Сұрақ белгісімен басталған сөйлем леп белгісімен аяқталады...

3193
Adyrna.kz Telegram

Жұмырбасты пенденің әуелі қуанышын бейнелеуге асығатын лепті сөйлемдерді ұнататыны жасырын емес. Сымдай тартылған, тіп-тік, қасқайып, қайқайып тұратын, қойылған жерінің мән-маңызын арттырып, айбынын асырып көрсететін бұл айбарлы, маңғаз таңба бір қарағанда кербез кісідей көрінеді. Екі-үшеуі қатар келгенде сөйлемді тіпті түрлендіріп, дауысыңды ерекше көтеріп айтуға мәжбүрлейді. Кез-келген жай сөйлемнің өзін ұран мен үндеуге айналдыра алады. Сүйсінгеніңді, сүйінгеніңді сүйіншілеп тұрады. Бір нәрсенің аяқталғанын және оның жоғары деңгейде орындалғанын да айқындап береді. Бояуы қанық, бәдені бөлек, абыройы артық. Содан ба екен, кез-келген сөйлемнің соңына леп белгісін қоюға әуестене бастағандар бірте-бірте мақтануға, артық пафосқа берілуге, эмоцияның иіріміне түсіп, қиқулап қолпаштауға бейімделе кетеді.

Қайран Ақаң, «леп белгісі» деп қалай дәл тауып қойған. Екпіндеп келетін, өрекпіп шығатын, лепесінде ерекше лебі бар бұл белгінің айдарынан расында, жел есіп тұрады. Ал желі сөздің желөкпеге желік бітіретіні тағы бар. Кейде ол көздің жауын алатын сыңғырлаған сиқырлы сылдыр сөздердің мінсіз салтанатын сомдап, орашолақ одағай ойдың артынан сіресіп тұра қалады. Ондайда сымбаты сайыпқыран көрінгенімен бойында тәкаппарлық бұғып жатқан белгі мақтаншақтық ауылына жетелеп, киізкөкірек кісінің кеудесіне қиял қондырады. Сондықтан, мінбердің сәніне айналған бұл сұрапыл белгіге былайғы жұрттан гөрі, басшылар ынтық келеді.

Шынында мағыналы-мазмұнды сөйлемге бей-берекет леп белгісін жалғаса, ол ұранға айналып, алды-арты түйінделеді де қалады. Сол арқылы сөздің қадірі қашып, ғұмыры келте кескен жіптей қысқа, күрмеуге келмейді. Сондықтан соңына сұрақ ілеседі.

Сұрақ белгісі... Осы бір көзге қораштау көрінетін, басы иілген, белі бүгілген белгі базбіреулерге ұнамайтын да шығар. Сондықтан сансыз сауал арқалап жүретін сиықсыздау белгінің кейде сыйы да болмайды.

Дегенмен, сұрақ белгісінің пішініңде үлкен кішіпейілділік жасырынып жатқандай әдемі таңбаланған. Құдды сағағы дәнге толған бидайдай майысып, қарттық алқымдаған ақылы дария ақсақал қариядай иіліп тұрады. Тәңір алдында тізе бүккен тақуаға да ұқсайды. Дана халқымыз «жемісті ағаш жерге иіліп тағзым етеді, жетелі жігіт елге иіліп тағзым етеді» деп тегін айтпаса керек. Сондықтан сұрақ белгісі тақылеттес тұлғалар өмір бойы жауап іздеп жүреді. Ұлылықтың қарапайымдылықта екенін ескерсек, ізеттілік иіле білуде, кісілік те кішілік арқылы келеді. Тұнығын лайламаған, терең де тегеурінді кейіпте.

Сұрақтар үлкен өркениетті тудырады. Ол – ғылымның анасы іспетті. Сұрақ қойылмайтын қоғамда білік тежеледі, таным ортаяды. Қарапайым сұрақтар ұлы жауаптар күтеді. Сондықтан сұрақ белгісі – дамудың қайнар көзі. «Неге?» деген сауал бірте-бірте «қалай?» және «қашанға?» айналады. Осылай сұрақ қоймаса, ғылым дамымайды. Журналист сұрақ қоймаса, қоғамдағы түйткілдердің шимайы шешілмейді. Балабақшадағы бүлдіршін сұрақ қоймаса, тілі жетілмейді. Қызметкер сұрақ қоймаса, ұжым ілгерілемейді. Әрине, бұл ретте, дұрыс сұрақ қоя білу де үлкен біліктіліктің белгісі. Адамзат сұраққа жауап іздеген сайын ішкі өрімі шексіздікпен шектесе береді. Ал біз баламыз сұрақ қойса немқұрайлы жауап береміз. Бүлдіршін сұрақ қойса, тәрбиешісі тыйып тастайды. Сұрақ қойғыш шәкірт ұстазына жақпайды. Журналист қалам ұшында қалқыған сан сауалдың жауабын таппай дал. Қызметкер басшысына сұрақ қоюға қаймығады...

Бір сұрақ келесі бір сұраққа сәулесін түсіріп, жауаптың жүгін арқалап тұрады. Адам атадан бері мәңгілік тақырыпқа айналған сұрақтар қаншама. Ұршыққа оралған жіптей ұзын өмірдің бірте-бірте майшамдай еритіндігі аян. Сол қараңғылықты қақ айырған майшамның өзі сәл жанғаннан кейін иілгіш келетіні қызық. Алғашында леп белгісіне ұқсағанымен, бойына жылу тараған соң бір жағына қарай қисайып, сұрақ белгісіне айналып шыға келеді...

Сөздің сыры мағынасында емес, әуезінде деп қоңыраулатып сөйлеуге де болар еді. Алайда айдар-кекілін жаңа ғасырдың желі тартқан жас толқын артық мақтанның буына семіріп кете ме деген күдік те жоқ емес. Бүгінде кішкентай ғана жетістіктің астын үлкен сызықпен сызып көрсетіп, сөйлемнің соңына леп белгісін қоятындар көбейді. Дабыралық пен даңғойлық дендеп барады. Рас, сауал сансыз, жауап мәнсіз. Ұлы Абайдың аптасына не айына өзіңе бір рет болса да есеп бер дейтіні сондықтан. «Мен кіммін, қайдан келдім, қайда барам?» тақылеттес адамзатты руханият шыңына алып шығатын қанатты сұрақтар қайда?

Әсілі, кез-келген пенденің ғұмыры леп белгісімен тәмамдалуы үшін, адам алдымен тағдыр жолында кездескен сан сауалға жауап беруі керек шығар. Сонда сұрақ белгісімен басталған сөйлем леп белгісімен аяқталады...

Дархан Қыдырәлі,

"Егемен Қазақстан"

Пікірлер