Абай жолы

2264
Adyrna.kz Telegram

Кітапханалардың ауасы - ...

Әріптің әтірі!...
Майысқақ сөрелер...
Төбеде "жарық күні" - ақылы!...
Халықтың ақыны қалыпты сөреге жеткен,
Өреге жетпей, жұртынан, жалықты ма ақыры?!...

Аңыз бен Абыздар...
Кітаптар...
Сөздердің демі...
Айтатыны бар - қайтатын кездердің кері!...
"Баяғы жартас сол жартас" бағзы күндердің
Өзеурегені ме білмедім...
Өзгердім! - деді...

Сөздерден тұрады ойлармен сиқыр мұндағы!....
Кітапханалардың қаншасы ұйқымды ұрлады...
Өзгерген не бар?...Өмір - ай, бас көтертпейді
"Бас - басына би болған қиқым" жұрнағы!...

Жалғасып жатыр бұл өмір жаңа басталып,
Аласы алаяды, қарамен аралас халық!...
Қара өлең оқимын, қамықсам, қараңғы түнде
Толған ай туғанда тобығы жалаңаштанып!...

Өркениетіңе ал, енді қарашы өзгенің....
Өзгердім дейсің...
Өзгерген шамасы, өз демім!...
Қара шаңырақтың төрінен Ұлы Абай кетпесін,
Қара қазағымның күзеткен қара сөздерің!

Шайырдан қалған шым батып шер, нала, мұңға
Күн кешкен кітап ішінде, мен ғанамын ба?...
Ақыл іздесем - кітапқа кіріптар боламын,
Іздерің көремін, іздеген Телғараның да!

Жидегі піскен жырлардың Жидебайдағы
Аңыздың отыңа аңырап күйген айғағы!
"Іші - өлген, сырты - саулардың" санында бармын
Жастығым өткен жастық пен сүйген айнаны!

Бұл дәуір қайта айналып Алыпқа келді...
Алыптар алып шығады тамұқтан елді!...
Шарықтау шегі - аспан ба, азат құстардың?...
Көлеңкелері қасында қалықтап ерді!..

Көрегендігің де көремін Хәкім Абайдың...
Хәкім Абайға жыр жазсам, хатыма абаймын!
Әуезов келіп, әуелі тексеретіндей...
Сөзімнің бәрің санамда сахналаймын!

Қалың ойлардың бастайды тізбегің Арман...
Кітапқа қараймын...
Ішінде - біздегі жалған!...
Бабалар жолың жалғайын, бағаналы жұртта
"Өшпейтұғын артында іздері қалған!"

Шұғыла, нұрға боялған құбылам - жыр ма?!...
Бір ғасыр деген не тәйірі?..
Тірі Жамбыл ма?!..
Абай жолыңдай мәңгілік жол бере гөр, Алла
Ұлылар шеру құратын - Ұлы Даңғылда!

Әумин!

 

Алтынбек Елемесұлы

Пікірлер