Шымкентте коронавирусқа қарсы жұмыстар күшейтілді

1766
Adyrna.kz Telegram

Әлем жұртшылығын алаңдатқан коронавирусқа қарсы сақтық шаралары Шымкент қаласында да күшейтіліп жатыр. Бүгінгі таңда жергілікті билік қосымша профилактикалық шараларды қолға алды. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Оңтүстік – халқы тығыз орналасқан өңір. Сондықтан індеттің таралуын тоқтатпасақ, жағдайды ушықтырып аламыз» деп, жергілікті атқарушы органдарға карантин шараларының орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырған болатын. Осы орайда, біз оңтүстік өңірдегі ең ірі қала, еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент шаһарында Мемлекет басшысының аталған тапсырмасы қалай орындалып жатқанына тоқталып, 13-19 сәуір аралығында атқарылған жұмыстарға шолу жасап көрмекпіз.

Шымкентте 1 мамырға дейін бірқатар шектеу енгізілді

Коронавирустық инфекцияның (COVID-19) таралуына жол бермеу және эпидемиологиялық жағдайдың асқынуының алдын алу мақсатында Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 18 сәуірдегі №11 «Карантиндік шараларды күшейту туралы» қаулысы шыққан болатын.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлімдеуінше, аталған қаулыға сәйкес, Шымкент қаласының барлық аумағында 2020 жылдың 19 сәуірі сағат 00:00-ден бастап 01.05.2020 жылы сағат 07.00-ге дейін бірқатар шектеулер енгізілді.

- Атап айтсақ, айырбастау пункттерінің, микрофинанстық ұйымдардың қызметін онлайн жұмыс режиміне және «клиенттерге дейін жеткізу» принципі бойынша көшіру арқылы уақытша шектеледі. Сонымен бірге, қалада қоғамдық көліктер де жұмысын тоқтатады. 65 жастан асқан азаматтарға және 18 сегіз жасқа толмаған азаматтар тұрғын үйден ересек адамның сүйемелдеуінсіз шығуына тыйым салынды. Бұл ретте Шымкент қаласының полиция Департаментінің, Ішкі істер Министрлігінің Ұлттық гвардиясының, қорғаныс Министрлігінің әскери құрылымдарының күштерімен карантиндік аумақты патрульдеу тапсырылды, - деді қала әкімінің орынбасары М. Исахов.

Пікірлер