«Мені сайлаған сендер емес!» деген депутат Божко "құдайын ұмытқан ба" ?

5656
Adyrna.kz Telegram

Әлеуметтік желі деген қызық қой, жалпы. Ақпараттың, айғай-шудың қайнаған ортасы. Сол әлеуметтік желіде біздің шенді-шекпенділердің де біразы "отырады". Расымен өздері отыр ма, жоқ әлдекімді «отырғызған ба», оны білу қиындау. Десек те, кімнің кім екенін жазбасынан танытатын осы әлеуметтік желіде депутат Владимир БОЖКО өте белсенді «отырады». Әрбір пікірге жауап беріп, есесін ешкімге жібермеуге жанталасып та отыратынын анық байқауға болады.

Міне, осы депутатыңыз таяуда фейсбук желісінде қоғам белсенділерімен қызу айтысты. Айтысқанда да, Божко тіпті, ашына айтысты. «Каникулда не бітіріп жатсыңдар?» деген қоғам белсендісі Бахытжан ТӨРЕҒОЖИНАНЫҢ сұрағына бұрқырай жөнелген Божко: «Сендерге есеп беруге міндетті емеспін! Мені сайлаған сендер емес!» деп салды. Мұны аз көрсеңіз, Вакең: «Сіз құрметтім бір нәрсені шатастырып отырған сияқтысыз. Маған дауыс берген жоқсыз, сайлаушым емессіз. Жұмыс берушім де сіз емес» деп шорт кесіпті. Божконың бұлай күркіреуі кімнің арқасында?Депутат халық қалаулысы деп жалаулатамыз. Қалап алған депутатымыздың сиқы осы ма?

Мына бір жазбасына назар аударып көріңіз. Божко сынағыш азаматтар туралы жазады да, оның сол  постына Саке Азамат деген кісі бар болғаны «Дардай шенеуніксіз. Неге сонша қате, қисынсыз жазасыз? Бәлкім, сізге сауатты жазатын көмекші алған жөн болар» деген сыңайда пікір қалдырады.  Бұл пікірге Божкоңыз атылып шығып «сіздерге ештеңе жақпайды. Ресейліктердің қазақстандықтарға көмек бергені де жақпайды. Сіз сияқтыларға Украинаның қоқысқа толған көрінісі ұнайды» деп бастап, ұзаққа дейін тоқтай алмайды. Ресейлік, Ресей туралы Азаматтың жазбасынан ештеңе байқамасақ та, Божконың мынау жазбасы оның бүйрегінің қайда бұратынын көрсетпей ме? Украинаның бұл жерде қатысы қанша? Сөзінің соңын Вакең «сіз сияқтылар ел басқаруға келсе, елді құрдымға кетіреді» деген сыңайда қорытады. Ау, сонда қалай? Елді құрдымға жібермей отырған Божко ма, «божко тектестер» ме? Өз ана тілімде қатесіз жазамын деген азаматтың сөзі ме, өзі ме Божконың шамына тиген? Әлде түпкі мақсаты билік басына қазақ тілінде сауатты жаза білетіндер жоламасын дегені ме?

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бұған дейін қызмет еткен  нән мекемелерде де Божконың бетінен қайтарар пәрмен шықпаған. Қазір де дәл солай екен. Каникулында не істейді, немен айналысады халықтың шаруасы болмауға тиіс. Есесіне сол қара халықтың есебінен ай сайын миллион теңгеге жуық жалақы алып жүр. Сіз бен біздің салыққа төлеген ақшамыз божколардың жалақысын құрайтынын білсек те, әрбір тиынға сұрау салуға хақымыз жоқ. Божко не айтқысы келеді, айта салады. Не істегісі келсе де, одан есеп сұрауға ешкімнің құқығы жоқ.

Бірақ Божконың жалақысы тұтас сақталып, қажет болса, еселеп өсе беруі керек.  Карантин деп үйде қамалып, жұмыссыз, ақшасыз, ендігі ашыға бастаған халықпен Божконың да ісі жоқ, халықтың да Божкода шаруасы болмауы керек. Божко тек шенеунік креслосын адаспай, дәл тауып барып, жайғасса куанып, шүкір айтып отыра беруіміз керек-ау? Дәрі таппай сандалсақ та, көршінің суына тұншығып жатсақ та, аурудан әр бұрышта өліп жатсақ та, божколарға үн қатуға хақымыз жоқ екен. Олай болса, бізге мұндай депутаттар не үшін қажет? Айына миллиондап жалақысын төлеп, креслоға қонжитып отырғызып қою үшін бе? Халықпен ісі жоқ, халқына есеп бермейтін депутаттар сонда кімге керек?

Меруерт ХУСАИНОВА,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер