Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотында 27 мамыр күні ақын Мұқағали Мақатаевты қорлаған блогер Әлішер Теменов өз шындығын айтып, өзіне және отбасына қысым жасалғанын мәлімдеді. Ол моральдық өтемақы сомасын 500 мың теңгеге дейін төмендетуді сұрады. Бұл туралы Orda.kz жазды, деп хабарлайды “Адырна”.
Ақпаратқа сәйкес, сот отырысы басталмай тұрып, блогер Orda.kz тілшісінің залдан шығуын сұрады. Оның айтуынша, алдыңғы жарияланған материалдардан кейін өзіне қысым көрсетілген. Алайда судья Бейнегүл Қайсина бұл істің ашық өтіп жатқанын және Мұқағали Мақатаевтың жай азамат емес екенін айтып, өтінішті қанағаттандырмады.
Ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев бұған дейінгі сот отырысында моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге талап еткен болатын. Ал бүгінгі отырыста айыпталушы өтемақыны 500 мың теңгеге дейін азайтуды сұрады.
Судья жәбірленуші Жұлдыз Мақатаевтан жауап алды.
«2024 жылдың қазан айында Әлішер Теменов TikTok парақшасында «Туған күнім» өлеңіне байланысты бейнежазба жариялап, менің әкемді – қазақ поэзиясында өз орны бар, халқымыз қадір тұтатын тұлғаны – былапыт сөздермен балағаттады. Ол жерде: «Ей, сен, б***ь, кешке дейін жылай беретін сорлы еркексің» деген сөздер айтылды», — деді Жұлдыз Мақатаев.
Алайда аталған бейнежазба блогердің парақшасынан кейінірек жойылды. Соған қарамастан, видео бірқатар интернет ресурстарда жарияланып үлгерген.
Сот отырысында Әлішер Теменов өз кінәсін мойындап, кешірім сұрады.
«Қателігімді толық мойындаймын. Видеоны 2024 жылғы 4 қазанда жарияладым. Ол бар болғаны бес минут тұрды. Бір журналист көшіріп, Facebook парақшасына жариялап жіберіпті. Сол сәтте салдарын түсініп, видеоны өшірдім. Бірақ кейін өзіме, отбасым мен ауылдағы ата-анама қысым жасала бастады. Сол күні түнде Қарасазға жолға шықтым. Жолай өз ауылыма барсам, ата-анамның үйінің алдында бір топ адам жиналып тұр екен. Мен олардың талабымен парақшамды толықтай жойып, музей алдында ауыл тұрғындарынан кешірім сұрадым», — деді ол.
Жауап алу кезінде блогер поэзияны зерттейтінін және өлең оқитынын айтты. Жәбірленуші тараптың адвокаты: «Мұқағалиды бұрыннан білетін бе едің?» деп сұрақ қойды, алайда Теменов нақты жауап бере алмады. Сұраққа нақты жауап бермегені үшін судья ескерту жасап, сөзін бөлмеуге және сауалдарға нақты жауап беруге міндеттеді.
Блогер сонымен бірге өзінің ауыр материалдық жағдайын айтты: банкте несиелері бар екенін, әйелі екінші баласына жүкті екенін, бір жасар баласы барын айтып, сұралған өтемақыны 10 миллионнан 500 мың теңгеге дейін түсіруді сұрады.
Тараптар мәмілеге келе алмаған соң, блогердің қорғаушысы үзіліс сұрады. Бірақ 15 минуттық үзілістен кейін де келісімге келе алмады. Сот отырысы 16 маусымға шегерілді.
Еске салайық, былтыр 8 қазанда Әлішер Теменов әлеуметтік желідегі парақшасында Мұқағалиды «сорлы еркек» деп балағаттап, бейнежазба жариялады. Осы әрекетіне байланысты Қылмыстық кодекстің 131-бабы 2-тармағы («Қорлау») бойынша іс қозғалды.