Мұхтар Шерім. "Дыхалькасынан" ұрсам, ұйықтап қалады!

2777
Adyrna.kz Telegram

Құдайым–ау, әйелді де ұра ма екен? Әйелді сипалау керек, ашуыңды қиқалау керек, сабыр сақтау керек, өтірік болса да, «Жаныым!» деп мақтау керек. Ұру–ұру деген құру. Қасқыр сияқты ұлу.
Қатынның күші тілінде, еркектің күші білімде. Сіздің қарындасыңызды әпкеңізді күйеуі күнде сабап жатса, жаныңыз жайланып, ұртыңыз майланып, көз алдыңыз лайланып, жайбарақат жата бересіз бе? Сондықтан, әйелді ұрмаңыз, жәй, бетінен шымши салыңыз. Әйелді ұмаңыз, жәй иығынан «тістей» салыңыз. Әйелді ұрмаңыз, жәй, басынан сипай салыңыз, ашуыңыз шашылған төсектей болса, ретімен жинай салыңыз.
Ал енді, әйеліңізді әй–шайға қарамай, ұрып жығу, тепкілей салу нағыз надандық! Әлсіз жанға көрсеткен зорлық, зомбылық! Баяғының ескі қалдығы! Тісіңіздің арасында алты жыл бұрын қалып кеткен еттің қалдығы сияқты, ескіліктің есегі! Расында, кейбір еркектер жуан жұдырығына мақтанады, әйелі бірдеңе десе, бас салады! Шіреніп тұрады, онымен қоймай, қуалап жүріп ұрады. Балаларының көзінше, «мықтымын» дейді, өзінше! Кешіріңіз, кім еді, есіміңіз? Әйел– доп.Ұрған сайын секірееді. Әйел– кітап. Ұрған сайын, парақтары жыртылады. Әйел, сіз үшін тікенек болғанымен, бәрібір гүл. Ұрған сайын, солып қалады. Сол гүліңізді о баста иіскедіңіз ғой? Иіскеп жатып, уланып, өтірік болса да қуланып, құлап қалмадыңыз ба?
Әй, қасқа, қазір заман басқа. Әйелді біліммен ұр, көзіңмен құлатып сал, қабағыңмен қуала, кірпіктеріңмен қорқыт, тістеріңді шықырлатып биле, қандай жағдай боса да, әйеліңе тиме! Тіпті, болмай бара жатса, еркек екенсің, ашу үстінде құшақтай сал, жүйкең жынды болса, пышақтай сал, жымиып, күл, аулаға шығып кетіп, сарбаздардай «раз, дыба, раз, дыба! деп жүр. Ойбай–ау, әйеліңіз балаларыңыздың анасы, керек десең, панасы, ия, болады енді аласы мен қарасы... Солай екен деп, екіленіп, ертеңіңді ойламай, одыраңдап, ұрып жығу деген, сіздің саясатыңыздың сорпасы суып қалған деген сөз. Әйелге де саясат керек. Демократ болыңыз.Домкрат болыңыз. Оны көкке көтеріңіз. Көтеріп жатып, тастай салмаңыз, ондай жамандыққа бармаңыз, «Сүйіктім, сенің сорпаңның тұзы ащыыы емес, тәтті, сенің пісірген етің қаттыыы емес, менің балтырым сияқты жұмсаақ!» деп мақтап отыр, сөйтіп, береке бірлікті сақтап отыр.
"Дыхалкасынан бір ұрсам, ұйықтап қалады!"деп мақтана бермеңіз!

Мұхтар Шерімнің қышқыл сатирасы,

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер