Бүркенген қызына бүйрегін берген ананың бүкпесіз шындығы

3842
Adyrna.kz Telegram

Салафизмнің салдарынан туған қызынан тірідей айырылған өскемендік анамен кездестік. Айтуынша салафизм ағымын ұстанатын ер адам қызының ауыр күйзелістік жағдайда жүрген сәтін пайдаланып, оған интернетпен теріс дінді уағыздау арқылы күйеуге шығуға көндіріп, үйіне кіргізіп алған. Қазір қызымен байланысы мүлдем үзілген. Күйеуі анасымен кездесуіне қатаң тыйым салған.

-Бізге бастап баяндап беріңізші. Қызыңыз қандай еді?

Анасы:  Қызым ақылды, жайнап тұрған қыз еді ғой. Колледжін оқыттым, жихаз дүкенінде сатушы болып жұмыс істеп жүрген. Мені тыңдайтын, сіңілісіне қамқор, үнемі жанымда болатын... Оғаш мінезін көрген жоқпын.

-Қызыңыздың дінге қызығушылығы қалай басталды?

Анасы: Ол қатты ауырып жүрді. Қант диабеті ауруына шалдығып, екі бүйрегі жұмыс істемей, диализде жүрді. Мама, мен өлемін ғой,-деп өлімнен қатты қорықты. Дәрігерлер де маған солай айтқан болатын. Құдай туралы, о дүние туралы жиі ойлана бастады. Содан бір күні ұзын киініп, басына әдемі орамал салып, намаз оқып үйренемін деп мешітке кетті. Жүрегім қатты ауырды. Қайтеді енді, бір аяғы көрде, бір аяғы жерде тұр ғой. Намаз оқыса оқысын, көңілі жұбанып күйзелісінен арылар деп ойладым... арты бұлай боларын білдім бе.....

-Сонда дінді мешіттен үйренді ме?

Анасы:  Жоқ, ол мешітке сол жолы ғана барды. Одан кейін дінді интернеттен оқып үйреніп жүрді. Оның нені оқып жүргеніне мән бермедім. Сөйтсем қазіргі теріс діндегі күйеуімен де сол интернет арқылы танысыпты.

-Қызыңыздың теріс діни ағымда екенін қалай білдіңіз?

Анасы: Үйден шығып кетіп үш күн жоғалды. Маған қоңырау шалып өзінің күйеуге тигенін, шариғат заңы бойынша үш күн күйеуінің қасында қалатынын айтты. Мен шошып кеттім: «күйеуге шыққаның қалай, екі бүйрегің жұмыс істемей тұрғанда күйеуі несі»,- деп айқайладым...Қызым кешке келіп, бәрін түсіндіретінін айтты. Кешке үйге келді. Есікті ашсам басынан аяғына дейін қап-қара болып киінген, бетіне де маска киіп алыпты. Мен сол жерде есімнен тандым..... Есімді жисам басымды сүйеп, қызым бетіме су бүркіп отыр екен. «Андағы киіміңді шеш, жоғал көзіме көрінбей, қара киіміңді шешпесең үйге кірме»,- деп айқайладым... Бар ойым, қызыма солай айтсам, қайтадан өз киімін киіп қайтып келер деп ойлағанмын ғой..... Қайдам, өз қызым азғана уақыттың ішінде қатты өзгеріпті. Әлгі күйеуімен телефонмен сөйлесті де, үйден шығып кетіп қалды. Қайтып оралмады.

-Денсаулығы не болды?

Анасы: Арада бір апта өткенде қызым денесі ісініп, реанимация бөліміне алып бара жатқанын хабарлады. Жанұшырып ауруханаға бардым. Барсам сол қара киімдері шашылып дәлізде қалыпты. Киімдерінен жағымсыз иіс шығып тұрды. Алладан қызымның амандығын тілеп үш күн аурухананың есігін күзеттім. Дәрігерлер жанын аман алып қалып, бүйрек ауыстыру керектігін айтты. Астана қаласындағы ғылыми орталыққа хабарласып ота жасауға келістік. Өзімнің бір бүйрегімді беретін болдым. Қызыма қара киімдеріңді Астанаға киіп бармашы деп өтіндім. Ол мені хиджап кимесем операцияға бармай, осында қалып өлемін деп қорқытты. Не керек, оның айтқандарына еріксіз көндім. Не кисе де тірі жүрсе екен деп тілейді екенсің. Операция аяқталып, екеуміз қатар екі төсекте жаттық... Сонда қызым маған айтты: Мама, сен білесің бе менің дінім ең таза дін. Егер соғыс болса, намаз оқымайтын анаңды да, ағаңды да сатып кететін дін,-деді. Мен одан: «Егер Алла күйеуің мен анаңның жанын қайсысын бірінші алайын деп сұраса, не дейсің,-деп сұрадым. Сонда қызым шімірікпестен: Әрине сенің жаныңды бірінші ал деп айтар едім,-деді.... Дәл сол сәтте мен одан сырт айналдым. Жүрегім қатты ауырып, көңілім әбден қалды.. «Ата-бабамызда бұлайша қара жамылу болмаған. Саған қара жамылдырған күйеуің, сені менен айырған мына күйеуің сеспей қатсын»,- деп қарғадым. Ол сол сәтте: сен бізді қарғадың,-деп ұзақ жылады- Маған бұл бүйректі сен берген жоқсың, бұны маған сен арқылы Аллах беріп тұр»- деді. Меніңше олардың Алла тағаласы мүлдем басқа... түсіну қиын оларды...

-Негізгі кикілжіңге себеп тек осы қара киім ғана ма? Басқа себеп жоқ па?

Анасы: Әрине теріс дін. «Сен намаз оқымайсың, сенімен араласуға болмайды»,- дейді маған. Мен оған екі рет өмір сыйладым ғой. Өмір сыйладым деп тұрған жоқпын, тіпті қажет болса екі бүйрегімді бірдей беруге дайынмын. Мен анасымын ғой. Теріс дінге кіргізген анау күйеуін жек көрдім. Ауру қызымның ондай теріс дінді ұстанушы, бұрын сотталған адамға күйеуге шығуына мүлдем қарсы болдым. Маған базардан ет сатып әкеліп харам тамақ жеп отырсың деп менімен бірге бір дастарханда отырып тамақ ішуден бас тартты. Намаз оқымаған адам сойған малдың еті харам деді...Намаз оқымайтын адаммен араласу күнә болады деді...телевизор көрме, музыка тыңдама... не деген дін бұл сонда?

-Күйеу балаңызбен тіл табысып, оларды да түсініп көруге тырыспадыңыз ба?

Анасы: Тырыстым. Қызыма ренжісем де оны бір көру үшін бәріне дайын болдым. Шемонайха қаласына қызымды іздеп тұрып жатқан үйлеріне 2-3 рет бардым. Ауласын биік етіп қоршап тастаған. Қақпаның есігін ашпай қойды. «Қызым, мені кешіріңдерші, мен сендерді жақсы көремін. Сені тым болмаса анда-санда бір көріп тұрайыншы. Күйеуіңді ертіп туған үйіңе келіп тұршы,- деп айқайлап жалындым. Қызым есіктің арғы жағынан: мама, сен енді бұл үйге келме, қызың жоқ, мені өліп қалған деп ойла,-деп сыбырлады. Сол кезде жанында тұрған күйеуі: қызыңның не дегенін естідің ғой, енді келсең өлтіріп тастаймын,-деді. Салафит күйеуі мені қызыммен кездестірмеуге тырысады. Сөйлесіп қалса шешесіне деген махаббаты оянып, оны тастап кете ме деп қорқады. Сол үшін оны азғырып, маған күшпен қарсы қойып ұстап отыр. Миын әбден улап тастаған. Мен үшінші рет барғанда туған қызым күйеуінің айтуымен полицияға маған қарсы арыз жазды. Бұл неткен сұмдық? Сонда қызыма бұл діннің дұрыс емес екендігін айтып, оған ешкім көмектесе алмай ма?

-Егер қызыңыз сіздің осы сұқбатыңызды көретін болса, оған не айтар едіңіз?

-Оған теріс діни ағымнан қайтып, денсаулығыңды күтіп, туыс-туғаныңмен араласып, дұрыс өмір сүр деп айтар едім.. Сені сағындық...сіңілің сені сағынып ылғи да жылайды..
Байғұс ананың бұдан ары сөйлесуге жүрегі шыдамады. Жанары жасқа шылаған әйел бізбен үнсіз қоштасып кете барды.

сурет ашық интернет көзінен алынды

Сұқбатты жүргізген
ШҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы Е.Кұрманғалиев,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер