Өзбекстан мен Қырғызстанда да ашады. Алмас Сұлтанғазин Burger King мейрамханалар желісін сатып алды

848
Adyrna.kz Telegram
Фото: Tengrinews.kz
Фото: Tengrinews.kz

Қазақстандық кәсіпкер Алмас Сұлтанғазинге тиесілі Holten Group компаниясы Burger King Kazakhstan фастфуд мейрамханалар желісін сатып алды. Бұл туралы Forbes Kazakhstan жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Мәміле шеңберінде компания «Верный Капитал» тобы мен Ануар Өтемұратовтан Қазақстандағы 55 мейрамхананы иеленді. Олар елдің 14 қаласында орналасқан.

Жаңа иеленуші Burger King мейрамханаларын Өзбекстан мен Қырғызстанда да ашуды жоспарлап отыр. Өзбекстанда Holten Group жергілікті International Beverages Tashkent компаниясымен бірге Pepsi, 7UP, Mirinda, Mountain Dew, Adrenaline Rush және Lipton сусындарын шығарады. Burger King бренді сол нарыққа осы серіктестік аясында енбек.

Holten Group — Дубайда тіркелген инвестициялық холдинг. Компания Орталық Азия мен Кавказдағы серпінді жобаларға қаржы құйып, басқаруымен айналысады. Ол Армения мен Грузияда да Pepsi өндіретін зауыттарға иелік етеді.

Сұлтанғазиннің айтуынша, 2025 жылы Грузияда жаңа Pepsi зауытының құрылысы басталған. Бұл өндіріс көлемін едәуір арттырады деп күтілуде.

Алмас Сұлтанғазин — Қазақстандағы ықпалды кәсіпкерлердің бірі. Forbes Kazakhstan оны 2025 жылғы елдің ең бай 75 бизнесмені рейтингінде 40-орынға қойған. Ол Sulpak тұрмыстық техника дүкендер желісінің негізін қалаушылардың бірі ретінде танымал. Компания 1992 жылы құрылып, қазір ресейлік кәсіпкер Игорь Яковлевпен серіктестікте жұмыс істейді.

Пікірлер