Ақтау қаласында кинотеатрдан шыққан оқушыға шабуыл жасалып, оның бір көзіне пневматикалық қарудан оқ тиген, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Алматы телеарнасына сілтеп.
Салдарынан бозбала көру қабілетінен айырылып, болашақ мамандығынан бас тартуға мәжбүр болған.
Жәбірленуші – 11-сынып оқушысы. Оның айтуынша, досымен бірге кинотеатрдан шыққанда 5-10 адам тап берген.
«Сол сәт есімде жоқ, бәрі тұман секілді. Қазір тек бір көзіммен ғана көремін», – дейді жасөспірім.
Дәрігерлер бірнеше ота жасағанымен, ол ұшқыш болу арманынан айырылды. Анасы Мадина Рысмағанбетова баласының ауыр жарақат алғанын, бастапқыда көзге түскен оқты бірден анықтау мүмкін болмағанын айтты.
Полиция дерегінше, іс бастапқыда Қылмыстық кодекстің 99-бабы («Кісі өлтіруге оқталу») бойынша тіркеліп, кейін 106-бапқа («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») ауыстырылған. Күдікті – кәмелетке толмаған жасөспірім. Ол тергеу кезінде қаладан шықпау туралы қолхатпен босатылған.
Жәбірленушінің отбасы кінәліге қатаң жаза беріліп, әділет салтанат құруын талап етуде.
«Ұлымның тағдырына жауапты адамдар жазасыз қалмауы тиіс», – деді анасы.