Енді халыққа киім-кешек алу да қиындай бастайды

6873
Adyrna.kz Telegram

Сарапшылардың пайымдауынша, алдағы екі жылда біздегі сауда жүйесіне қатысты  халыққа да, нарыққа да тиімді әрекеттер жасау керек. Себебі киім-кешек саласында қазір бей-берекетсіздік орын алған. Сырттан тауар әкелетін саудагерлер тауарларына 5-6 есе үстеме баға қосып, өз білгендерін істеуде. «Сондықтан нақ осы салаға бақылау қажет» дейді мамандар.

Ол үшін елімізде мемлекеттік сауда нүктелерін ашқан абзал.  Жалпы, арзан сауда нүктелері дегенде бізде біраз саусақпен санамалайтын азық-түлік дүкендері бар. Ал киім-кешегін тағы басқа қажеттілігін өтейтін  болса қарапайым қауым қара базарды жағалайды. Бірақ бүгінде сол қара базардың өзінде тауар бағасы құбылып ырыққа көнбей тұр.
Бұл ретте экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметов:
«Біздің Үкімет банк секторының жұмысына араласуда, біршама компаниялардың да тыныс-тіршілігіне мемлекеттік бақылау күшейтілді. Осындайда «сауда капиталына неге мемлекет араласпауы керек» деген ой туындайды. Өз басым, бұл тұрғыда «елде жеңіл өнеркәсіп өнімдерін арзандатылған бағамен халыққа ұсынатын мемлекеттік сауда дүкендерін ашу керек» деп ойлаймын. Әрине, біздің елімізге киім-кешек атаулы шеттен келетіні белгілі. Осы тұрғыда мемлекеттік бақылау орнатылып, сол шеттен келетін тауарларды ешбір делдалдарсыз бірден мемлекеттік дүкендерге әкеліп түсіріп отырсақ, сонда халықтың арзан киім-кешекке қолы жетер еді. Бұлай етпесек, біздің елдегі сауда нүктелерінің дені жекеменшіктің қолына өтіп кетті. Олар ойына келген бағаларын аспандатып тұр. Бұл үрдіс сауда жүйесінің мінін көбейтпесе, азайтқан жоқ. Сауда нүктелерінің, сауда-саттықтың түгелдей жекеменшіктің қолына өтуі сауда саласындағы сауатсыздықты ұлғайтып отыр. Сондықтан елде мемлекеттік сауда дүкендері ашылуы керек. Бұл салаға жаңаша серпін қажет», – дейді. 
Негізінен сауда-саттық хақында сөз еткенде мамандардың дені «ертерек болжам жасауға, жоспар құруға және қажетті нәрсені мезгілінен бұрын алуға қамданған жөн» деседі. Бұл пікірлер әрине, «қыс қамыңды жаз сайла» деген нақылды нақтылай түседі.
«Жалпы, қазақ қауымы жанталасып сауда жасауға бейім. Кез келген затты нақ сол қажетті күні алуға даярмыз. Мысалы, оқу жылы басталардағы жағдайды ғана айталықшы, сол мерзімде қара базарға барсаңыз, мектеп қажеттілігін өтеуге қарбаласқан халық. Бұқараның бір парасы баласын мектепке даярлау үшін қолындағы бар қаржысы жетпей малын сатып жатса, енді бірі қарызданып-қауғаланып оқу құрал алып, мектеп формасын түгендеп әлек болады. Сауданың қызған шағы екенін сезініп, алдын-ала болжап отыратын саудагер қауымы бұл мезетте мектеп формасының бағасын аспандатып қояды. Халық амалсыз, қажеттілік болған соң саудаласпай-ақ алып жатады. Енді орташа есебін шығарып көрелік: 1 мектеп формасы орта есеппен 15 мың теңге болса, бір баланың оқу құралдар жиынтығы 20 мың теңгені құрасын; ал мектепке қажетті оқулық кітаптары сөз жоқ 25 мың теңгеден айналары сөзсіз. Сонда бір баланы мектепке даярлау үшін орташа есеппен жоқ дегенде бір отбасына 50-60 мың теңге қажет. Ал бір отбасында үш-төрт бала болса еріксіз несие аласыз немесе қолдағы малыңызды сатасыз болмаса біреуден қарыз сұрайсыз»,-дейді.  
Біздегі мерзімдік сауданың сипатын осылай тізбелеген маман келер жылы киім-кешек саудасы тіптен қымбаттай түсетінін алға тартты.

«Себебі 2020 жылдан бастап, жанармай салығы көтеріледі. Ал бұл дегеніңіз - жанармайдың жоқ дегенде 10-15 теңгеге қымбаттайтынын көрсетеді. Жанармай қымбаттаса саудагерлер транзиттік шығынын да тауарына қосады. Көк қағаз қымбаттаса да, олар киім-кешекті бірден қымбаттатып қояды. Сондықтан алдағы уақытта халыққа киім-кешек сатып алу қиындай түседі. Қазіргі қымбатшылықтың өзі халыққа оңай тиіп отырған жоқ.  Қазірдің өзінде халықтың 30 пайызы ас-ауқаттан үнемдеп жүр. Сондықтан біз үшін мемлекеттік сауда дүкендер желісін дамыту тиімді»,-дейді экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов.

Қарлығаш ЗАРЫҚХАНҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер