Павлодар қаласында ағайынды екі жігіттің арасында орын алған жанжал қайғылы жағдаймен аяқталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Сот материалдарына сәйкес, 2023 жылдың 22 желтоқсанында қаладағы тұрғын үйлердің бірінде ағасы інісіне жұмыссыз жүргені үшін сөгіс айтып, балағат сөздер қолданған. Сол сәтте алкогольдік мас күйде болған кіші інісі ас үй пышағын алып, ағасының сол жақ кеуде тұсына бір рет пышақ сұғып алған. Соққы жүрек тұсын зақымдап, жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған.
Айыпталушы сотта өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін жеткізді. Сонымен қатар оның бұрын сотты болмағаны да ескерілді.
Нәтижесінде сот Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі ("Адам өлтіру") бойынша айыпты деп танып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.