Экотуризм әсем табиғатымызбен қатар тарихымызды танытудың бір жолы

3660
Adyrna.kz Telegram

Ә.Марғұлан атындағы археология институтының «Түркілер мұрасы» бөлімінің ғалымдары ұзақ жылдар бойы Жамбыл облысы, Мерке ауданы аумағында орналасқан ежелгі ескерткішті зерттеумен айналысып келеді. Осы қажырлы еңбектің нәтижесінда аудандағы археологиялық ескерткіштердің картасы жасалды. «Мерке» тарихи ескерткіштер желісі еліміз аумағында сирек кездесетін ескерткіштер тізіміне енгізілді. Түркістан, Тамғалы, Отырар т.б әлемдік маңызға ие ескерткіштермен қатар ЮНЕСКО-ның табиғи және тарихи мұралары тізіміне де ұсынылды. Осындай жерлер еліміздің көптеген аймақтарында кездеседі. Оларды қорғау мен елге таныту әлі де өзекті күйінде қалып отыр.

Ежелгі түркі ескерткіштерін біз Орхон, Енисейдің әр аймағында табылған саусақпен санарлық қорған төбелермен шектеп жүрдік. Ал әлі зерттеліп, құпия сырлары ашылмаған көптеген петроглифтер, андроповтық жерлеулер мен Беғазы-Дәндібай мәдениеті іспетті шоғырланған қорымдар, астрономиялық қорғандар мен Сақ дәуірінің қалдықтары, балбал мүсіндер, құлпытас пен дікілтас, діңгелтас, саған, күмбезді мазарлар, «мықтың үйі» деп аталатын тас қорымдар мыңдап саналады. Тасқа салынған суреттегі мамонтты, бауырымен жорғалайтын жыртқышты аулап жүрген адамдар бейнесі, жазу үлгілері мен түрлі таңбалар бабаларымыздың үнсіз сайрап тұрған тағдыры, халық тарихы.

Еуропалықтар қарапайым тұрмыстық заттардан бастап темір қорытуға дейінгі өркениеттің көптеген жетістіктерін халықтардың ұлы қоныс аударуы кезінде еуропаға барған көшпелі ғұндардан үйренгені өтірік емес. Осы айтылғандарға дәлел болатын археологиялық зерттеулер. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары академик А.П.Окладников Алтайдағы Ұлалы деп аталатын өзеннің жағасынан 200 мың жыл болған адам тұрағын тапты. Бұл көптеген халықтардың мәдениетінің осы жерден бастау алатынының айқын дәлелі еді.

Ол кезде түркі тарихы туралы айтуға болмайтын. Осылайша «Алтай», «Сібір»  мәдениеті деген атаулар шықты. Кезінде академик Әлкей Марғұлан ондаған ежелгі түркі қалаларын тапты. Бірақ бұл тақырыпты тоқтатуға тура келді. Мәскеуліктер Ұлы даланың жетістіктерін көргісі келмеді. Оларға «жабайы көшпенділер» туралы ғана тарих керек еді.

Қазақстан өзінің сандаған ғасырлық тарихында адамзат дамуының асылына айналған мәдени мұраларға өте бай. Жеріміздегі археологиялық ескерткіштердің көптігі бабаларымыздың отырықшы және көшпелі мәдениеттің өте жоғары деңгейде дамығанын көрсетеді.Ұлы даламыздың мәдени мұрасы санқырлы әрі сантүрлі. Бұл адам мен табиғаттың біте қайнасқан  үйлесімді тіршілігінен туындаған ерекше бітімін көрсетеді. Ежелгі тарихи ескерткіштер еліміз отарлауға түскен кезден келе бастаған әртүрлі мақсаттағы экспкдициялардың бүлдірушілігі мен тонауына түсе бастады. Қазына іздеушілер мен тарихымызды өшіруге негізделген солақай саясаттың кесірінен қорғандар мен қорымдар тоналып, балбал тас, сын тас, кіндік тас сынды мұралар талқандалып, құрылыс материалдары ретінде пайдаланылды.  Тың игеру кезінде соқаға жыртылып, шынжыр табанға тапталды.

Табиғи ескерткіштерді тауып, оларды қорғайға алу, қалпына келтіріп, ел игілігіне беру айтар ауызға ғана оңай. Кең даламыздағы қаншама белгісіз тарихи, табиғи ескерткіштер жер асты қазба байлықтарын алу мен шикізат өндіру кезінде бүлініп жатыр. Қазіргі ауылшаруашылық жерлерін түгендеуден кейін бос жатқан жерлерді айналымға енгізу мәселесі қаралып жатыр. Жерді ұзақ мерзімге жалға және жеке меншікке  беру кезінде ол жерде тарихи орындардың,  ежелгі замманнан қалған кез-келген мұралардың бар-жоқтығы ұқыпты тексерілуі керек. Осындай тарихи-мәдени құндылықтарды  сақтау, оған баратын жолдар мен рұқсат алу мәселелерін оңтайландыруды естен шығармаған абзал.

Қазір әлем бойынша экотуризмнің қарқынды дамуы тарихымызды түгендеумен  туризмді дамытуда  тарихи ескерткіштерді қалпына келтірудің маңызы арта түспек. Ал біз осы жағдайды тиімді пайдалана алып отырмыз ба? Жеріміздің тамаша табиғаты мен соның аясында тарихи-мәдени мұрамызды да көрсететін уақыт келді. Терең де бай тарихымызды әлемге танытудың осы бір жолын іске асыруда қапы қалмайық.


Ардақ БЕРКІМБАЙ  

 

Пікірлер