ZOOM бағдарламасы зұлым ба?

4796
Adyrna.kz Telegram

Білім берудің онлайн форматын бұрыннан пайдаланатын елдер көп. Онлайн білім беруді іске асыратын бағдарламардың танымалдылары - Skype, ZOOM, CISCO WEBEX, тағы басқалары.
Елімізге мына төтенше жағдай біраз нәрсені үйретіп жатыр, соның бірі - қашықтан білім беру және онлайн оқу.
Осыған байланысты ZOOM платформасының Қазақстандағы танымалдығы өте жоғары деңгейге шықты. Бірақ, 3 күннен бері ZOOM-ның зұлымдығы жайлы өсек жайылды, тіпті кейбір телеарналар отқа май құйып үлгерді, ере бастады.
Дәл осы кезде туындаған сұрақтарға ZOOM-ды қолданатын мекеме ретінде біраз үңіліп көрдік.
Енді сұрақ. ZOOM бағдарламасының иесі кім? Оның тарихы және қор биржасы қаншалық?
ZOOM платформасының негізін қалаушы - Эрик Юань (Юань Жың). АҚШ азаматтығындағы қытай. 90-ыншы жылдары Қытайдан кетіп, WebEx компаниясының негізін қалаушыларының бірі болған. 1997 жылы Cisco-ның вице-президенті болған. 2010 жылы WebEx сервисіне көңілі толмай, "дамыту керек" деген ұсынысы орындалмай, 2011 жылы бұл компаниядан кетеді. Солай ZOOM компаниясын 2011 жылы құрады. Бас офисі Калифорния штатында орналасқан.
Құрылған күннен бастап-ақ қолданушылары жылдан жылға өсе бастады. Қолдану оңайлығы мен қарапайымдылығынан Скайп одан бірнеше жыл ерте шықса да, бәсекеде тұра алмады. Zoom-ның негізгі бәсекелесі - бұрынғы Cisco Webex.

Алғашқы 2-3 жыл Zoom тегін үлгіні пайдаланып, кейін алғашқы ақылы пайдаланушысы Стэнфорд университеті болды. 2016 жылы басқа штаттан тағы офис ашып, 2017 жылы Австралия мен Ұлыбританиядан офистарын ашады.
Қазіргі уақытта бұл программаны АҚШ-тың Гарвард бастаған ірі университеттері, колледждер, мектептер, ірі компаниялар, корпоративті клиенттер қолдануда, онлайн жиналыстар жасау, дәрігерлер онлайн кеңес беру деген қызметтер де іске асады. Және бұл тек АҚШ-та ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде.
Ал, 2020 жылы коронавирустың арқасында адам сенгісіз көрсеткішке жетті. Қазір компания капитализациясы 43 млрд долларға жетті.

Жоғарыдағы ақпаратқа негізделсек, біріншіден, олар соншалық қауіпті болса, оны қолданып отырған АҚШ-тың әлемдік нарыққа танымал университет, колледж, компаниялары ақымақ па? Оларда жасырын ақпарат пен ұрланатын қаржы жоқ па? Бұл Zoom-ды зұлым деудің өтірігіне алғашқы себеп.
Екіншіден, соншалық үлкен компания қазақтың аз ақшасын не істесін? Біздің мұғалімдердің компьютерінде соншалық көп құпия бар ма? Бар болса, ол құпия осындай алпауыт компанияға керек пе?
Менің ойымша жоқ. Қызық та емес.
Оның үстіне біздің бүкіл жүрген тұрғанымызды барлық әлеуметтік желі жазады. Facebook, WhatsApp, VK-лардан органдар қалаған уақытта, қалаған ақпаратын ала алады. Google тіпті барлық жүрген-тұрғанымызды картаға сызып, тоқтаған уақытымызды санап көрсетіп отырады. Мұндайдан қорықсақ, смартфон ұстаудың қажеті жоқ деген сөз.

Тағы бір дүние, біздің оқушылардың базасы, ол kundelik.kz-те, оның базасы ресейлік dnevnik.ru-ға байлаулы. Дайындап беріп отырмыз ғой ақпаратты өзіміз, оның қасында жеке телефонымызда құнды не бар?
Енді, мұндай жалған ақпаратты шығарушылар кімдер болуы мүмкін? Және не үшін шығарды?
Олардың алғашқысы, өзіміздің қытай фобиямыз. Қытай деген сөзді естісек, үрейлене түсеміз. Бірақ, көбіміздің қолымыздағы смартфон сол елдің өнімі, ноутбук, планшет бәрі, бәрі де "Made in China".
Екіншісі, онлайн білім беру саласындағы бәсекелес компаниялардың, жұмысы жүрмей, кірісі кірмей отырған білім саласында контент жасаушы компаниялардың бәсекелестік жолдағы қара қадамы деп ойлаймын. Бұл - бәсекелестердің арасындағы ең сәтсіз қадам. Бұл қадамды ТМД кеңістігін жеке иемденгісі келетін орыс әлемі тұтатса, өзіміздегі білім контентін қалыптастырушы компаниялар ілесіп кетті. Содан, барып күллі ата-ана у-шу. Мектептер шуды баса алмай кетті.

Ең соңында, онлайн оқудан ел бойынша біртұтас бас тартып, қашықтан оқуға өтіп кетті. Негізі, интернет мүмкіндігі бар өңір онлайн оқи беру керек еді.
Әр нәрсенің қайыры, бұл төтенше жағдай да бізге біраз дүниені үйретті.

 

Аятжан Ахметжанұлы,

Республикалық QAZBILIM орталығының бас директоры

Пікірлер