Ойыншық па? У ма?

4210
Adyrna.kz Telegram

 Елімізде өндірілетін ойыншықтардың 90 пайызы талапқа сай келмейді.

Бұған қатысты 2018 жылы  Техникалық реттеу және метрология комитеті еліміздегі ойыншық шығарумен айналысатын 84 кәсіпорынды тексерген. Нәтижесінде 75 кәсіпорынның өнімі талапқа сай келмеген. Тексеру барысында отандық ойыншық өндірушілерге 33 миллион теңге көлемінде 1003 ойыншық топтамасы тәркіленіп, 4 миллион теңгелік айыппұл салынған. Бұған қоса  «елдегі ойыншық саудасымен айналысатын кәсіпорындардың да қызмет көрсету сапасы сын көтермейді» деседі мамандар.

Мәселен, біздегі бүгінгі баланың қолында жүрген ойыншықтардың басым бөлігі Қытай, Ресей, Беларус елдерінен әкелінеді. Ең қызығы, сол сырттан келген ойыншықтардың қауіпсіздік сертификаты да болмайды екен. Мамандар Қытайдан әкелінетін ойыншықтардың құрамында стиролдың көрсеткіші 2,5 пайызға жоғары болатынын баса айтып отыр. Ал бұл пластмасса жасауға арналған токсиндік қаупі бар сұйықтықты химиктеріміздің арасында «көп мөлшерде қосылса нағыз «у» деп атайтындар да бар.

 «Егер қандай да бір затта стирол шамадан тыс болса, адамның жүйке жүйесі сыр беріп, қан айналымы, асқорыту жүйесі бұзылады. Қытайдан елімізге әкелінетін ойыншықтардың денінде стиролдың басым екені анықталды. Бұған қоса сырттан келетін ойыншықтардың құрамында формальдегид те бар. Бұл – адамның тыныс алу жолдарына өзіндік зардабын тигізетін улы иісті газ. Мұның барлығы арзан ойыншықтарда көбірек кездеседі. Өзіңіз білесіз, қазірде арнайы бренді бар қымбат ойыншықтарға екінің бірінің қолы жете бермейді. Сондықтан жұрттың басым бөлігі қара базардан арзан ойыншық сатып алып, баласына ұсынады. Арзан ойыншықтың қымбат дерт әкелетініне қарапайым көпшілік назар аудармайды. Сондықтан бұл жерде елімізге сырттан енетін ойын шықтарға арнайы шектеу қойған дұрыс»,-деді экономист-сарапшы Марал Төртенова.

 Қытай елі өз балаларына тек сапалысын ұсынады

Негізінде, шектеу қою туралы маман сөзінің жаны бар екені даусыз. Аңдасақ, сырттан келетін ойыншықтарға белгілі бір бақылау орнату қажеттілік болып тұр. Мысалы, бізге арзанын тықпалап, түрлі зиянды қоспалары бар ойыншықтарын нарыққа енгізетін сол Қытай елінде тұтынушының сатып алған ойыншығында бір грамм қорғасын көп болатын болса, әлгі тұтынушы ойыншықты шығарған компанияны заң алдында жауап беруге, ірі көлемді айыппұл төлеуіне мәжбүрлеуге толық құқылы. Сондықтан болар Қытайдың ойыншық өндірісшілері өз елдерінде тұтынушының талап-тілегін орындауға келгенде мінсіз болып келеді. Ал сол Қытай елі сырт мемлекеттерге ойыншықтарын насихаттауға келгенде тым айлакер. Қазір әлемнің кез келген елін жаулап алған Қытай ойыншықтары туралы тарқатар мәселе де көп. Мамандар «Қытай елі түрлі насихат жүргізу арқылы ойыншықтарының беделін арттырып отыр» деседі.

Еврейлер ойыншыққа қатты мән береді

Сарапшы-маман, Айда  Айдаржанова:

«Еврейлер баласына бес жасынан бастап «сен данышпансың, қолыңнан бәрі келеді» деп үйретеді. Оны барлығымыз білеміз. Олардың ойыншықтарға мән беретіні соншалық, әлемде болып жатқан жаңалықтарды интеллектуалды ойыншықтар жасау арқылы баланың санасына жеңіл енгізеді. Олардың бала сы жеті жасында әлемдік заманауи жаңалықтарды жаңғақша шағып, тақылдатып тұрады. Біз ұлттық дүниетанымымызды жетілдіргіміз келсе, қазіргі заманға сай интеллектуалдық қарымқабілетті жетілдіретін ойыншықтарды шығаруды қолға алғанымыз жөн. Егер мұндай ойыншықтар шығарамын деген кәсіпорындар, зауыттар болса оларға арнайы жеңілдіктер берілгені де жөн. Мақсат – ол ойыншықтарды сөйлету арқылы батырлар жырын, дастандарды немесе күйлерді насихаттату емес. Біз мұндай ойыншықтарды жасау арқылы әлемдік бренд жинауға тырысқанымыз абзал. Бір ғана мүсіндерін немесе қуыршақтарын әспеттеу арқылы өзге елдер қаншама бедел жинап жатыр. Бізге де осындай идеология керек. Сондықтан ойыншық индустриясын жетілдіруге мемлекет араласуы қажет»,-деді.

Хорваттар ойыншық шығарушыларды барынша дәріптейді

Сараптап көрсек, өзге елдердің ойыншық бизнесіне қоятын талабы ерекше. Айталық, көршілес Ресейде ойыншықтарды сараптап-талдап отыратын арнайы маркетингтік зерттеу орталықтары бар. Бұл орталықтар Ресей балаларын күнделікті қандай ойыншықтарды тұтынатынын, балаларына қандай ойыншықтардың жетіспей жатқанын, нарықта қай ойыншыққа деген сұраныс артқанын ай сайын талдап, таразылап отырады. Мұндай орталықтар Германия, Хорватия, Канада елдерінде де жетіп-артылады. Хорваттар ойыншық әлеміне қатысты ай сайын арнайы көрме өткізіп, баланың дамуына ерекше үлес қосқан кәсіп иелерін үнемі марапаттап отырады. Осыған қарап біздің де елімізге мұндай маркетингтік талдамалық орталықтардың қажеттігі сезіледі. Нақ осы ойын баласына қатысты Конфуций: «жас күнінде ойыншықпен құмары қанып, емін-еркін ойнамаған бала күні ертең ұлттық мәселелерді шешуге келгенде де емін-еркін көсіле алмайды» деген екен.

Қарлығаш ЗАРЫҚХАНҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер