтің жүргізушісі көмектескенін растады.
«Күдіктіні ұстауға жүргізуші көмектесті деуге болады. Бұл мәселе тергеу барысында нақты анықталады. Алдын ала мәлімет болжам бойынша, жүргізуші көлігімен күдіктінің жанына барып, оны ұстауға әсер еткен болуы мүмкін. Бірақ нақты ұстап, қамауға алу жұмыстарын полиция қызметкерлері жүргізді», – деді Сәрсен Құранбек.
Сондай-ақ, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары әкімдік басшыларына жеке күзет бөлінбегенін айтты.
«Зардап шеккен әкім орынбасары Берденовте де, басқа әкімдік басшыларында да жеке күзет жоқ. Тіпті қала әкімі Ғабит Әбдімажитовтың өзі де күзетсіз жүреді. Біз қарапайым халықпен еркін араласамыз, ашық жұмыс істейміз. Бұл сіздерге де белгілі жайт», – деді Құранбек.
Сәрсен Құранбек оқиғаның себептері туралы түрлі алып-қашпа әңгімелерге емес, тек ресми мәліметтерге сенуге шақырды.
«Шабуылдың себептері туралы түрлі қауесеттер тарауда. Бұл ақпараттар шындыққа жанаспайды. Тергеу қорытындысы ғана шындықты анықтайды. Мүмкін, шабуыл жасаушы психикалық ауытқуға ұшыраған не психотроптық заттардың әсерінде болған шығар – біз нақты айта алмаймыз», – деді ол.
Еске сала кетейік, 21 сәуір күні кешке Шымкент қалалық әкімдігі ғимаратының маңында Руслан Берденовке оқ атылған еді. Ол жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, қазіргі таңда ем қабылдауда. Ал күдікті ұсталып, қылмыстық іс қозғалды.