Астанадағы Ақорда резиденциясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Италия Министрлер кеңесінің төрағасы Джорджа Мелониді салтанатты түрде қарсы алды. Бұл туралы Ақорда жазды, деп хабарлайды “Адырна”.
Ақорда залында құрмет қарауылы сап түзеді. Тоқаев пен Мелони бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт берген соң Қазақстан мен Италияның әнұрандары шырқалды. Салтанатты рәсімнен кейін олар отырыс залына қарай бағытталды.
Айта кетсек, бүгін таңертең Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джорджа Мелони Астана халықаралық форумының арнайы сессиясына қатысқан. Шарада Италия премьер-министрі қазіргі геосаяси ахуал және өңірлік ынтымақтастық туралы сөз сөйледі.