Шандоз жырдың тұмасы – Балқы Базар хақында

3914
Adyrna.kz Telegram

Бұл фәниден нелер жайсаң өткен жоқ дейсің ықылым заманнан бері. Көзден тайған соң көңілден кетеді. Солардың көбі ұмтылды. Бірақ ол тұлғалардан Балқы Базар жыраудың бақ-талайы өзгешелеу болды жоқтаушыларының арқасында. Есімі ескірмеді, рухы өшпеді. Себебі шығармалары шама-шарқынша жиналып-қатталған-тұғын. Атап өтсек, 1925 жылы Ташкенттен шыққан «Терме» жинағына, 1931 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиеті нұсқалары» атты еңбекке енген. Дарақ дарынның туындылары кейінірек «Үш ғасыр жырлайды» (1965), «Поэты Казахстана» (1978), «Бес ғасыр жырлайды» (1984), «Базар жырау шығармалары» (1986), «XIX ғасыр әдебиеті» (оқу құралы, 1992) аталатын кітаптарда және топтастырылды. Арада өткен біраз уақыттан соң жырау шығармаларының толық, түзу, авторлық қолтаңбасы айқын сақталған бірқатар нұсқаларын, бүгінге шейін жәмиғатқа беймәлім болып келген қайсыбір өлеңдерін тауып «Балқы Базар» деген атаумен «Жұлдыз» журналына (2003 жыл) жарлаған жазушы һәм сыншы Бекділда Алдамжаров-тын.

«Ақжол» газетінде (№374) жарық көрген «Базар жырау» атты мақаласында ақынның жыр-толғауларын жинастырудың қажеттігін айтып, әуелі мәселе көтерген түркішіл боздақ Мағжан Жұмабаев. Әрі былай депті сонда: «Қолымда Базардың 4-5-ақ өлеңі бар… Бірақ осы төрт-бес өлеңде-ақ Базардың сөзге жүйрік, ойлы ақын екендігі сезілетін сықылды» (Қараңыз: Жұмабаев М. Шығармалары: Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер. (Құраст. Х. Абдуллин, Б. Дәрімбетов, З. Жұмабаева) – Алматы: «Жазушы», 1989 жыл, 341-бет).

Бұдан соң осы шаруамен егжей-тегжейлі айналысқан белгілі этнограф-ғалым Әбубәкір Диваев пен жидашы Әлқуат Қайнарбаевтың еңбектері аса зор. Сол жинақталған туындылардың кітаптарға еніп, ел назарына ұсынылуына және қызмет қылған тұлғалар – С.Сейфуллин, Ә. Марғұлан, М. Мағауин, М. Байділдаев, Ш. Алдашев, Х. Сүйіншалиевтер еді.

Балқы Базардың шығармашылығын «Базар жырау Оңдасұлының әдеби мұрасы» атты тақырыпта ғылыми тұрғыдан тұңғыш жан-жақты сараптап таразылаған, өлең-жырларын, көпке белгісіз архивтік нұсқаларын «Жәмиғы қазақ бір туған» деген атаумен (Алматы, «Дешті Қыпшақ», 2008 жыл) толық жинақ қып алғаш шығарған Серікбай Қосан. Базартануда айрықша тер төккен орны бөлек – ғалым.

Белгілі тұлға, ақын С. Сейфуллин: «Бұқар мен Махамбеттен кейінгі толғау алыбы – Базар жырау», – деп бағалапты.

Сол Базар жырау бүгіндері облыс көлемінде ғана ұлықталып жүр, қызылордалық болып… Әбес жәйдің негізі – қазіргі кез Сыр бойы мен Ырғыз даласын жайлаған бір атаның баласы Шөмекейлердің екіге бөлінуінен еді бір-бірінен жаттанып. Бұның түп себебі – сонау отарлау саясатының 1868 жылғы әйгілі «Ережесінде». Ресей империясының өктемдігімен туыстық негізге құрылған көшпенділердің өмір-салты, қоғамдық жүйесі түбегейлі өзгертілді. Жаңаша басқарудың реформасы бойынша облыстар құрылды. Облыстар уездерге, уездер болыстарға бөлінді. Рұқсатсыз мешіттер тұрғызуға, мұсылман медреселерін ашуға тыйым салынды. Бір болысқа бір молда бекітілді. Сұлтандардың хұқықтары шектелді, олар ауыл тұрғындары қатарына жатқызылды. Салықтың түрлері көбейді. Әрине, бұған қазақтар тарапынан түрлі наразылықтар білдірілді.Соның бірі – облыс шекарасын шеңбер тақылеттес емес, солтүстіктен оңтүстікке қарай дағдылы көшу бағытында, нақтылап ұғындырғанда, жолақ бойынша көшіп-қонуды сұрауы. Осындай тілекпен «Ереже» жобасына пікір айтқан орыстың қоғам қайраткері, тарихшы А.И. Левшиннің, Әлімнен шыққан белгілі би, рубасы Мырзағұл Шыманұлының өтініштері қабылданбады. Мұны тарих ғылымы кейін былай деп түсіндіреді: «Әкімшілік бөліністерді, ру бөлінісімен санаспай территориялық принцип бойынша құру «рулық тәртіп» дегенді нашарлатуға бағытталған еді» (Қараңыз: Қазақ ССР тарихы. – Алматы: «Қазақ мемлекет баспасы», 1957 жыл, 411-бет).

Мұның келеңсіз жақтарын жоғарыда баяндап өттік. Сонымен айтпағымызға ойысайық.

МАЙДАН ҚЫЗДЫҢ ШЫРҒАЛАҢЫ

Бес-алты жасар кезімде-ақ естіп білдім, Базар жырау есімін.Атам Кәртеннен. «Әмина қыз» дастанын құлаққа жағымды шағын дауысымен әндете, арасында қара сөзге көшіп, ұғынықты қып жырлайтын. Хикаядағы жігіттің шыбықпен тартып жібергенде итке айналуы, одан оның адам қалпына қайта оралуы, кейін әйелінің байтал боп шыға келуі өте қызық-тұғын мен үшін. Ұзақ уақыт ойланатынмын «сонда қалай?» деп. Шыбық алып мен де ұрушы едім сиырдың, жылқының тезегін, кәмпит бол деп. Айналмайды. Есейгесін ұқтық, астарлы ой екен. Жамандықтың түбі – сор болатынын толғапты Базар атам.

Өзім туып-өскен ортада айтылатын Базар жырау жайлы там-тұмдаған деректер бар. Солардың бірін Сарман аға Райымбаевтан (1947 – 1993) естіген едік: «Базар жырау Мамыттың Жиделібұлағын жайлаған. Атам Киікбай қасында жүрген үнемі. Жұптары жазылмаған», – деген-ді 90-жылдардың басында, әңгіменің орайында. Осыған қатысты мына мәліметтерді де басылымға таңбалап кетіпті: «Базардың көптеген жылдары біздегі «Басқұдық» совхозының №4 фермасына қарасты Мамыт құмында өткен», – депті (Қараңыз: Райымбаев С. Жырау туралы бірер сөз.// Комсомол аудандық «Жаңалық жаршысы» газеті, 25.12. 1990 жыл). Бұл жағдайды жақсы білетіндігі оның атақты жыраумен бірге туысатындығынан. Мұны да жоғарыда біз келтіріп отырған мағұлматтарында былайша куәландырып өткен: «XIX ғасырдағы қазақтың көрнекті ақындарының бірі – Балқы Базар жырау.

…Руы – Балқы, оның ішінде Жауқашты – Қарақұл – Ермек, Кенжебай. Ермектен – Оңдас – Базар. Кенжебайдан – Байқадам – Киікбай – Райымбай», – депті Сарман аға өзіне тікелей қатысты тұсын қысқа ғана қайырып. Сонда Киікбай мен Базардың арасы үш-ақ ата. Шөбере. Шынында да Базардың атасы Ермектің туған бауыры Кенжебайдан тарайтын немере ағайындарымен Балқылардың бір мекені Мамытты қоныс етуі шүбәсіз жағдай ғой.

Бұл баяндалған жайттарды жыраудың тағы бір туысы, тарихқа зерек Ерматов Тыңбайдың (1961) шежіресі қуаттап, толықтыра түседі. Ол бүй дейді: «Алшыннан – Шөмен. Шөменнен – Шөмекей. Шөмекейден – Бозғұл. Бозғұлдан – Балқы. Балқыдан – Болат. Болаттан – Жауқашты. Жауқаштыдан –Отарбай. Отарбайдан – Байсейіт. Ал осы Байсейіттен Қарақұл мен Мырзағұл туады. Қарақұлдан – Ермек, Кенжебай, Мәмбет, Берден есімді төрт ұл. Ермектен – Оңдас. Оңдастан – Базар атам. Енді Ермектің туған інісі Кенжебайдан – Байқадам. Байқадамнан – Киікбай. Киікбайдан – Райымбай (1880 – 1980), Керімбай, Сүйеубай деген аталарым өрген. Бұлардан ұрпақтар бар. Мен Базардың жаңа аталған Қарақұл бабасының інісі Мырзағұлдың нәсілімін. Таратып айтсам былай: Мырзағұлдан – Шегетай, Доспанбет, Тілемес, Есеналы, Қарамырза. Шегетайдан – Әйтен, Бәйтен, Егізбай, Жантелі, Ордабай, Аяпберген, Елшібай, Құлмалай. Бәйтеннен – Өтеген, Өтегеннен – Ермат, Ерматтан – Тәліп, Жалғас (1910 – 1973). Жалғастан екі қыз, төрт ұлмыз. Әкем шежірені құлағыма үнемі құйып отырды. Жаздыратын. Пайғамбар жасында дүниеден озды, он екіге толған кезім-ді. Әйтсе де айтқандары жадымда жақсы сақталыпты. Кейін де талай тәптіштеп сұрап, қағазға түртіп алдым Жамал, Шоқан деген аталарымнан. Бабам Жауқаштыдан өретін Отарбай ұрпақтарын».

Тыңбай Жауқашты балаларын шашау шығармай түгелдей жіпке тізіп берді. Пікірімізге соның қатысты тұстарын ғана пайдаланып отырмыз.

Сарман Райымбаев Базардың біршама жылдары Мамытта өткен дейді. Енді осы тұрғыда баяндалмақ жайттардың тарихына қарындас қауымның жан-жақты қанығуы үшін аталған өңір турасында мәлімет бере кетейік.

Мамыт Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының оңтүстік-шығыс беткейіндегі Басқұдық ауылдық округіне қарасты жер. Ені 30 шақырым, солтүстіктен шығысқа қарай 70 шақырымға созылып жатқан төбешікті құм. Бұл жобалап айтқанда. Ауқымы бұдан әлдеқайда кеңдеу. Келбеті көркем. Әр тұста топталып өскен жидек, тал-шілік. Кішігірім тоғай іспетті. Қиқулап жатқан нешеме құстар. Сан алуан шөптің бұрқыраған иісі. Мұның бәрі көрген жанды әсерлендірмей қоймайды. Мамыттың сұлу көркінің сипатын құр баяндаумен ашып бере алмаспыз, сірә. Одан да өлең сөздің хас шебері Сарышолақ ақынға жүгінейік, оның бейнесін анық қып жеткізу үшін. «Ұлы Құм» атты толғауында бүй депті ол:

Ұлы Құм-ау, Ұлы Құм,

Түйе бойлы шілігің.

Аңқып көкірек ашатын,

Жидекті бал шырының.

Айналайын, Ұлы Құм,

Жаз болғанда тербеліп,

Шәушілдейді шыбығың.

Бәйшешегің көкке сермеліп,

Қыздай еді қылығың.

Қояның қойдай өретін,

Шіл құлдырай жөнетін.

Қарсағың қашып қырқадан,

Әр төбеден түлкі өнетін.

Кекілік шулай асатын,

Тұрымтай ән сап беретін.

Үкілер улеп түнімен,

Ерекше күйге басатын.

Бұлдырық ұшар зуылдап,

Күзенің қашар шуылдап,

Қырғиың қалқыр қырындап,

Қасқырың жортса қаңтарда,

Торғайың дүрк дуылдап,

Доңызың жөңкір дызылдап.

Мәлін несібе айырып,

Дуадақ қанат қайырып,

Сауысқаны шақылдап,

Байғыздары шаңқылдап,

Ат қайшылап құлағын,

Жапалақ ұшар жалпылдап.

Тіршілігім – Ұлы Құм,

Құм да болса, Алтын Бақ! (Қараңыз: Боранбайұлы С. Азаттық еді аңсаған (Таңдамалы шығармалар). –Алматы: «Ел-шежіре», 2006 жыл, 124-125 беттер).

Атақты Ұлы Құм – шарлаған өңіріміз. Келбетімен жақсы таныспыз. Мамыттың табиғаты да тап осы жырдағыдай! Айна қатесіз. «Құм да болса, Алтын Бақ!»

«Мамыт» сөзі ескі замандағы қазақтың лексикалық қорында болған. Дыбысталу пішіні ана тіліміздің заңдылықтарына сай өзгеріп, араб тілінен енген. «Мақтауға, алғысқа лайық» деген мағынаны береді екен (Қараңыз: Джанузаков Т.Д. Ваше имя?: Казахско-русский толковый словарь имен. – Алма-Ата: «Казахстан», 1989. стр.100). Уақыт оза қолдану жиілігі бәсеңдеп, бүгіндері пайдалану аясынан мүлде шығып қалған.

Бабаларымыз аталған шұрайлы өңір ажарын бір-ақ ауыз сөзбен осылай бағалапты.

Ырғыз өңірі шежіресін жетік білетін Бірманов Амантай есімді ағамыз (1950) мынадай деректер берген-ді:«Мамыт әуеліде Шөмекей руы Тоқа тайпасының мекені болған. Бір заманда Сәтбай деген кісі Тоқа балаларын Тәуіпке жинап шоғырландырыпты болыс құру үшін. Олар ірге көтерген соң төрт Шөменнің бас биі Алмат Тобабергенұлы (1804 ж.т. – 1892 ж.ө.- Б.К.) Аққұмның маңын, Қарақай өзені бойын жайлап жүрген Балқыдан тарайтын Сабай, Сәмет, Пұшық аталықтарын Мамыттың босап қалған жерлеріне қоныстандырыпты. Ал Жауқаштылар бұған дейін-ақ құмның басталар солтүстік жағын мекендеген».

Отарлау саясатын жетілдірудегі мүддесіне ыңғайлап жүргізген Ресей империясының «Уақытша ереже» реформасы бойынша 1867- 1868 жылдары қазақ даласы болыстық басқару жүйесіне көшірілгенін сөз басында айта кеткен едік. А. Бірмановтың мәліметі тарихта өткен осы оқиға датасына сәйкес. Демек, дерегі – нақты.

Аталған Қарақай өзені Мамыттың шығыс жағын 20-25 шақырымдай қашықтықта бойлай ағып, аяқталар тұсы оңтүстік-батысқа бұрылыс жасап құмға жетер-жетпесте бітеді.

Ырғыздың иен даласының бір шеті Мамытта Балқы Базардың қызықты дәуренінің бір бөлігін өткізгенін дәлелдейтін, оған тікелей байланысы бар мына жайтты осы өңірдің тумасы, зейнеткер Кеңес аға Орынбеков: «Майдан қашқан аталатын жер бар. Сарыбұлақтан әрі (Бұрынғы «Басқұдық» совхозының №4 фермасы.-Б.К.). Теміралы мен Есекенің қақ ортасында, бұл екі қоныстың арасы үш шақырым. Шалдардан естігенім Майдан атастырылып қойған қыз екен. Шобдар аталығына. Соны Базар алып қашыпты. Соңы үлкен дауға айналған. «Майдан қашқан» делініп кетіпті сонан сол тұс біраз уақытқа шейін», – деп баян қылған-ды бізге.

Теміралы да, Есеке де Мамыт құмы енінің аяқталар тұсында, анығырақ айтсақ оңтүстік-батыс жағында.

Осы мәліметті кеңінен өрбітейік. Базар жырау мен Майдан қызға байланысты жинаған қолдағы деректерде біраз қайшылық тудыратын жаңсақтықтар, ауыс-түйіс артық пікірлер орын алған. Бұлай болуы оқиғаға арада бір жарым ғасырға жуық уақыт өткен. Нақты шындығының күңгірттене бастауы содан. Мағлұмат нұсқаларын бір-бірімен салыстырдық, мән-жаймен сәйкестігін сараладық, зерттеу әдістерінің басқа да талаптарын назарда ұстадық. Өстіп оқиға ақиқатын нобайладық.

Майдан өте сұлу болыпты. «Шүйінішбай дегеннің қызы еді», – дейді оны Қ. Молдахметов есімді қармақшылық азамат (Қараңыз: Базар жырау мен сардар Алмат.// «Тұран-Қазалы» газеті, 8.01. 2005 жыл). Алайда Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында тұратын Майданның інілерінің, сіңілісі Айжаннан өрген жиендерінің деректері, рулық шежіре бұл пікірді теріске шығарады. Растайық. Балқы Шөмекей руының Бозғұл тайпасынан тарайды дедік. Балқының бір баласы Пұшық. Осы Пұшықтан – Құдайсүгір, Сатыбалды туады. Құдайсүгірден – Мәттек, Мәттектен – Сарыбас, Сарыбастан – Төртбай, Тезекбай, Жетекбай, Бесбай, Төртбайдан – Бектемір, Естемір, Темірбай және Майдан, Айжан атты екі қыз.

Ескерте кетейік, пайдаланып отырған мағлұматтардың бірқатарын Майданмен бір атадан өретін Қасымхан, Еламан есімді азаматтардан алдық. Туыстығын ашып көрсетейік. Төртбайдың Бектемірінен – Нұржан, Нұржаннан – Тәжімағанбет (1915 – 1968), Тәжімағанбеттен – Қалқаман, Еламан (1955), Күләйім. Ал Төртбайдың туған бауыры Бесбайдан – Күмісбай, Күмісбайдан – Тілеш, Тілештен – Бақтыбай, Бақтыбайдан – Қасымхан (1948).

Базар Майдан қызды бұрыннан өзара уәде байласқан жігітіне алып берген. «Аты – Кетебай, жыраудың жақын інісі», – деп куәландырады Ш. Алдашев (Қараңыз:«Жұлдыз» журналы, №5, 1981жыл, 208-бет). Қармақшылық Қ. Молдахметов мұны: «Сәлім есімді кісінің баласы-тұғын», – деген мәліметімен қостайды (Қараңыз: Базар жырау мен сардар Алмат.// «Тұран-Қазалы» газеті, 8.01. 2005 жыл). Қолдағы Жауқашты Балқылар шежіресінің бірнеше нұсқасын мұқият әлденеше сүзіп шықтық. Аталған кісілер есімдерін кездестірмедік. Бұны әлі де анықтай түсу қажет күмәнсіз шындықты індету үшін.

Хош. Сөзімізді жалғастырайық. Жаз жайлауы Мамытты мекендеп жүрген кезі екен Базардың. Отарбай атасынан тараған ет жақындарымен бірге. Ағайындарға астыртын сәлем айтыпты Сыр бойындағы: «Қыз атастырылған еліне көп ұзамай ұзатылмақ», – деп. Хабарды ести сала Мамытқа суыт жетеді бірнеше жігітті бастап Базардың әлгі туысы. Тілеулес ағасының ұқыпты ойластырған ақыл-айласының арқасында, жұрт қалың ұйқыға енген шақта, қиындықсыз Майданды алып шығып, із тастап үлгереді. Сол заманда жер дауы, жесір дауы – үлкен мәселе екен. Арты шуға айналады. Майдан атастырылған ру осал емес-ті. Шобдар жұрты еді. «Жарты патша» атанған, Әлім-Шөменге аса беделді би, сардар Алмат Тобабергенұлының елі. Майданның атастырылған болашақ күйеуі – Естай деген екен, атақты шонжармен туысады. Шөмекей руының Бозғұл тайпасынан, Шобдар аталығы. Ұғынықты болсын, таратып көрсетейік туыстығын. Шобдардан – Қалақ, Қалақтан – Әлібек, Арыстан, Әлібектен – Киікбай батыр.,Киікбайдан –Тобаберген, Қожас, Бабас, Айдос, Сүгіртай,Тобабергеннен – Алмат (1804 – 1892), Алматтан – Самырат, Төремұрат, Қосмұрат, Мақан, Пірмақан. Ал Бабастан – Қожағұл, Ысмайыл, Сүйінбай, Мойнақ, Тұрым, Қашқын. Осы Қашқыннан – Шынтай, Шынтайдан – Естай. Сонда ол Алматпен төрт-ақ атадан тоғысады (Мәліметті беруші Тельман аға Шағатай баласы (1934), Қожастың нәсілі).

Содан дүрліккен Шобдар шырақ алып Базардың соңына түседі. Кенжеғара болысын басқарып тұрған шағы екен Алматұлы Самыраттың (Нақты деректер бойынша бұл 1875 – 1889 жылдар аралығы. — Б.К.). Қолында билігі бар ол қатуланып жазалауға бекінеді. Басынан қиқу кетпей түртпекке қатты ұшыраған Базардың амалы таусылады. Ақыры жолын табады қыспақтан шығудың. Әйгілі Төртқара Жаныс биге жүгінеді. Әлім-Шөмен ішінде беделі өте жоғары, қара қылды қақ жарған әділдігімен дүйім елге аты таныс. Базардың дарынына қанық би оның арыз-мұңын тыңдап, дауды шешудің уақытын белгілепті. Сонымен не керек уағдалы мерзімде екі жақтың шағымы тыңдалып, кесімді уәж айтылыпты: «Шынтай баласы Естайға Майданның сіңілісі Айжан айып өтеуі болсын!» – деп. Осы бәтуаға бәрі де тоқтапты.

Айжанның ай сипатты жамалы талайларды ынтық қылыпты өзіне. Ақылы да көркіне сай түскен. «Ел апалы-сіңілі бұларды Майдан сұлу, Айжан сұлу атапты», – деп куәлік береді туыстары.

Басына үйірілген бұлтты ыдыратқан Жаныс бидің әділдігін Базар жыр ғып кестелепті. Өкінішке қарай, тұтас жетпей оданың бір үзігі ғана халық аузында сақталыпты:

«Ақтасты Ұлы Ырғыздан емес алыс,

Жер еді барып жүрген көзге таныс.

Тепеңдеп торы төбелмен барғанымда,

Таймады әділдіктен қайран Жаныс», – деген (Қараңыз: М.Ақдәулетұлы. Жаныс Сығайұлы.// «Ақтөбе» газеті, 29.11. 2007 жыл).

Ақтасты – бұрынғы Қарабұтақ ауданы территориясындағы мекен. Мамыттан 170-180 шақырым. Бағзыдағы жұртымыздың Ырғыз бен Ор бойынан сонау Сырға дейін жыл он екі ай көшіп-қонып жүргені тарихтан мәлім. Демек, қазақ үшін 200 шақырымдық жол түк те емес – «таяқ тастам». Базардың: «Ақтасты Ұлы Ырғыздан емес алыс, Жер еді барып жүрген көзге таныс», – деуі сол көшпелі тұрмыстан қалыптасқан таным. Қазірде де айтылады емес пе: «Қазақтың иек астындағы жері – бір күндік жол», – деген әзіл сөз. Һәм арқа жақтағы Төртқаралар арасында бұған шейін жыраудың талай болғаны аңдалады.

Осы оқиғаға байланысты кейбір тармақтары Ырғыз өңірінде, Сыр бойында сәл өзгерістерге түсіп, Базарға телініп жүрген мынадай да бір шумақ өлең бар ел ішінде:

«Балқының он бір жігіт ері келді,

Ішінде батыр Базар бөрі келді.

Майданды таң салқында алып барам,

Шынтайға хан Қореннің кері келді», – дейтін (Қараңыз: А. Бөдешұлы. Жәмиғы жұрттың Базары.// «Сыр бойы» газеті, №124 (18418).

Бұл – анығында Шобдарлармен әзіл қағыстыратын біреулердің кейіннен шығарған қалжыңы. Даусыз ақиқаты – Базардікі емес!

Естай Самыратқа делбеші екен, баяндалып отырған жағдай орын алған мезгілде. Алыс сапарларда жазыда қауіп төндіретін оқыс жайттардың болуы әбден мүмкін һәм атты баптап күту, күймеге жегу сияқты жұмыстары және бар. Содан болар Самырат осы немере туысын жанына серік қылыпты ылғи. Естай ірі денелі, қарулы болған дейді. Бұл кезде оны 17-20 жас шамасында деп болжаймыз. Бүй деуге жоғарыда аталған Алматтың Мақан атты ұлынан 1924 жылы туған Рақи әкейдің: «Ырғыздан 25-35 км жерде, Сарыөзек бойындағы, Шобдарлардың жеріндегі Құмкөлде Шынтай баласы Естай 1925 жылы 63 жасында қайтыс болған. 1964 жылы Естай баласы Алтыбай басына құлыптас қойған. 1997 жылы 1 июль айында» әдейі барып көрдім. Құлыптас бұзылмаған, ол жерде көп құлыптас жоқ. Нұрлыбек, Пірлән (Рақидың әйелі.– Б.К.), Рақи», – деп түзіп кеткен қолдағы мәліметі негіз (Дерек Естай ұрпағы Дабылдан алынды.– Б.К.). Сонда Естай 1862 жылы туған. Ал Майдан одан асса үш-төрт жас кіші болар. Бұдан әрі не бері емес. Өйткені, «Апамыз күйеуге ерте шығып кетіпті деп отыратын әкелеріміз»,– дейді бір атадан өретін інілері. Демек, оқиға 1880 – 1883 жылдар аралығында өткен. Есебіміз – дұрыс.

Естай Айжан сұлудан Алтыбай (1893 — 1966), Жетібай (1897 — 1970) деген перзенттер сүйеді. Бұлардан тараған ұрпақ – қазір өсіп-өнген үлкен әулет.

Мамыт өңірінде туып-өскен Тұрсынбеков Шәкіртай дейтін ағамыз айтады: «Айжан аталатын көл бар. Теміралыдан 20 шақырым шамасында, батыс жағында. Алтыкебенге тиіп тұр. Суы көктемде молаяды да, жаз ортасында сәл тартылады. Мал суаратын едік содан», – деп. Анығында аталған бұл жерді Балқыдан өретін Пұшық балалары, яғни Майдан мен Айжан шыққан аталық ертеректе тұрақты жайлаған. Тарихтан аттары руға айналған әйелдерді жақсы білеміз. Олай болса, талайды өзіне ынтазар қылған Айжан сұлудың есімі де құрметпен бір көлдің атауына айналуы бек мүмкін жағдай.

Дау басылды дедік. Алайда көңілінде өкпе-реніш қалған Базар Мамыттан Жалпақтауға бет түзепті. Жарық дүние есігін ашқан өңірі өзінің.

Сырғып айлар өтеді, жылжып жылдар өтеді. «Жақсы адамның ашуы жібек орамал кепкенше…». Қай кезде де ақылын жоғалтпаған, қаркесті Алмат қарт Базарға хабар салыпты дейді бірде: «Келсін, жыр айтсын!» – деп. «Келсін, жыр айтсын!» – деуі де сылтау сөз. Астары – Базармен қайта табысудың амалы-тұғын. Ескі күннің бір данагөй шалы айтыпты ғой: «Екі жақсы қосылса, Бірін бірі қия алмас, – Екі жаман дос болса, Бір мекенге сия алмас», – деп. Өкпесі тарқаған жырау да ағасымен жарасудың сәті түскеніне қуанады. Бірақ, әлдебір себептермен сәл уақыт оздырып алады. Әйтсе де, жолға шығады. Аққұмдағы Алматтың ордасына жеткен Базар (Аққұм – қазір Әйтеке би ауданына қарасты жер. – Б.К.) табалдырықтан енді аттап, үйге ене бергенде ағалық доқ көрсеткен би жорта: «Кірме, көрінбе көзіме!» – деп ақырып жіберіпті дейді. Сонда сасып қалған жырау бір аяғы іште, бір аяғы сыртта: «Алайма сардар, алайма, алайма сардар, алайма», – деген сөздерді әлденеше қайталап барып, аздан соң төгілте жөнеліпті әрі қарай:

– Арғы атаң Әлібектен батырларым,

Келіскен содан бері ақырларың.

Ордаңа өзім іздеп биыл келдім,

«Келсін», – деп өткен жыл-ды шақырғаның.

Жер шалғай, алыс жолға ат табылмай,

Себебі сол ед, сардар, жатырғаным.

Ырзамын сөкпек түгіл, соқсаң да аға,

Кеуіліме келмейді кейіп, ақырғаның.

Тұқымы жылқыңыздың құла ала-ды,

Күлте жал, құйрығы ұзын шұбылады.

Ашқа азық, азға қамқор болып талай,

Алдыңнан қайтқан күліп жылағаны.

Қайратың қара түгіл ханға мәлім,

Қолыңнан мені өлтірсең кім алады?

Сонда да, сардар, сіздің алдыңызда,

Қалмайын сөзімді айтпай сыбағалы.

Не сөз бар қайратыңды халық көргесін,

Кісіге тай сұраса, ат бергенсің.

Қазақтың киіз үйлі таласы жоқ,

Өлшеусіз осынша артық бақ бергенсін.

Иманым тас төбеме кетті шығып,

Қараудың тарғылындай тап бергенсін.

Қалай да бұл қатерден құтылармын,

«Сөйле», – деп Тәңірім тіл мен жақ бергенсін.

Тұқымы жылқыңыздың өңшең құла,

Өсірдің балдарыңды етіп бұла.

Бекеттен бермен қарай бабаларың,

Өтпеген бір-бірінен кем боп, сірә.

Тең болып текті жерден қосылып жар,

Кетіпті өле-өлгенше кеулі тына.

Атаңыз Киікбайға оқ тигенде,

Өзі аттап, түсіріпті анаң – Қына.

Болғанда ағам – Алмат, жеңгем – Күміс,

Ешкімге біткен емес мұндай туыс.

Ақырып Алмат ағам сыртқа шықса,

Болады Әлім, Шөмен бір-ақ уыс (Қараңыз: Балқы Базар.// «Жұлдыз» журналы, № 6, 2003 жыл, 191-бет).

Сөзін тәмамдаған Базар ағаттық жібердім деп өткен ісі үшін кешірім сұрапты. Ризалық білдірген Алмат ағасы да өкпе-назды ұмытып, оны құшағына алыпты дейді айтушылар.

Аз-кем реніштен соң ағайындарымен қайта қауышқан Базар жырау ата-жұртының бір пұшпағы Ырғыз даласына мұнан кейін де ат ізін жиі салып тұрған. 1892 жылы Алмат ата дүниеден озғанда арнайы келіп, оның баласы Мақанға бүй деп көңіл айтқан:

«Алпекем, емес еді қалыс адам,

Жоқ еді ақ кеуіліне алыс адам.

Бекзада болып өсті ұлдары да,

Қыздары кем болған жоқ ханышадан.

Артпақшы абыройы адамзаттың,

Береке тұқымына дарыса адам.

Ешуақытта етпес ісін ашқарақтың,

Бір тегі уызында жарыса адам.

Халық қамын қартайғанша ойлап кетті,

Арман не сондай болып қарыса адам?

Мақанжан, қалдың ердің орнында,

Бабаңның қонсын орнап бағы саған» (Қараңыз: Балқы Базар.// «Жұлдыз» журналы, №6, 2003 жыл, 192-бет).

Осы жылдарға сәйкес келетін, Киікбайұлы Райымбай қарттың кенже баласы Сағындыққа (1965) айтып кеткен естелігін баяндайық. Ол: «Базар ағама еріп Жиделібұлақтан (Мамыттағы жер аты.-Б.К.) сапарға шықтым бір күндері, – дейді екен.

– Бағытымыз – Жалпақтау. Екеуіміз екі аттамыз. Базар сәнді киінетін. Ірі денелі-тұғын. Оның үстіне қарулы еді. Жанынан домбырасын тастамайтын. Насыбай ататын. Саптама етігінің қонышына салып жүретін шақшасын. Ер-тұрманы да әсем еді. Күміс шаптырған. Ұмытпасам Шалқар мен Сексеуілдің арасы болар деймін, екі атты кісі сопаң етіп шыға келді алдымыздан. Олар бізге тақала түсіп, кенеттен Базарға жармаса кетті. Оның көз ілеспес жылдамдығы сондай сондағы, қонышынан шақшаны суырып алып біреуінің бетіне шашып жіберді де, екіншісін ұрып түсірді. Сонан көзін аша алмай әуреленіп қалған оның серігін де жерге құлатты. Өзі біреуінің қолын байлап жатып маған бұйырды: «Бала, сен ананың да қолын байла! Бірақ біраздан соң шешілетіндей қыл. Өліп қалмасын», – деп. Сонан есінен танып жатқан оларды матап тастап әрі қарай жүріп кеттік. Мен он екі жаста едім сонда». Есептесек бұл жағдай 1892 жылы болған. Өйткені, Райымбай қарттың туған жылы – 1880. Атамыздың дерегінен көңіл айтуға келген Базардың сол жылы Балқылардың жаз жайлауы Мамыттағы ағайындарында біраз кідіргені аңдалады.

Сонымен баяндалған оқиғаның нақты айғағы – Майдан қашқан атауы уақыт оза ұмытыла бастайды. Мұның себебі бар. Пұшық Балқыда мыңғыртып мал айдаған Шөден деген бай өткен. Ұрпақтарының айтуынша, аталған қоныс, Мамыттың оңтүстік-батысы соның иелігінде болған. Алматпен өле-өлгенінше сыйласып кетіпті. Беделі зор, қадірлес би осы замандасына жәрдем еткен көрінеді жайылымдарды алуына. Кейін дүние салғанда сонда жерленген. Қазір Шөден аталады сол жер. Атау ҚР Ақтөбе облысының әкімшілік-аумақтық бөлінісі картасына енген. Шөденнен Теміралы туады. Ол әкесінен ерте айырлады. Есейе келе есепті дұрыс құра білетін ақылының, ұқыптылығының арқасында атадан қалған малдың басын қайта өсіріп, дәулеттенеді. Алайда совет өкіметі оны 1928 жылы және мұнан соң 1932 жылы тағы тәркілейді. Бес мыңға жуық ешкісі, үйір-үйір жылқысы, бірнеше келе түйесі, мыңға тарта сиыры болған. Көзіміз көрді. Совет өкіметі тұсында да үш жүздің үстінде ешкі ұстағанын. Жаманқалаға, Орынборға сапарлап тұратын. Барып түбіт өткізе-тұғын. Орыс тілін меңгерген кісі еді. Газет-журналдар оқитын. Теміралы Шөденұлы дүниеге 1887 жылы келген, 89 жасында бақи болды. Оның дәулеттеніп беделденуі есеп бойынша, 1907 жылдан бері. Міне осы кезден тұрақты қоныс қылуына байланысты пікіріміздің өзегі – Майдан қашқан кейін Теміралы байдың есімімен атала бастайды. Есеке де – оқиғадан беріректе орныққан атау. Ал Майдан қыздың шырғалаңы 1880 – 1883 жылдар аралығында өткен дедік. Олай болса, тұжырымымыз – дұрыс.

Бүгіндері Ақтөбе облысының Шалқар, Темір, Мұғалжар аудандарын жайлап отырған Әлім балалары Айт пен Бұжырдан өрген Тілеу мен Қабақ, Назар мен Шүрен рулары «Қыр Шектісі» аталғаны бір туған қарындасқа мәлім жағдай. Балқы Базардың да айтатыны бар:

«Қыр елінде жүргенде,

Жеуші едік жал мен жаясын.

Өлең айтып, ән салып,

Алушы ек ат пен маясын.

Сөйтіп жүрген Базекең,

Жеп жатыр жердің қаясын», – деп. Архивтік деректерде өлеңнің шығу тарихы былайша баяндалыпты: «Бір жылы Базар жыраудың елінде ашаршылық болып, құмда кеуек теріп жүрсе, бір байдың мырзасы жолығысып, «не істеп жүрсің?» дегенде айтқан бірқақпайы екен» (Қараңыз: Базар жырау Оңдасұлы. Жамиғы қазақ бір туған. – Алматы: «Дешті Қыпшақ», 2008 жыл, 173, 368 беттер). Оның Ырғыз даласын жайлағанына, кезгеніне бұл да бір куәлік. Тағы да айғақ берейік сөзімізге, ол «Күн жадырап көктемде…» деп басталатын толғау-өлеңінде бүй депті:

«Мал жинаған шаруалар,

Қызылды қыстап, Қыр жайлап,

Көші-қон жайын ыңғайлап,

Өзге кәсіп етпейді…» (Қараңыз: Балқы Базар. «Жұлдыз» журналы, №6, 2003 жыл, 184-бет). Осы толғауынан және бір сөзін келтіре кетейік, онда:

«Жазғы жайлау қонысқа,

Тіркеуін түзеп шаруалар,

Үдере көшіп беттейді.

Арқаның жазық жонында,

Алты ай жаздай тебіндеп,

Күз түсірмей кетпейді», – депті.

«Арқа» сөзінің әу бастағы мағынасы, оның қолдану реттіктері этимология ғылымында былайша анықталған: «Қазақ тіліне бір табан жақын қырғыздарда «арқа» тұлғасы «солтүстік», одан әрі якут тілінде «арғаа» – «батыс, батыс жақ», …тунгус-маньчужур тобындағы тілдердің кейбіреулерінде «аргаа» – «батыс», ал моңғолдарда: «ара» сөзі «сотүстік» сияқты ұғымдарды меншіктенеді… Демек, «Арқаның» алғашқы мағынасы қазіргі кездегі «батыс» не «солтүстік» ұғымы болмақшы» (Қараңыз:Ә. Нұрмағанбетұлы. Жер-судың аты – тарихтың хаты. – Алматы: «Балауса», 1994 жыл, 9-бет). Сонда Базар жырау Әлім-Шөменнің алты ай жаз жайлауы Ырғыз даласының орналасу орнын бағзыдағы қалыптасқан географиялық атауымен атап отыр. Яғни Сырдың, қазіргіше Қызылорда облысының солтүстігі, батысы дейді. Сонда күзге шейін отырушы едік дейді.

Бұлай қазбалап тәптіштеуіміздің себебі бір енеден туған қарындасқа ортақ Базар атамды тек өз ауылы төңірегінде қарастырудың бұрыстығын, шығармашылық болмысын, өмірбаянының нақты жақтарын тануда жаңсақтықтарға апаратынын еске салу еді. Біз де ақиқат шеңберінен шығып кетпеуді ойда ұстадық. Айтарымыз әлі де көп еді, осы тұстан үзгенді жөн санадық.

Иә, ағайын, осылай да осылай болған. Сіздер білсін деп таңбаладық, Сыр мен Қырды (немесе Арқаны) алма-кезек жырға кенелткен, бір кездері атақонысының бір пұшпағы Ырғыздың Мамытын жайлаған Базар атам ғұмырының тасада қалған беймәлім тұстарын.

Балқы Базар шығармаларының тұрпатына шолу

Базаржыраудың ой толғамын, сөйлем құру мәнерін, сөздік қорын бажайлай қарағанда оның ноғайлы дәуірі әдебиетінен, XV–XVIII ғасырдағы жыраулар поэзиясы мен XIX ғасырдың ортасына дейін ғұмыр кешкен тұлғалар шығармашылығынан тағылым-тәрбие алғаны ап-анық аңдалып тұр. Көп созбақтамай бұның нақты дәлелдеріне көшейік.

«Қобыланды батыр» жырында:

«… Асынғаны жанына

Қынабының сабы алтын,

Ұстар жері сап алтын,

Қынаптан шықса қылт еткен,

Суырып алса жылт еткен,

Шүберектей қуарған,

Қайтпасын деп тау-тастан

Заһарге салып суарған,

Балдағы алтын шар болат,

Шырағымның шыбын жан,

Жасаған саған аманат!

Ақсұңқар құс мақтанса,

О да бір күн кез келер

Құсбегінің торына» (Қараңыз: Ақсауыт (Батырлар жыры). – Алматы: «Жазушы», 1-том, 49-бет).

Базар жыраудың «Кермиық» толғауында:

«… Қынабында қылт еткен,

Суырсаң жүзі жылт еткен,

Сілтесең қолың сүйсініп,

Шегесі бостау сылқ еткен,

Нарды шапсаң бүлк еткен.

Итті шапсаң ыңқ еткен,

Қатарға қайтып қосылмас,

Тиген жері бұрқ еткен,

Әждаһаның тіліндей,

Өте шыққан білінбей,

Тасқа тартса қайтпайтын

Балдағы алтын айболат

Керегеде ілулі –

Кімдерден иесіз қалған жоқ?» (Қараңыз: Балқы Базар. //«Жұлдыз» журналы, №6, 2003 жыл, 180-бет).

Шалкиіздің «Ор, ор қоян, ор қоян» атты толғауында:

«Ор, ор қоян, ор қоян

Ор қоян атлы бір қоян

Он екі көжек атасы,

Қаудырқұлақ шал қоян,

Жүйрікпін деп мақтанба,

Жүйрікпін деп мақтансаң,

Ұзын жолдың үстінде

Оралып ойнап тұрған

О-дағы бір құба арланға жолығар» (Қараңыз: Бес ғасыр жырлайды. (Құраст. М.Мағауин, М.Байділдаев). – Алматы: «Жазушы», 1-том, 1984 жыл, 53- бет).

Базар жыраудың «Әр кемелге – бір зауал» толғауында:

«…Құлағын тіктеп елірген,

Жан жете алмайтын қуғанмен,

Жүйрікпін деп шелірген,

Керқұлан деген аң болар,

Аунаған жері шаң болар

Құйрығы жоқ, жалы жоқ

Көрген кісі таң болар.

Жер жазығын ұрлаған,

Шақпақ тасын қырлаған

Елеусіз жермен еңбектеп,

Бауырын тастақ қырнаған,

Білтелі мылтық қолға алып,

Жабындымен зырлаған,

Ұсынған оғы кетпеген,

Ол да бір атқышшыл сұмға кез болар!» (Қараңыз: Балқы Базар. //«Жұлдыз» журналы, №6, 2003 жыл, 184-бет).

Осындай сөз саптау, ой толғау ұқсастықтарын бірінен соң бірін келтіре беруге болады. Базартанушы ғалым С.Қосанның: «Ақынның бірқатар толғауларында Шалкиіз, Бұқар, Ақтамберді, Махамбет, Шал ақын жырларының сарыны сезілетінін айқын байқауға болады… Мәселен, Шалкиіздің «Ор, ор қоян, ор қоян» деп басталатын толғауы мен Базардың «Әр кемелге – бір зауал» атты шығармасының стильдік, лексико-семантикалық жақтарынан өзара ұқсас келуі – Сыр шайырының қарт жыраудан үлгі-өнеге алып, дәстүрлі жыр мектебінің ықпалында болғанын көрсетсе керек» — деуі еш даусыз әділ тұжырым (Қараңыз: Қосанов С. Базар жырау Оңдасұлының әдеби мұрасы. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін (2005ж.) дайындалған диссертациялық авторефераты, 18-бет). Оның бұл пікіріне бірер салыстырулар арқылы-ақ көз жеткізіп отырмыз мінекей.

Эпостарда, хандық дәуір поэзиясы тілдерінде тұрақты пайдаланылатын сөз тіркестері, сөйлемдер Базар туындыларында бастан аяқ орын алған. Сонымен қатар, шығармаларында Түркіменстан мен Қарақалпақстан қазақтарының һәм Атырау, Маңғыстау, Орал облыстары қолданысындағы диалектілердің де ара-тұра кездесіп отыруы Батыс өңірінде ғұмыр кешкен жыраулардың ақындық мектебін өнеге еткенін толық дәлелдеп тұр. Демек, оның жыр толғау әуен-сазы да бағзыдан сабақтасып келе жатқан ноғайлы заманының күй-әуездері үлгісінде болғаны айдан анық. Өйткені, Базардың тыңдап-естіп үйрену сабақтары өзіне үлгі қылған сол батыс аймақтың ақындық мектебінің ән созу дәстүрі жағдайында өткені шүбәсіз жайт. Олай болса, өнеге алған өнердің үрдіс-болмысын қаз-қалпында қабылдағаны және күмәнсіз. Пікірімізді қуаттайтын жайттар баршылық.

Базартанушы ғалым С.Қосан: «Базардың шығармашылық мұрасын талдай келгенде, жырау стилінде қазақтың батыс өңірінің, әсіресе, Махамбет пен оның айналасындағы ақындық мектептердің дәстүрі айқынырақ сезілетінін елемеу мүмкін емес», – дейді. (Қараңыз: Қосанов С. Базар жырау Оңдасұлының әдеби мұрасы. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін (2005 ж.) дайындалған диссертациялық авторефераты.18-бет). Бұл да – өте дұрыс пікір.

Базар Махамбетті ұстаз тұтқан. Дәлелдейік.

Махамбет:

«Бұл дүниенің жүзінде

Айдан көркем нәрсе жоқ –

Түнде бар да, күндіз жоқ,

Күннен көркем нәрсе жоқ –

Күндіз бар да, түнде жоқ.

Мұсылманшылық кімде жоқ –

Тілде бар да, дінде жоқ.

Көшпелі дәулет кімде жоқ –

Бірде бар да, бірде жоқ.

Азамат ерлер кімде жоқ –

Еріккен күні қолда жоқ.

Заманым менің тар болды –

Тура әділдік биде жоқ.

Бәрін айт та бірін айт,

Қаумалаған қарындас

Қазақта бар да менде жоқ», – дейді (Қараңыз: Бес ғасыр жырлайды. (Құраст. М.Мағауин, М.Байділдаев). – Алматы: «Жазушы», 1-том, 1984 жыл, 231- бет).

Ал Базар да:

«Айдан ару нәрсе жоқ,

Түнде бар да, күндіз жоқ.

Күннен ару нәрсе жоқ,

Күндіз бар да, түнде жоқ.

Мұсылманшылық кімде жоқ,

Ол тілде бар да, дінде жоқ.

Көшпелі дәулет, көп бейнет,

Біреуде бар да, бірде жоқ.

Іздегенмен таппайсың,

Өзі түгіл бұл кезде

Талайдың орны мүлде жоқ.

Ғалымның сөзін тұтпасаң,

Жәһилдің жолын ұстасаң,

Көретін шырақ шілде жоқ.

Іздемей-ақ әр жерден

Табылар талай жамандар

Бір жерге басы қосылған,

Екі жақсы елде жоқ.

Тұлғасын көріп көз тойған,

Туымына жұрт ден қойған

Төресін бұрмай тура айтқан,

Төбедей билер төрде жоқ…», – дейді (Қараңыз: Балқы Базар. //«Жұлдыз» журналы, №6, 2003 жыл, 177-178 беттер).

Махамбетке ұқсастығы бір мұнымен шектелмейді. Әлі де бар. Жарар, басқасына көшейік енді.

Базар ақын өлең-жырларының поэтикасына назар аударсақ, ол хандық дәуір жырауларының сөз саптау үлгісімен афоризмдерді пайдаланады. Мысалы:

«Жолдас болсаң жақсымен,

Жетеді қолың мақсатқа.

Жолдас болсаң нәмәртпен,

Аунатар бір күн батпаққа».

Немесе,

«Аз ғана оттап, көп жусар

Жүйріктің шықпас шарасы.

Аз ғана сөйлеп, көп тыңдар,

Адамның дегдар данасы».

Тағы біреуін келтіре кетейік.

«Жақсының сөзі сүйкімді,

Әбі гәусар бал судан.

Жаманның сөзі жағдайсыз,

Ызғары қатты ащы удан» (Қараңыз: Балқы Базар. //«Жұлдыз» журналы, №6, 2003 жыл, 177,179, 196 беттер).

Базар атамның тағы бір ерекшелігі – дүние жайлы пайымын мақал-мәтел пішінінде қалыптап, ойын ажарлап отырады. Құр сөз болмасын пікірімізді айғақтайық. «Уайым – ердің шегесі, Тәуекел – көптің кемесі», «Әр кемелге – бір зауал», «Әр заманның өзіне, Лайықты саз болар», «Өлім – күзер, өмір – жол», «Адам – бүркіт, ажал – жаң», «Иттің даусы жетпейді, Ұлығанменен аспанға» т.б. Қысқа әм нұсқа. Бейнелі. Үлгі-өнегелік мағынадағы ғибратты сөздер. Грамматикалық, логикалық жағынан мінсіз.

Шандоз жырдың тұмасы – Балқы Базар шығармашылығы хақындағы айтарымыз қысқа бір шолуда бітпесі анық, сондықтан, осы тұстан қайырайық. Ол жайында әлі де қозғалар әңгіме алда.


Бөрібай КӘРТЕН,

жоғары санаттағы музыка маманы,

қазақ тілі мен әдебиетінің магистрі,

Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің ұстазы

 

Пікірлер